Құрылтай

Дәстүрден демократияға дейін

Қазақстан 2026 жылғы 23 тамызда ел тарихындағы жаңа саяси институт – Құрылтай депутаттарын алғаш рет сайлайды. Бұл – заң шығарушы органның атауын ғана өзгерту емес. Бұрынғы Мәжіліс пен Сенаттан тұратын екі палаталы Парламенттің орнына бір палаталы жоғары өкілді орган құрылып, депутаттарды сайлау тәртібі, заң қабылдау үдерісі және билік институттарын қалыптастыру тетіктері қайта қаралды. Сондықтан, алдағы дауыс беру кезекті парламенттік науқаннан гөрі жаңа конституциялық модельдің іс жүзіндегі алғашқы сынағы болмақ.

Атауы тарихи, міндеті заманауи

Жаңа Конституцияда Құрылтай заң шығару билігін жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының жоғары өкілді органы ретінде бекітілді. Бұрын Мәжіліс пен Сенаттан тұратын екі палаталы Парламент жұмыс істесе, енді оның орнына бір палаталы Құрылтай келеді. Депутаттарды сайлау тәртібі, заң қабылдау рәсімі, мемлекеттік институттарды қалыптастыру тетіктері де жаңарды. Сондықтан, бұл сайлау тек партияларды таңдаумен шектелмейді. Ол – Қазақстанның жаңа парламенттік моделіне берілетін алғашқы қоғамдық баға.

Жаңа Конституция бойынша Құрылтай заң шығару билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді орган. Оның депутаттары жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланады. Яғни, жаңа органның саяси салмағы мен заңдылығы азаматтардың тікелей таңдауына сүйенеді.

«Құрылтай» атауы қазақтың саяси тарихына бөтен емес. Тарихта Құрылтай көшпелі халықтардың, соның ішінде, қазақтардың ең жоғарғы мемлекеттік, әскери және саяси жиыныделінеді. Ежелде және қазақ хандығы дәуірінде құрылтайда ел үшін ең тағдыршешті, аса маңызды мемлекеттік мәселелер қаралатын. Атап айтқанда, ру-тайпа басшылары мен беделді адамдар бас қосатын кеңес алаңы болған. Қазіргі Құрылтай сол тарихи институтты сол қалпында қайталау үшін емес, ұлттық саяси дәстүр мен заманауи парламентаризмнің сабақтастығын көрсету үшін таңдалды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Парламентке Құрылтай атауын беру арқылы елдің саяси жүйесінде тарихи атауды маңызды мемлекеттік институттың символы ретінде сақтауды ұсынған. Реформаны әзірлеген жұмыс тобы да жаңа органның атауы оның өкілеттігі мен саяси салмағына сай болуы керек деген ұстанымға келген.

Құрылтай 145 депутаттан құралады. Олар бес жыл мерзімге сайланады. Сайлау толықтай пропорционалды жүйемен, яғни, партиялық тізімдер бойынша өтеді. Заң жобалары үш оқылымда қаралады. Сондай-ақ, жаңа орган бірқатар жоғары мемлекеттік институттарды қалыптастыруға қатысады.

Бұл жерде басты өзгеріс – бір палаталылықтың өзінде ғана емес. Құрылтайға заң шығару, Үкімет қызметіне парламенттік бақылау жасау және мемлекеттік органдарды қалыптастыруға қатысу өкілеттіктері бір орталықта беріледі.

Бұрын Мәжіліс халықтың тікелей өкілдігін қамтамасыз етсе, Сенат өңірлердің мүддесін білдіретін. Заң жобалары алдымен Мәжілісте, кейін Сенатта қаралатын. Бұл жүйе заңды екі рет сүзгіден өткізуге мүмкіндік берді. Сонымен бірге,шешім қабылдау уақытын ұзартып, кейде екі палатаның қызметінде қайталанатын тұстардың пайда болуына алып келді.

Жаңа модельде заң екі палата арасында жүрмейді. Оның орнына Құрылтайдағы үш оқылым, салалық комитеттердің жұмысы және құқықтық сараптама негізгі сүзгі болуға тиіс.

Сайлаудың салмағы партияларға түседі

Алғашқы Құрылтай сайлауы бұрынғы Мәжіліс сайлауынан ең алдымен таңдау формасымен ерекшеленеді. Бұған дейін тұрғындар партиялық тізіммен қатар бірмандатты округтегі нақты кандидатқа да дауыс бере алатын. Енді ел аумағы біртұтас жалпыұлттық сайлау округі саналып, негізгі бәсеке партиялар арасында өтеді.

Бұл жүйеде сайлаушы белгілі бір адамның беделіне ғана емес, тұтас саяси ұйымның бағытына баға береді. Партияның бағдарламасы, кадрлық құрамы, қоғамдық беделі, бұрынғы уәделерінің орындалуы және ел дамуына қатысты ұсыныстары шешуші маңызға ие болады.

Демек, саяси партиялардың жауапкершілігі артады. Олар сайлау қарсаңында ғана белсенділік танытатын ұйым емес, қоғамдағы түрлі мүддені жинақтайтын, мамандар даярлайтын және мемлекеттік саясаттың балама бағыттарын ұсынатын тұрақты институтқа айналуға тиіс.

Сайлау жалпыұлттық сипат алғандықтан, партиялар бір өңірдің немесе бір әлеуметтік топтың мәселесімен шектеле алмайды. Олар экономика, инфляция, ауылды дамыту, тұрғын үй, білім, медицина, қауіпсіздік, экология және мемлекеттік басқару жөнінде тұтас бағдарлама ұсынуы қажет.

Жаңа жүйенің тағы бір ерекшелігі – Құрылтайда арнайы тағайындалатын депутаттардың болмауы. Бұрын Сенаттың бірқатар депутаты Президент квотасымен тағайындалатын. Енді барлық мандат сайлау нәтижесі арқылы бөлінеді. Әйелдерге, жастарға және мүгедектігі бар адамдарға қатысты талаптар партиялық тізімдерді қалыптастыру кезінде ескеріледі.

Алайда, толық пропорционалды жүйенің өз талаптары бар. Егер партиялық тізім жабық жасалып, кандидаттарды іріктеу түсініксіз болса, сайлаушы мен депутаттың арасы алшақтауы мүмкін. Сондықтан, тізімнің ашықтығы, партияішілік демократия, өңірлік өкілдік және кандидаттардың қоғам алдындағы есептілігі ерекше маңызға ие.

Ықшам жүйе – зор жауапкершілік

Қазақстанның бір палаталы модельді таңдауына бірнеше себеп бар. Біріншісі – заң шығару үдерісін ықшамдау. Екі палаталы жүйеде бір заң жобасы Мәжіліс пен Сенатта жеке-жеке қаралатын. Бір палаталы органда талқылау мен шешім қабылдау бір орталықта жүреді. Бұл экономикалық, әлеуметтік немесе қауіпсіздікке қатысты жедел шешім қабылдауды жеңілдетуі мүмкін.

Алайда, жылдамдық сапаның орнына жүрмеуге тиіс. Сондықтан, заң жобаларын үш оқылымда қарау тәртібі маңызды. Алғашқы оқылымдарда құжаттың мазмұны талқыланса, кейінгі кезеңде оның заңнамалық және құқықтық тұрғыдан дұрыс рәсімделуі тексеріледі.

Екіншісі – саяси жауапкершілікті айқындау. Екі палаталы жүйеде белгілі бір шешім үшін жауапкершіліктің қай органға тиесілі екенін қоғам әрдайым анық аңғара бермейді. Бір палаталы Құрылтайда заңды кім ұсынды, қай партия қолдады, қандай депутат дауыс берді – бәрі айқын көрінуге тиіс.

Өкілеттік бір органға шоғырланған сайын есептілік те күшеюі қажет. Депутаттардың дауыс беру нәтижелері, комитет қорытындылары, фракциялардың ұстанымы мен Үкіметке қойған талаптары қоғамға ашық болуы керек.

Үшіншісі – Парламенттің мемлекеттік басқарудағы орнын жаңарту. Құрылтай тек заң қабылдайтын орган ретінде қалмауы тиіс. Ол республикалық бюджетті бекітіп, оның орындалуын бақылауға, Үкімет мүшелерінің есептерін тыңдауға, парламенттік тыңдаулар өткізуге, мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесін бағалауға міндетті.

Конституциялық сот, Орталық сайлау комиссиясы, Жоғары аудиторлық палата секілді маңызды институттарды қалыптастыруға қатысуы да Құрылтайдың саяси салмағын арттырады. Демек, бір палаталы модель өкілеттігін нақтылау және жауапкершілігін күшейтуге бағытталуы керек.

Әлемдік тәжірибе нені аңғартады?

Бір палаталы Парламент – Қазақстанға ғана тән тәжірибе емес. Мұндай үлгі әлемнің көптеген мемлекетінде бар. Бірақ, әр ел оны өзінің тарихи, саяси және аумақтық ерекшелігіне қарай қалыптастырған.

Швеция 1971 жылы екі палаталы жүйеден бір палаталы Риксдагқа көшті. Бүгінде заң жобалары парламенттік комитеттерде егжей-тегжейлі қаралып, содан кейін жалпы отырысқа шығарылады. Бұл елдің тәжірибесі бір палаталы жүйеде кәсіби комитеттердің орны ерекше екенін көрсетеді.

Финляндияда бір палаталы Парламент ХХ ғасырдың басынан бері жұмыс істейді. Мұнда заң жобалары бойынша сарапшылар тыңдалып, комитеттік талдау терең жүргізіледі. Яғни, бір палаталылық пікірталастың аздығын емес, негізгі сараптаманың комитеттер деңгейіне ауысуын білдіреді.

Жаңа Зеландия да 1951 жылы жоғарғы палатасын таратып, бір палаталы жүйеге көшті. Қазіргі Парламент халық өкілдігін қамтамасыз етеді, заң қабылдайды, Үкімет қызметін бақылайды және мемлекеттік шығындарды бекітеді. Елде пропорционалды сайлау жүйесі де қолданылады.

Бұл тәжірибелерден шығатын ортақ қорытынды бар. Бір палаталы Парламенттің табысты болуы оның құрылымына ғана емес, ішкі жұмыс сапасына байланысты. Күшті комитеттер, ашық талқылау, оппозиция құқықтары, тәуелсіз сараптама және парламенттік бақылау болмаса, ықшам жүйе тиімді жүйеге айнала алмайды.

Жаңа модельдің артықшылықтарымен қатар тәуекелдері де бар. Бұрын Сенат Мәжілістен өткен заңдарды қайта қарап, қосымша сүзгі қызметін атқаратын. Енді оның орнын үш оқылым, кәсіби сараптама және қоғамдық талқылау басуы тиіс.

Тарихи таңдау нақты жұмыспен өлшенбек

Алғашқы Құрылтай депутаттарының жауапкершілігі ерекше. Олар тек жаңа шақырылымның өкілдері емес, жаңа саяси институттың жұмыс дәстүрін қалыптастыратын алғашқы құрам болмақ.

Олар Құрылтай регламентін іс жүзінде сынайды, үш оқылымдық заң шығару тәртібін орнықтырады, комитеттердің рөлін айқындайды, Үкіметпен қарым-қатынастың жаңа үлгісін қалыптастырады. Депутаттардың ашықтығы, кәсібилігі мен қоғам алдындағы есептілігі кейінгі шақырылымдарға өлшем болады.

Сайлаушы үшін де жауапкершілік артады. Енді таңдау партиялық бағдарламаларды салыстыруды талап етеді. Азамат партияның экономикалық бағытын, әлеуметтік мәселелерге ұсынған шешімдерін, өңірлік мүддені қорғайтын кандидаттарын және бұрынғы қызметін саралауы керек.

Бір палаталы немесе екі палаталы болу мемлекеттің саяси сапасын өздігінен анықтамайды. Негізгі өлшем – сайлаудың әділдігі, партиялар арасындағы шынайы бәсеке, депутаттардың кәсібилігі, Үкіметке пәрменді бақылау және қоғаммен тұрақты байланыс.

2026 жылғы 23 тамыздағы сайлау – жаңа депутаттарды ғана анықтайтын күн емес. Бұл – Қазақстанның жаңа парламенттік моделіне берілетін алғашқы қоғамдық мандат.

Құрылтайдың беделі оның тарихи атауымен емес, қоғамның күрделі мәселесін ашық көтеріп, сапалы заң қабылдап, Үкіметтен нақты есеп талап ете алуымен қалыптасады. Ал, реформаның нәтижесі жаңа органның қаншалықты ықшам құрылғанымен емес, халықтың үнін қаншалықты дәл жеткізгенімен өлшенбек.

Салтанат ІЛИЯШ
“Ortalyq Qazaqstan”

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button