ҚұрылтайБас тақырып

Ұлыс ұйысар, ұлағат тоғысар мезгіл

«Жүректің түріп құлағын, ойланып бір сәт қарашы. Кімсің сен, қайда тұрағың, енді қайда барасың?». Дүниеге ат оздырған әйгілі Омар Һаям данышпанның осы сауал байлар жыр жолдары талай естияр жанның көкейінде хаттаулы болар, сірә. Уақыт пен Бақыттың соңында көз талдырып жүрген әрбір жан иесі харекет хәлінде жүр бүгіндері. Жиынтығы — кемел келешектен. Егемен еліміз, бостан мемлекетіміздің әзіз ғұмырында тағы бір айтулы оқиға дарбазасының алдында тұрғандай осы күні. Ол – Құрылтай сайлауы. Аймауыт киінбесе де, сайлауыт ел баянды болашағы жолында үн қатпақ. Бөгенайы бөлек, тұрық-бітімі ерек аталған сайлау межесін задында хаттамалық рәсім дей салуға ауыз бармайды. Ұлы дала руһымен байрақ астына ұйыса білген ұлықты ұлттың жеті жиһанға ынтымақ, бірлігін танытар жалаулы күні-дүр! Бой тітіркеніп, ой тоғысар ордалы шақ. «Тебінгісі терге шірімесе» де (Дүр-Махамбет) «Ер төсектен безінер», алғы күнін сезінер 23 тамыз бұл.

Біз жолдағы бекет сынды бәтуәлі ғұмырымызда талайды көрдік десек, және асылық болар да. Асығыс айтылған сөлекет сөздің желге ұшқанын да, жүректен шыққан бір ауыз адал лебіздің тұтас жұртты игі іске жұмылдырғанын да бек сезіндік. Сондықтан, бүкпесіз айтайын. Құрылтай институты – жиһан бәйгесіне басын бәй тіккен мемлекеттік құрылымдағы ата-бабадан жеткен ежелгі даналыққа, кеңес құрудың, бір-бірін тыңдай білудің тағылымына қайта оралуы. Өйткені, уақыт төренің қандай-қандай долы дауылына да қаймана халық болып төтеп беру үшін дәл осы өзара ақылдасу мен өзара түсіністік қажет.

Келісті де кенішті өлкеміз  тарихтың талай белесін бастан өткерді. Халқымыздың бітімі бітік шықты. Арқа адамы сыбана еңбек етуді де, шыңдауылдай шындықты бетке айтуды да біледі! Сондығынан болар, бәлки, біздің берер дауысымыз ғасырдың көзінен, өмірдің өзінен өткен  салмақты сөз — айдан анық, күннен қанық ақиқат.

Құрылтай сайлауы – қаймана қазақтың ертеңіне деген сертті сенімі. Ел өзінің үргедек сезімін әрнеге әсемпаз болып қызықпай, ауылға да, қалаға да, тұтас елге де біркелкі аянбай еңбек ететін, нағыз азаматтарға аманат етеді. Нағыз диқан егінін егіп, еңбегінің өтеуін күтпестен, мол өнімге сенім артатыны секілді, ел сенімін арқалаған азамат та ортақ игілік жолында табанды еңбек етуі тиіс! Дәрігер миллионер болуды күтпейді. Ол науқасқа бір жұтым жақсылық сыйлайды. Мұраты сондай. Мен де таяу күндері таңдау жасайтын барша жерлестеріме үн қатқым келеді. Еншімізге берілген тиесілі һақ-құқымызға немқұрайды қарамайық әсте. Бірлік өздігінен орнай салмас. Ымыралы ынтымақты да кескін қылыштың жүзіндей шыңдап, ұзақ уақыт бойы адалдықпен, сабырмен, ортақ іске деген сеніммен қалыптайды.

Құрылтайға депутаттыққа үміткер ерлерге де айтарымыз бар. Өздеріңізбен бірге жекелеген амбицияларыңызды емес, жауапкершілікті ала барыңыздар. Елдің сөзін жеткізіңіздер! Тура айтылған, тағдыр тезінен өткен, бірақ болашаққа сенімі мол сөзді. Саналы адамның тағдыры өз халқының тағдырынан әсте бөлек болмас. Ел тағдыры – ермек емес, ерге жүк. Құрылтай төрінде қара қылды қақ жарған әділдік, жұртқа ортақ мұрат, ұлтқа қызмет ететін ұлағат үстем болсын! Ендеше, таңдауымыз таңғажайып тағдырға татитын, дауысымыз дәуірге жететін болғай!

Тұңғышбай МҰҚАН
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button