Алаяқта айла көп
«Анашым, телефоным бұзылып қалды. Осы нөмірге шұғыл ақша аудара салыңызшы…». Бір қарағанда, бұл – жақын адамыңыздан келген кәдімгі хабарлама сияқты көрінеді. Мұндай хабарламаны алған көптеген ата-ана еш күмәнданбастан көмектесуге асығады. Алайда, бүгінгі күні тұтқаның арғы жағында балаңыз емес, оның дауысын, сөйлеу мәнерін, тіпті, бейнесін де жасанды интеллект арқылы айнытпай көшірген алаяқ болуы әбден мүмкін. Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы интернет-алаяқтардың да әрекет ету тәсілдерін түбегейлі өзгертті. Сондықтан, киберқауіпсіздік – бүгінде аса өзекті мәселе.

Технология дамыған сайын қылмыстың да сипаты өзгеріп келеді. Егер бұрын интернет-алаяқтар қарапайым жалған хабарламалармен шектелсе, қазір олар адамның дауысын айнытпай салып, бейнесін жасап, психологиялық қысым арқылы миллиондаған теңгені иемденуге тырысады. Сондықтан, бүгінде киберқауіпсіздік – тек ақпараттық технология мамандарының мәселесі емес, әрбір азаматтың күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналды.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 2024 жылы өңірде интернет-алаяқтыққа қатысты 794 қылмыс тіркелген. 2025 жылы бұл көрсеткіш 1526-ға дейін өсті. Ал биылғы жылдың сегіз айы ішінде 1036 дерек есепке алынды. Дегенмен, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 32,1 пайызға төмен.
Соған қарамастан, келтірілген материалдық шығын көлемі әлі де жоғары. Жыл басынан бері Қарағанды облысының тұрғындары интернет-алаяқтардың кесірінен шамамен 2,2 миллиард теңге жоғалтқан. Оның ішінде 50 миллион теңгеге жуық қаражат дер кезінде бұғатталып, жәбірленушілерге қайтарылды.
Полицейлердің айтуынша, қылмыстардың жалпы саны азайғанымен, дропперлікке қатысты деректер көп. Дропперлер – алаяқтар ұрланған ақшаны жасырып, оны қолма-қол ақшаға айналдыру үшін пайдаланатын адамдар. Мәселен, егер есепшотыңызға бейтаныс адамнан ақша түсіп, кейін оны басқа шотқа аударуды сұраса, мұндай ұсынысқа келіспеген жөн. Себебі, азамат өзі байқамай қылмыстық схемаға қатысушы болып, заң алдында жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Биыл өңірде 1396 алаяқтық фактісі тіркелсе, соның 1036-сы интернет-алаяқтыққа қатысты. Оның ішінде, 334 жағдайда алаяқтар өздерін банк қызметкері, құқық қорғау органы немесе мемлекеттік мекеме өкілі ретінде таныстырған. Ал, 314 тұрғын жалған инвестициялық жобаларға сеніп, ақшасынан айырылса, 123 дерек тауар мен қызмет үшін алдын ала төлем жасау кезінде орын алған.
Полиция департаментінің дерегінше, биыл облыста интернет-алаяқтықтың ең көп тараған түрі – банк қызметкері, құқық қорғау органы немесе өзге де ресми мекеме өкілі болып қоңырау шалу. Мұндай 334 қылмыс тіркелген.
Алаяқтар көбіне «Есепшотыңызға шабуыл жасалып жатыр», «Атыңыздан несие рәсімделді», «Жақыныңыз қиын жағдайға тап болды», «Арнайы операцияға көмектесуіңіз керек» деген сылтауларды пайдаланғанда адамның сенімін сына қағады. Ал, инвестициялық алаяқтықта «Аз ақша салып, көп табыс табасыз», «Ірі компанияның жобасына қатысасыз», «Бірнеше күнде жоғары пайда көресіз» деген жалған уәделер арқылы адамдарды алдайды. Мұнда басты қармақ – оңай олжа. «Аз ақша салып, көп табыс табасыз», «ірі компанияның инвестициялық жобасына қатысасыз», «Бірнеше күнде пайда көресіз» деген уәдемен аңғал адамды үміттендіреді.
Зардап шеккендердің бірі – Әлібек есімді азамат. Ол жалған инвестициялық ұсынысқа сеніп, 15 миллион теңгесінен айырылғанын айтты.
– Маған белгісіз адамдар хабарласып, атымнан несие рәсімдеуге әрекет жасалып жатқанын айтты. Қатты абдырап қалдым. Олар мұндай әрекетті тоқтату үшін белгілі бір сомада ақша салу қажет екенін айтып, психологиялық қысым көрсетті. Соның салдарынан екі банктен несие рәсімдеп, ақшаны алаяқтардың айтқан есепшоттарына аударып жібердім, – дейді қала тұрғыны.
Осыған байланысты Қарағанды облысында интернет-алаяқтықтың алдын алуға бағытталған республикалық «Hi-Tech» және «Анти-фрауд» жедел-профилактикалық іс-шаралары жүргізілуде. Полицейлер қылмыстың ізін суытпай ашумен қатар, тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыруға басымдық беріп отыр. Өйткені, алаяқтықпен күрестегі ең тиімді қару – сақтық пен сауаттылық.
Облыста жүргізіліп жатқан «Анти-фрауд» операциясының нәтижелері де бұл бағыттағы жұмыстың маңызын көрсетеді. Полицейлер ондаған интернет-алаяқтық дерегін ашып, миллиондаған теңгенің заңсыз айналымына тосқауыл қойды. Тергеу барысында дропперлер анықталып, заңсыз қаржы аударымдары бұғатталды, мыңдаған қауіпті интернет-ресурстың жұмысы тоқтатылды. Сонымен қатар, өңір тұрғындарымен жүздеген кездесу өткізіліп, ондаған мың ақпараттық жадынама таратылды.
– Қазіргі таңда алаяқтар өздерін банк қызметкері, құқық қорғау органы немесе ұялы байланыс операторы ретінде таныстырып, азаматтарды алдаудың түрлі тәсілдерін қолдануда. Тұрғындардың қырағылығы аса маңызды, – деді Қарағанды қаласы полиция басқармасының бастығы Шахназар Салин.
Мұның нақты мысалы жақында Қарағандыда тіркелді. 69 жастағы қала тұрғыны өзін банк қауіпсіздік қызметінің маманы ретінде таныстырған алаяқтың сөзіне сеніп, 16 миллион 300 мың теңге жинағын басқа қалаға жібермек болған. Бағына орай, оның мазасыз күйін байқаған такси жүргізушісі полицияға хабарлап, миллиондаған теңгенің қылмыскерлердің қолына түсуіне жол бермеді.
Бұл оқиға тағы бір маңызды шындықты көрсетті. Алаяқтар адамның ақшасын емес, ең алдымен, оның сенімін ұрлайды. Олар кәсіби психологтар секілді әрекет етеді: қорқытады, уақыт бермейді, шешімді дәл сол сәтте қабылдауға мәжбүрлейді. Осындай қысымға түскен адам көбіне жағдайды саралауға үлгермейді.
Дегенмен, мамандарды алаңдататын жаңа қауіп бар. Ол – жасанды интеллектінің қылмыстық мақсатта қолданылуы. Қазір арнайы бағдарламалар адамның дауысын бірнеше секундтық жазбаның өзінен-ақ дәл көшіре алады. Тіпті, бейнеқоңырау арқылы сөйлесіп тұрған адамның өзі жалған болуы мүмкін. «Дауысын естідім», «бейнеқоңыраумен сөйлестім» дегеннің өзі қауіпсіздіктің кепілі емес.
Осындай жағдайда ең сенімді қорғаныс – асығыс шешім қабылдамау. Егер жақыныңыз немесе банк қызметкері атынан қоңырау шалынса, әңгімені тоқтатып, ресми нөмір арқылы қайта хабарласқан дұрыс. Ешқашан SMS-кодтарды, банк картасының деректерін немесе құпия сөздерді бөтен адамға беруге болмайды. Ал, күмән туындаған жағдайда бірден «102» нөміріне немесе банктің ресми байланыс орталығына хабарласу қажет.
Жаңа технология адам өмірін жеңілдетуге арналған. Бірақ, оны қылмыскерлер де өз пайдасына жаратып отыр. Сондықтан, жасанды интеллект дәуірінде ең құнды қорғаныс – қырағылық, цифрлық сауаттылық және әрбір ақпаратқа сын көзбен қарай білу.
Бүгінде күмәнді нөмірлерді анықтап, бұғаттаумен айналысатын арнайы call-орталық тәулік бойы жұмыс істейді. Жүйе күн сайын шамамен 3 мың күмәнді қоңырауды тіркейді. Оның ішінде, орта есеппен 2800 қоңырау алаяқтық әрекет ретінде анықталып, жедел түрде бұғатталады.
Аида РАХЫМҚҰЛ,
«Ortalyq Qazaqstan»
ҚАРАҒАНДЫ



