Қарағандыда МӘМС аясында заңсыз алынған 22 млн теңге анықталды
Әлихан Бөкейхан ауданы прокуратурасы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі шеңберінде медициналық қызметтердің көрсетілуі мен бөлінген қаражаттың заңды жұмсалу мәселесі бойынша медициналық ұйымның қызметіне тексеру жүргізді.

Тексеру барысында 2023–2025 жылдар аралығында жүктілікті жасанды түрде үзуге байланысты көрсетілген медициналық қызметтер үшін пациенттерден негізсіз ақы алу фактілері анықталды. Аталған қызметтер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі шеңберінде тегін көрсетілуге тиіс.
Анықталғандай, медициналық ұйым әйелдердің өз қалауы бойынша жүктілікті жасанды түрде үзу қызметін көрсеткен. Оны бір мезгілде ақылы қызмет ретінде рәсімдеп, бекітілген ақылы қызметтер прейскурантына сәйкес касса арқылы төлем қабылдаған. Сонымен қатар, іс жүзінде көрсетілген бұл қызметтер «Кешенді медициналық ақпараттық жүйе» және «Стационарлық науқастардың электрондық тіркелімі» ақпараттық жүйелеріне МӘМС аясында көрсетілген қызмет ретінде енгізілген.
Нәтижесінде, сақтандырылған тұлғалар болып табылатын және МӘМС жүйесі шеңберінде медициналық көмек алуға құқығы бар пациенттер заңмен кепілдендірілген құқықтарын пайдалану мүмкіндігінен негізсіз айырылған. Медициналық қызметтердің ақысын өз қаражаты есебінен төлеуге мәжбүр болған. Соның салдарынан олардың мүліктік құқықтарына зиян келтірілген.
Тексеру нәтижесінде медициналық қызметтер үшін қосарланған төлемнің 775 фактісі анықталды. Азаматтардан негізсіз өндірілген қаражаттың жалпы сомасы 22 миллион теңгені құрады.
Анықталған заң бұзушылықтар бойынша прокурорлық қадағалау актісі енгізілді. Қазіргі уақытта 300 әйелге жалпы сомасы 9 млн теңге қайтарылды. Қалған қаражатты қайтару жұмыстары жалғасуда.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz



