Бітімгерлік бірлікті қуаттайды
Қазақ халқы дауды ушықтырмай, сөзге тоқтап, бітіммен шешуді ежелден елдіктің белгісі санаған. «Тура биде туған жоқ», – деген қағиданы ту еткен билер институты тек төрелік айтумен шектелмей, араз ағайынды табыстырып, ел ішінің тұтастығын сақтаған.Бүгінгі медиация да – сол дала даналығының заманауи құқықтық жалғасы.«Медиация туралы» Заңның күшіне енгеніне биыл 15 жыл толды. Осыған орай, облыстық медиация кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.«Диалог, сенім және медиация: Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының құндылықтарын іске асыру» тақырыбындағы басқосуға мемлекеттік органдар өкілдері және қоғамдық медиаторлар қатысты.

Жиында медиация институтының жүріп өткен жолы, бүгінгі жетістігі мен алдағы міндеттері талқыланды. Отырысты облыстық медиация кеңесінің төрағасы Дмитрий Полтаренко жүргізді. Ол медиацияның қазіргі қоғамдағы маңызына тоқталып, бейбітшілік әр азаматтың күнделікті жауапкершілігінен басталатынын атап өтті.
– Медиация – қазіргі әлемдегі бейбіт диалог қалыптастыруға бағытталған маңызды құрал. Оның қайнар бастауында қазақтың билер институтынан жалғасып келе жатқан бітімгерлік дәстүрі жатыр. Біз – әртүрліміз, бірақ теңбіз. Қазақстан – баршамызға ортақ үй. Егер осы ортақ шаңырақтағы татулық пен келісімді нығайтуға өзіміз күш салмасақ, қоғамға алауыздық енгізгісі келетіндер көп. Сондықтан дауды ушықтырмай, оның алдын алу және жұртты өзара түсіністікке шақыру – бәрімізге ортақ міндет, – деді Дмитрий Полтаренко.
Облыстың ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов «Этномедиация саласындағы ведомствоаралық өзара іс-қимыл: тиімділікті арттырудың сын-қатерлері мен жолдары» тақырыбында баяндама жасап, азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастырып, дау-дамайдың алдын алудың маңызын атап өтті.
– Қоғамдағы өзекті мәселелерді осы саланың білікті мамандарымен бірге талқылап, олардың алдын алу жолдарын қарастыру қашан да маңызды. Бүгін айтылған орамды ойлар қағаз жүзінде қалып қоймай, нақты іске ұласуға тиіс. Медиация – құқық бұзылғаннан кейін ғана қолданылатын тәсіл емес, дау-дамайдың өршуіне жол бермейтін тиімді құрал. Осындай кездесулер мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасындағы байланысты нығайтіп, ортақ жауапкершілік мәдениетін қалыптастырады, – деді Нұрлан Рахметоллаұлы.
«Zolotaya seredina-SM» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, кәсіби тренер-медиатор Света Шардарбекова облыстағы медиация институтының жетістіктері мен өзекті мәселелеріне тоқталды.
– Қазіргі уақытта өңірде «Қақтығыссыз қоғам: медиация – дауларды шешудің баламалы тәсілі» әлеуметтік жобасы жүзеге асырылып жатыр. Оның мақсаты – тұрғындарға медиацияның мүмкіндіктерін түсіндіріп, кез келген келіспеушілікті сотқа жеткізбей-ақ бейбіт жолмен реттеуге болатынын көрсету. Жоба аясында азаматтарға құқықтық кеңестер беріліп, мемлекеттік қызметшілерге, педагогтерге, психологтерге және жастарға арналған семинарлар мен кездесулер тұрақты түрде өткізіліп келеді, – деді ол.
Бұдан кейін облыстық соттың апелляциялық сатысының судьясы Динара Мутубаева отбасылық дауларды шешудің заманауи құқықтық модельдері туралы баяндады. Ал әлеуметтану ғылымдарының кандидаты, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің қауымдастырылған профессоры Анжела Инжиголян медиацияның әлеуметтік қақтығыстардың алдын алудағы рөліне тоқталды.

Жиын соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, медиация институтын одан әрі дамытуға қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Сонымен қатар қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайтуға белсенді үлес қосып, медиация институтының дамуына елеулі еңбек сіңірген бірқатар маман облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының алғыс хатымен марапатталды.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»



