ҚұрылтайБас тақырып

Саяси жаңғырудың маңызды кезеңі

Қоғамда Құрылтай сайлауы төңірегінде түрлі пікірлер айтылып жатыр. Бұл – заңды құбылыс. Өйткені, кез келген саяси жаңашылдық жұртшылықтың қызығушылығын тудырады. Алайда, Құрылтай сайлауын бір ғана сайлау науқаны ретінде бағалау мәселенің ауқымын тарылтып жібереді. Оның негізінде еліміздің мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталған терең конституциялық реформалар жатыр.

Бұл реформалардың бастауы Мемлекет басшысының өткен жылғы Жолдауында қаланды. Сол кезде саяси жүйені жаңғырту, заң шығару қызметін жетілдіру, мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыру жөнінде нақты міндеттер қойылды. Арнайы жұмыс тобы құрылып, жан-жақты талқылаудың нәтижесінде жаңа Конституция қабылданды. Жаңа Ата заңның күшіне енуімен бірге еліміздің саяси архитектурасында бұрын болмаған бірқатар институттар дүниеге келді. Соның бірі – Құрылтай.

Президенттің Құрылтай сайлауын тағайындауы – жаңа Конституцияда белгіленген нормаларды нақты іске асырудың алғашқы кезеңі. Яғни, бұл – қағаз жүзіндегі өзгерістердің нақты саяси тәжірибеге ұласқан сәті.

Жаңа Құрылтайдың бұрынғы заң шығарушы құрылымнан өзгешелігі де осында. Бір палаталы өкілді орган 145 депутаттан тұрады. Ең басты ерекшелігі – депутаттар партиялық тізім бойынша сайланады. Қазіргі таңда жеті саяси партиядан 500-ден астам үміткер сайлаушылар сеніміне ие болуға ұмтылып отыр. Бұл – тұлғалардың емес, саяси бағдарламалардың, идеялар мен ұстанымдардың бәсекесіне жол ашатын модель.

Кейбір азаматтар «Неліктен бір мандатты округтерден бас тартылды? Бұл биліктің тәуелсіз кандидаттардан қауіптенгені емес пе?» деген сауал қояды. Мұндай пікірлердің тууын түсінуге болады. Бірақ, мәселенің мәні бұдан әлдеқайда терең.

Қазақ халқы «Жаяудың шаңы шықпас, жалғыздың үні шықпас» дейді. Өмірдің де, саясаттың да шындығы осылай. Бір мандатты округтен сайланған депутат қаншалықты білімді, тәжірибелі әрі белсенді болғанымен, күрделі заңдарды қабылдау немесе жүйелі реформаларды жүзеге асыру оңай емес. Заң шығару – жеке адамның ерік-жігерімен емес, ортақ жауапкершілік пен саяси келісім арқылы жүзеге асатын күрделі процесс.

Сондықтан, әлемнің көптеген дамыған демократиялық мемлекеттері партиялық өкілдік жүйесіне басымдық береді. Өйткені, бұл модельде жауапкершілік жеке кандидатқа ғана емес, тұтас саяси партияға жүктеледі. Сайлау кезінде берілген әрбір уәде партияның саяси міндеттемесіне айналады. Ал, бұл өз кезегінде бағдарламалардың орындалуына қоғамдық бақылауды күшейтіп, саяси жауапкершілікті арттырады.

Бүгінгі Құрылтай сайлауының мәні тек депутаттарды сайлаумен шектелмейді. Оның басты мақсаты – жаңа Конституцияның қағидаттарын өмірге енгізу, заман талабына сай заңнамалық негіз қалыптастыру және мемлекеттік басқарудың тиімділігін жаңа деңгейге көтеру.

Ең бастысы, кез келген саяси реформаның түпкі нәтижесі халықтың тұрмыс сапасымен өлшенеді. Егер қабылданған заңдар елдің әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға, экономиканың дамуына, азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге қызмет етсе, онда реформаның да, Құрылтайдың да тарихи миссиясы орындалды деген сөз.

Сол себепті, Құрылтай сайлауын Қазақстанның жаңа конституциялық даму кезеңін айқындайтын маңызды белес ретінде бағалауымыз қажет. Бұның мемлекетіміздің саяси жүйесін жетілдіруге, қоғамдық келісімді нығайтуға және әділетті әрі жауапты басқару қағидаттарын орнықтыруға бағытталған маңызды қадам екенін баса айтқым келеді.

Серікжан БАЙБОСЫНОВ,
Қарағанды облыстық Қоғамдық кеңесінің төрағасы,
ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қарағанды облысы бойынша филиалының директоры

 

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button