Қолдау қуат береді
Бес миллион теңге. Біреу үшін бұл – банк шотындағы кезекті сан ғана. Ал, енді біреу үшін – көптен күткен арманның бастауы. Бір баланың ем алуына жол ашатын оңалту орталығы. Ауылдан көшпей-ақ кәсіп бастауға мүмкіндік. Жастардың технологияға қызығушылығын арттыратын робототехника кабинеті. Ұмытылып бара жатқан ұлттық қолөнердің қайта жаңғыруына себеп болатын шағын өндіріс.

Қазір мемлекет кәсіпкерлікті дамытуды экономиканың ғана емес, қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз ететін негізгі бағыттың бірі ретінде қарастырады. Жұмыссыздықты азайтудың да, халықтың табысын арттырудың да, жаңа өндірістер ашудың да ең тиімді жолы – шағын және орта бизнестің дамуына жағдай жасау.
Әлеуметтік кәсіпкерлік – ең алдымен, адамға қызмет ететін бизнес. Мұнда бірінші орында табыс емес, қоғамдық мәселені шешу тұрады. Бір кәсіпкер ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған түзету кабинетін ашады. Екіншісі ауыл әйелдерін жұмыспен қамтып, ұлттық бұйымдар шығарады. Үшіншісі балаларды робот құрастыруға үйретіп, болашақ инженерлерді тәрбиелейді.
Өңірде бұл бағыттағы жұмыстар бірыңғай кешенді қолдау бағдарламасы аясында жүзеге асып келеді. Бағдарлама әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері мен «Бір ауыл – бір өнім» жобасының финалистеріне қайтарымсыз мемлекеттік гранттар бөлуді көздейді. Бір кәсіпкер ең көп дегенде бес миллион теңгеге дейін қаржы алады. Бұл қаражат жаңа бизнес ашуға емес, қолданыстағы кәсіпті кеңейтуге, құрал-жабдықтар сатып алуға, өндірісті жаңғыртуға және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталады.

Бір қарағанда бұл – кәдімгі мемлекеттік бағдарлама. Мәселенің мәні бөлінген қаржыда емес. Мәселе – сол қаржының қайда жұмсалып жатқанында. Мемлекет әр теңгенің қоғамға қайтарымы болуын көздейді. Сондықтан, грант кез келген адамға беріле салмайды. Әрбір жоба арнайы конкурс арқылы сараланады. Комиссия бірінші кезекте идеяның әлеуметтік маңыздылығына, нарықтағы сұранысына, маркетингтік зерттеуіне, өндірісті іске қосуға дайындығына, өнімнің бәсекеге қабілеттілігіне назар аударады. Жай ғана жақсы ой – жеткіліксіз. Оның нақты нәтижесі болуы тиіс.
– Қарағанды облысында микро және шағын кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Қазіргі таңда кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған бірнеше мемлекеттік бағдарлама іске асырылуда. Соның бірі – біздің басқарма арқылы жүзеге асырылатын Бірыңғай кешенді қолдау аясындағы көлемі 5 миллион теңгеге дейінгі мемлекеттік гранттар. Облыс басшылығының қолдауымен жыл сайын шамамен 50 жобаға 125 миллион теңге бөлінеді. Соңғы екі жылда 50 грант берілді. Гранттар конкурстық комиссияның шешімімен ғана тағайындалады және олар барлық кәсіпкерлерге емес, белгілі бір санаттағы үміткерлерге арналған. «Бір ауыл – бір өнім» жобасының финалистері мен әлеуметтік кәсіпкерлер тізіліміне енгізілген кәсіпкерлер қатыса алады. Бүгінде облыста 56 әлеуметтік кәсіпкер ресми тіркелген. Олар әлеуметтік қызмет көрсетіп қана қоймай, қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді шешуге үлес қосады, сондай-ақ, әлеуметтік осал топтағы азаматтарды жұмыспен қамтиды. Мұндай кәсіпкерлерге гранттан бөлек салықтық жеңілдіктер, бизнес-жоспар әзірлеу, бухгалтерлік және салықтық есеп жүргізу бойынша кеңестер, жобаларды сүйемелдеу сияқты қаржылай емес қолдау да көрсетіледі. Бағдарламаның ауқымы кеңейіп, «Бір ауыл – бір өнім» жобасы финалистерінің саны 5-тен 10-ға дейін ұлғайтылды. Әлеуметтік кәсіпкерлер тарапынан да бұл бағдарламаға қызығушылық жоғары, сондықтан биыл грант алушылар санының артуын күтіп отырмыз, – деді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Расул Қасенхан.
Көп жағдайда біз ресми ақпараттағы статистиканы оқып өте шығамыз. «50 жоба қолдау тапты», «241 миллион теңге бөлінді», «8 кәсіпкер грант алды» Бірақ, осы сандардың ту сыртында не тұрғанын ойланып көрдік пе? Бір ғана гранттың арқасында қанша адам жұмысқа орналасады? Қанша бала сапалы білім алады? Міне, мәселе осында.

2023-2025 жылдар аралығында Қарағанды облысында мемлекеттік грант есебінен 50 кәсіпкерлік жобаға жалпы көлемі 241 миллион теңге бөлінген. Оның ішінде, 2023 жылы – 30, 2024 жылы – 12, ал, 2025 жылы сегіз жоба қолдау тапқан. Бұл көрсеткішті жай ғана есеп ретінде қабылдауға болады. Осы елу жобаның әрқайсында ондаған адамның тағдыры тұр. Бірінде жаңа жұмыс орны ашылды. Бірінде жаңа өндіріс іске қосылды. Бірінде ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған қызмет пайда болды. Бірінде ұлттық өнім өндіріле бастады. Яғни, мемлекет бөлген қаржы экономикаға ғана емес, қоғамның өзіне жұмыс істей бастады.
Әлеуметтік кәсіпкерліктің ең үлкен жеңісі. Кәсіпкерліктің басты мақсаты – табыс табу деген түсінік қалыптасқан. Бұл – заңды. Бірақ, әлеуметтік кәсіпкерлік бұл қағиданы өзгертеді. Мұнда табыстан бұрын адамның мәселесі шешіледі. Теміртаудағы «Bala» балаларды оңалту орталығы – соның айқын дәлелі. Бұл – енді жүздеген ата-ананың баласын басқа қалаға сүйремей-ақ өз өңірінде сапалы қызмет алуына мүмкіндік деген сөз. Кейде бір ғана түзету кабинетінің ашылуы бір отбасының тағдырын өзгертеді. Ата-ана үшін баласының денсаулығынан маңызды ештеңе жоқ. Мемлекеттік қолдау кәсіпкердің ғана емес, тұтас қоғамның тынысын ашып келеді.
Орталық алты жыл бойы балаларға көмек көрсетіп келеді. Осы уақыт ішінде ұжым тәжірибе жинақтап, ата-аналардың сеніміне ие болды. Енді мемлекеттік гранттың арқасында түзету кабинетін ашып, қызмет көлемін кеңейтуді жоспарлап отыр.

– Орталығымыз 2020 жылдың қазан айында мемлекеттік-жеке серіктестік жобасы аясында ашылды. Алғашында 45 төсек-орынға есептелген орталықта неврологиялық, нейрохирургиялық, ортопедиялық, травматологиялық және кардиохирургиялық сырқаты бар балаларға оңалту қызметі көрсетілді. Бүгінде сұраныстың артуына байланысты орталықтың сыйымдылығы 51 төсек-орынға дейін ұлғайтылды. Мұнда 45 білікті маман еңбек етеді. 2024 жылдан бері әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісі ретінде тіркелдік.
Орталықта физиотерапия, емдік дене шынықтыру және массажбен қатар логопед, психолог, эрготерапевт сияқты мамандар кешенді қызмет көрсетеді. Біздің басты мақсатымыз – балалардың денсаулығын қалпына келтіріп қана қоймай, олардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасау.
2026 жылдың қаңтарында интерактивті жабдық сатып алуға арналған қайтарымсыз мемлекеттік грантты жеңіп алдық. Бұл – өңір үшін бірегей заманауи құралдардың бірі. Оның көмегімен психикалық және тілінің шығуы кешеуілдеген балалармен логопедтер мен психологтар жұмыс жүргізеді. Барлық сабақ ойын түрінде өтетіндіктен балалар қызығушылықпен қатысады. Соның арқасында сөйлеу қабілеті, ойлау жүйесі, зейіні мен мінез-құлқы кезең-кезеңімен түзетіледі.
Орталыққа келетін балалардың басым бөлігі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында ем қабылдайды. Яғни, дәрігердің жолдамасы арқылы 0-18 жас аралығындағы балаларға оңалту қызметтері тегін көрсетіледі. Ақылы қызмет түрлері де бар, бірақ, олар көбіне жекелеген сұраныстарға ғана қатысты. Денсаулығында кінәраты бар балалардың негізгі бөлігі мемлекет есебінен оңалтудан өтеді.
Мемлекеттік грант біз үшін үлкен қолдау болды. Интерактивті жабдықтың құны жоғары болғандықтан, мұндай техниканы өз қаражатымызға сатып алу қиын еді. Гранттың арқасында мамандардың жұмысын жаңа деңгейге көтеретін заманауи құралдарға қол жеткіздік. Бұл жабдық балалардың оңалту үдерісін әлдеқайда тиімді әрі қызықты етіп, көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік берді, – деді «Bala» балаларды оңалту орталығының басқарушы директоры Елена Ли.
Қазір әлемде ең қымбат ресурс – мұнай емес. Ең қымбат ресурс – білім, технология, адам капиталы. Осыны түсінген мемлекет балалардың инженерлік ойлауын дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Сол мақсаттағы жобаның бірі – 4kidsclub білім беру роботтехника орталығы. Гүлнар Шоқанованың жобасы мемлекеттік гранттың көмегімен жүзеге асқан.

– Орталығымыз 2023 жылдың қаңтар айында жұмысын бастады. Алғашында бірнеше ғана топ болса, бүгінде бес бағыт бойынша қызмет көрсетеміз. 2-3 және 4-5 жастағы балаларға арналған шағын балабақша, мектепке даярлық пен ұзартылған күн тобы, роботтехника үйірмесі жұмыс істейді. Алдағы уақытта шығармашылық бағыттар мен каллиграфия курстарын ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл орталықты ашу идеясы өз өмірлік тәжірибемнен туды. Өзім төрт баланың анасымын. Балаларымды түрлі үйірмелерге апарып жүргенде өңірде осындай орталықтың қажеттілігін байқадым. Мемлекеттік грант туралы кәсіпкерлерге арналған ортақ чаттардан білдім. Кейін роботтехника бағыты бойынша жоба ұсынып, грантқа қатыстым. Бұл идеяның тууына интернеттен көрген әсерлі оқиға себеп болды. Америкада алты жасынан роботтехникаға қызыққан бір жасөспірім жол апатынан кейін қолынан айырылып, кейін өзі бионикалық қолдың бірнеше үлгісін жасап шығарған. Аутизмі бар балалардың роботтехника арқылы өзіне деген сенімін арттырып, көпшілік алдында еркін өнер көрсете бастағаны мені ерекше шабыттандырды.
Грант қаражатына заманауи интерактивті тақта, мектеп жасына дейінгі балаларға арналған LEGO Education WeDo жиынтықтары, ересек оқушыларға арналған LEGO Mindstorms кешендері, ноутбуктер, планшеттер, проектор және басқа да қажетті техникалық құрал-жабдықтар сатып алдық. Бұл жабдықтар оқу процесін заманауи деңгейде ұйымдастыруға мүмкіндік беріп, балалардың қызығушылығын арттырды. Бұған дейін жұмысымыздың негізі болғанымен, орталықты толық жабдықтауға қаржылық мүмкіндік жеткіліксіз еді. Гранттың арқасында қажетті құралдардың барлығын алып, білім беру сапасын жаңа деңгейге көтердік. Алдағы уақытта роботтехника бағытын одан әрі дамытып, оқушыларымызды түрлі республикалық және халықаралық жарыстарға қатыстыруды жоспарлап отырмыз. Болашақта Қазақстанның намысын халықаралық деңгейде қорғайтын дарынды балалардың шығуына өз үлесімізді қосқымыз келеді, – деді Гүлнар Шоқанова.

Бұл орталықта балалар түрлі конструкторлармен жұмыс істейді, өз жобаларын жасап, жарыстарға қатысады. Командамен жұмыс істеуді, мәселені шешуді және шығармашылық ойлауды үйренеді. Бүгін ойыншық робот құрастырған бала ертең өндірістегі автоматтандырылған жүйені жасайтын инженер болуы мүмкін. Сондықтан, мұндай жобаларға жұмсалған қаражатты шығын деп емес, болашаққа салынған инвестиция деп бағалау керек.
Мемлекеттік қолдау алған жобалардың бірі – Дәмелі Ермекованың киізден дамытушы ойыншықтар мен қолөнер жиынтықтарын өндіру бастамасы. Жобаның басты мақсаты – табиғи материалдан жасалған сапалы әрі экологиялық қауіпсіз өнім шығару. Бұл бұйымдар балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға, ұсақ моторикасын жетілдіруге арналған. Жоба жаңа жұмыс орындарын ашып, отандық өнімнің үлесін арттыруды көздейді. Қазір нарықта шетелдік ойыншық көп. Бірақ, олардың бәрі ұлттық құндылықты дәріптемейді. Ал, қазақтың киізінен жасалған ойыншықтар мен шығармашылық жиынтықтары баланың дүниетанымына да әсер етеді.

– Менің негізгі мамандығым – түсті металлургия инженері. Дегенмен, қолөнерге бала күнімнен жақынмын. Бұл өнерді маған ата-анам мен әжелерім үйретті. 2010 жылы металлургия саласындағы жұмысымды тастауға тура келді. Өндірістегі қызмет толық уақытты талап етті, ал, мен үшін отбасы мен бала тәрбиесі бірінші орынға шықты. Ұлдарыма ши тоқуды, киізбен жұмыс істеуді, түрлі ұлттық ойындарды үйреттім. Сол сәттерді әлеуметтік желіге жариялап отырдық. Көпшілік менің бұл өнерді білетініме таңғалып, балалар мен ересектерге үйретуді сұрай бастады. 2020 жылы алғашқы сұраныстар пайда болып, 2021 жылдың тамызында өз қолөнер мектебімді аштым. Биыл оның ашылғанына бес жыл толады. Бастапқыда бұл уақытша іс шығар деп ойлағанмын. Алайда, сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Жаңа идеялар туындап, шығармашылыққа деген құлшынысым одан әрі күшейді. Бүгінде мектебімізге 8 жастан бастап кез келген адам келе алады. Жасқа шектеу жоқ. Ең үлкен шәкіртім 72 жаста болды. Ұлдар да, қыздар да білім алады. Қолөнер баланың ұсақ моторикасын дамытып, шыдамдылыққа, ұқыптылыққа, еңбекқорлыққа тәрбиелейді. Кейбір балалар болашақта хирург болуды армандайды, сондықтан қол икемділігін дамыту үшін арнайы келеді. Біз балаларға тоқу, тігін тігу, ши тоқу, киізді дымқыл және құрғақ тәсілмен өңдеу, кестелеу, жіп иіру, ұлттық және заманауи қолөнердің түрлі бағыттарын үйретеміз. Алғашында барлық бағытпен таныстырамыз, кейін әр бала өзіне ұнайтын саланы таңдап, сол бағыт бойынша тереңдетіп оқиды.
Кәсібімді дамытуға мемлекеттік гранттың үлкен көмегі тиді. «Бір ауыл – бір өнім» жобасы арқылы қатысып, 5 миллион теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантты жеңіп алдым. Бұл тек қаржылай қолдау ғана емес, сонымен қатар бизнесті жүргізу, өнімді сертификаттау, штрих-код алу, авторлық құқықты рәсімдеу сияқты маңызды бағыттар бойынша кәсіби оқытуға мүмкіндік берді. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен тәжірибелі мамандардан білім алдым.
Грант қаражатына лазерлік кесу станогын, қуатты ноутбук, түрлі түсті принтер және қалың киіз бұйымдарын тігуге арналған арнайы өнеркәсіптік тігін машинасын сатып алдым. Бұл жабдықтар жұмысымызды едәуір жеңілдетіп, өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік берді. 2024 жылы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ұлттық нақыштағы 18 сәндік сөмкеден тұратын авторлық топтамамды таныстырдым. Қазіргі басты мақсатым – өнімнің сатылымын арттыру, – деді Дәмелі Ермекова.
Мемлекеттік бағдарламалар туралы сөз болғанда көбіне миллиардтар айтылады. Ал, миллиардтың ішінде адамның тағдыры көрінбей қалады. Шын мәнінде, әр гранттың артында жаңа жұмысқа орналасқан жас маман тұр. арманын жүзеге асырған кәсіпкер тұр. Өңірдің дамуы да осындай бастамалардан басталады. Мемлекеттік гранттың ең үлкен нәтижесі – бөлінген қаржы емес, адамның өміріндегі өзгеріс.
Мемлекеттік қолдау кәсіпкердің ғана емес, тұтас өңірдің дамуына серпін беріп келеді. Кәсіпкерлік туралы сөз болғанда көбіне өндіріс көлемі, инвестиция мен экономикалық өсім жайында айтамыз. Алайда, кез келген экономиканың өзегі – адам. Зауыттың да, өндірістің де, бизнестің де түпкі мақсаты – халықтың тұрмысын жақсарту.

Мемлекет әлеуметтік кәсіпкерлікті тек экономиканы әртараптандырудың құралы ретінде емес, қоғамдағы өзекті мәселелерді шешудің тиімді тетігі ретінде қарастырады.
Аймақта соңғы үш жылда 50 кәсіпкерлік жобаға 241 миллион теңге көлемінде мемлекеттік грант бөлінді. Оның нәтижесін тек қаржы көлемімен өлшеу – жеткіліксіз. Бұл – жүздеген адамның тұрақты жұмысы, ерекше қажеттілігі бар балаларға көрсетілетін жаңа қызметтер, инженерлік ойлауды дамытатын білім беру орталықтары, ұлттық қолөнерді жаңғыртқан өндірістер. Әр жобаның артында кәсіпкердің еңбегімен қатар, қоғамның игілігіне айналған нақты нәтиже тұр.
Жамал СОВЕТҚЫЗЫ
«Орталық Қазақстан»



