Аптап ыстықтан Шет ауданында екі дала өрті орын алды
Қарағанды облысының Шет ауданында аптап ыстық пен құрғақ ауа райына байланысты екі дала өрті тіркелді. Оның біреуі толық сөндірілсе, екіншісі оқшауланып, қазіргі уақытта өртті толығымен жою жұмыстары жүргізілуде.

ТЖД мәліметінше,Ақсу-Аюлы ауылдық округінде шыққан өрт 8 тамыз күні кешкі уақытта тіркелген. Өрт елді мекеннен 40 шақырым жерде орналасқан тасты аумақта таралып, 85 гектар жерді шарпыды. Мамандар екі күн бойы жұмыс жүргізіп, 10 тамыз күні сағат 17:45-те өртті толық сөндірді.
Оқиға орнына ТЖД, жергілікті атқарушы органдар мен орман шаруашылығының қызметкерлері жұмылдырылды. Барлығы 92 маман мен 16 техника тартылды.
Ал 9 тамызда Ақшоқы ауылдық округінде тағы бір дала өрті шықты. Ол Ақбауыр ауылынан 15 шақырым жерде тіркелген. Қазіргі таңда өрт оқшауланған, алайда оны толық сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, тілсіз жау 75 гектар аумаққа тараған.
Құтқарушылар жағдайды тұрақты бақылауда ұстап отыр. Мамандар тұрғындарды аптап ыстық кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға шақырады. Далада от жақпау, шөпті өртемеу және сөндірілмеген темекі тұқымдары мен сіріңкені тастамау қажет.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



