АймақБас тақырыпҚарағанды

Идея индустриялық игілікке айналады

Бір кездері Қарағандыны барша жұрт көмірдің астанасы ретінде таныды. Бұл атау өңірдің өндірістік әлеуетінің символына айналды. Алайда, уақыт өзгерді. Бүгінде елдің экономикалық қуаты табиғи ресурстармен ғана емес, адам капиталымен, инновациямен және шығармашылық әлеуетпен де өлшенеді. Осы тұрғыдан алғанда креативті индустрия әлемдік экономиканың қарқынды дамып келе жатқан салаларының біріне айналып отыр. Облыста жұмысын бастаған «Сарыарқа Creative Hub» шығармашылық қауымдастықты біріктіріп, креативті индустрияның дамуына жаңа серпін беруде.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

 Жаңа орталықтың жарқын қадамы

Креативті индустрия – идеяны өнімге, талантты табысқа айналдыратын экономиканың жаңа бағыты. Оның құрамына дизайн, кино, анимация, сәулет, сән индустриясы, музыка, қолөнер, графикалық дизайн, бағдарламалау, ойын индустриясы, SMM, мобилография, цифрлық контент өндірісі және басқа да шығармашылық салалар кіреді. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, мұндай экономика жаңа жұмыс орындарын құрып қана қоймай, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, ұлттық мәдениеттің дамуына да серпін береді. Соңғы жылдары елімізде де бұл бағытқа ерекше көңіл бөлініп келеді. Мемлекет шығармашылық кәсіпкерлерді қолдау, гранттар бөлу және креативті орталықтар ашу арқылы саланың дамуына жағдай жасауда. Облыста осы саясаттың нақты көрінісі ретінде «Сарыарқа Creative Hub» креативті орталығы жұмысын бастады.

Бұл – шығармашылық адамдардың басын қосып, олардың идеясын нақты жобаға, дайын өнімге әрі табыс көзіне айналдыруды мақсат еткен жаңа алаң. Мұнда суретшілер, дизайнерлер, қолөнершілер, режиссерлер, музыканттар, фотографтар, ІТ мамандары, контент жасаушылар мен жас кәсіпкерлер бір ортада бас қосып, тәжірибе алмасып, бірлескен жобаларды жүзеге асыра алады.

Хабтың құрылуына өңірдегі шығармашылық қауымдастықтың осындай ортаға деген сұранысы негіз болды. Соңғы жылдары жүргізілген зерттеулер Сарыарқа өңірінде талантты жастардың аз еместігін көрсетті. Алайда, олардың басын біріктіретін, жобаларын дамытуға мүмкіндік беретін тұрақты алаң болмағандықтан, көптеген идея жүзеге аспай келген. Жаңа орталық осы олқылықтың орнын толтыруды көздейді. Шығармашылық адамның басты мәселесі көбіне таланттың жоқтығы емес, оны дамыту мен нарыққа шығарудың жолын білмеуінде. Бірі сурет салады, бірақ оны сатудың тетігін білмейді. Екіншісі қысқаметражды фильм түсіреді, алайда оны қайда ұсынарын білмейді. Үшіншісі ұлттық нақыштағы бұйым жасайды, бірақ нарыққа шығудың мүмкіндігін таппайды. Осындай жағдайда идея мен мүмкіндік арасындағы көпірдің рөлін дәл осы хаб атқарады.

 Орталықтың жұмысы облыстық Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасымен бірлесіп жүзеге асырылады. Мұндағы негізгі міндет – шығармашылық идеяның дүниеге келуінен бастап оны коммерцияландыруға дейінгі барлық кезеңде қолдау көрсету. Мұнда шығармашылық жобаларды әзірлеу, білім беру бағдарламалары, маркетинг, өнімді нарыққа шығару, актерлік шеберлік, дубляж, дизайн, сән индустриясы, қолөнер және басқа да бағыттар қатар дамытылуда. Бүгінде хабтың есігі шығармашылықпен айналысатын кез келген адамға ашық. Мұндағы басты мақсат – білім беру ғана емес, пікірлес адамдардың басын қосатын қауымдастық қалыптастыру. Шығармашылық орта жаңа идеялардың тууына, тәжірибе алмасуға және бірлескен жобалардың жүзеге асуына ықпал етеді.

Жастар қайда бет бұрып жатыр?

Кейінгі жылдары жастардың қызығушылығы да айтарлықтай өзгерді. Егер бұрын көпшілік дәстүрлі мамандықтарға ұмтылса, бүгінде цифрлық контент өндірісі, мобилография, графикалық дизайн, SMM және ІТ бағыттарына сұраныс артып келеді. Осы өзгерісті ескерген хаб түрлі курстар, тренингтер мен шеберлік сабақтарын тұрақты ұйымдастырады. Соның бір мысалы – жуырда волонтерлерге арналған SMM бойынша өткен шеберлік сабағы. Оған отызға жуық жас қатысып, тәжірибелі мамандардан білім алды. Сабақтан кейін қатысушылардың бірі орталық командасына қосылып, алдағы іс-шараларда контент өндіруге ниет білдірген. Бір қарағанда шағын ғана оқиға болғанымен, дәл осындай кездесулер болашақтағы үлкен жобалардың бастамасына айналады.

 Тағы бір маңызды жоба – Qazyna School жеке мектебінің негізін қалаушы Дәмелі Ермекова ұйымдастырған отбасы институтын нығайтуға арналған шығармашылық шеберлік сабақтары. Жобаның ерекшелігі – ата-ана мен баланың бірге уақыт өткізуі арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Хаб өкілдерінің пікірінше, жастарды дұрыс бағытқа баулу шығармашылықпен қатар қоғамның рухани дамуына да ықпал етеді.

Идеяны іске айналдыратын мүмкіндік

Бүгінде жас кәсіпкерлер мен креаторларға арналған гранттар, субсидиялар және түрлі қолдау бағдарламалары бар. Алайда, көптеген жастар бұл мүмкіндіктер туралы толық біле бермейді. Бірі жоба жазуға қиналса, енді бірі өз өнімін қалай дамыту керектігін білмейді. Осындай жағдайда орталық кеңес беріп қана қоймай, республикалық және халықаралық гранттарға қатысуға, өтінім әзірлеуге және жобаны дамытуға жан-жақты қолдау көрсетеді.

Орталықтың тағы бір ерекшелігі – түрлі саланың мамандарын бір ортаға біріктіруі. Мұнда суретші дизайнермен, дизайнер ІТ маманымен, режиссер музыкантпен, қолөнерші маркетологпен бірлесіп жұмыс істей алады. Осындай шығармашылық серіктестіктің нәтижесінде жаңа идеялар мен жобалар дүниеге келеді. Мемлекеттік қолдау бағдарламаларына белсенді қатысып жүрген азаматтардың бірі Дәмелі Ермекова жүзеге асырылып жатқан «Ұлт қазынасы» жобасының жаңа легінде ментор ретінде қатысып, Сарыарқа өңірінің ауылдарын аралап, шығармашылық қабілеті жоғары жастарды іріктеп, олармен жеке жұмыс жүргізуде. Бұл – ауыл жастарының әлеуетін дамытуға бағытталған бастамалардың бірі.

Орталықта білім беру бағдарламалары, тренингтер, дәрістер, шығармашылық кездесулер мен шеберлік сабақтары тұрақты өткізіледі. Дизайнерлер мен қолөнершілерге арналған көрмелер, жәрмеңкелер және шоурум форматындағы алаңдарды дамытуға да басымдық беріледі. Мұндай мүмкіндіктер шығармашылық өнімді көпшілікке таныстырып, тұтынушымен тікелей байланыс орнатуға жол ашады. Қазірдің өзінде хаб экожүйесіне 366 креатор бірігіп, оның 77-сі ресми қатысушы ретінде тіркелген. Осы уақытқа дейін мұнда 50-ден астам іс-шара ұйымдастырылды. Олардың қатарында шеберлік сабақтары, форумдар, көрмелер, шығармашылық кездесулер, кино көрсетілімдері мен питчингтер бар. Бұл көрсеткіштер өңірде креативті қауымдастықтың қалыптасып келе жатқанын аңғартады, деді «Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қорының Қарағанды облысы бойынша өкілі Рустам Танишпеков.

Технология мен таланттың тоғысы

Хаб жұмысы тек бүгінгі күнмен шектелмейді. Орталық өңірдегі креативті индустрияны ұзақ мерзімді дамытуға бағытталған жобаларды қолға алған. Соның ішінде кино өндірісі мен цифрлық технологияларға ерекше көңіл бөлінуде. Сол жобалардың бірі – «Dayan» эксперименттік мистикалық фэнтези фильмі. Оның басты ерекшелігі – фильм өндірісінде генеративті жасанды интеллект технологияларының қолданылуы. Картина Қарағандыдағы «Сарыжайлау» кинотеатрында көрерменге жол тартып, өңірде жаңа технологияларды пайдалана отырып кино түсіруге болатынын дәлелдеді.

Бүгінде орталық базасында 3D модельдеу, цифрлық визуализация және креативті контент өндірісі бағыттары да дамып келеді. Бұл технологиялар кино саласымен ғана шектелмей, сәулет, білім беру, жарнама және дизайн салаларында да кеңінен қолданылады. Алдағы уақытта хаб білім беру бағдарламаларын кеңейтіп, шығармашылық питчингтерді, көрмелерді, жәрмеңкелерді және кино жобаларын көбейтуді жоспарлап отыр. CGI, VFX, 2D және 3D анимация, моушн-дизайн бағыттарын дамыту көзделген. Бұл – халықаралық еңбек нарығында сұранысқа ие заманауи мамандықтар.

Орталықтың тағы бір маңызды бағыты – дубляж индустриясын дамыту. Болашақта қазақ және орыс тілдерінде шетелдік фильмдерді дыбыстау, сондай-ақ қазақстандық контентті халықаралық аудиторияға бейімдеу жоспарланып отыр. Дебюттік фильмдерді қолдау, авторлық киноны дамыту, кинофестивальдер ұйымдастыру және шығармашылық өнімдерді халықаралық деңгейге шығару жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге аспақ, – дейді  Рустам Танишпеков.

Хабтың басты жетістігі – өткізілген іс-шаралардың саны емес, шығармашылық адамдардың бір-бірімен байланыс орнатып, жаңа жобаларды бірге жүзеге асыра бастауы.

Орталық мамандары шығармашылыққа қызығатын жастарға үш маңызды қағиданы ұсынады. Ең алдымен, бастауға қорықпа, екіншіден, шығармашылықпен қатар цифрлық технологияларды, маркетинг пен кәсіпкерлікті меңгеру, үшіншіден, пікірлес адамдармен бірлесіп жұмыс істеу. Шығармашылық орта адамның кәсіби дамуына жаңа мүмкіндік ашады.

Өңірде креативті индустрия енді ғана қарқын алып келеді. Дегенмен, өңірдің басты артықшылығы – талантты жастардың көптігі. Сол талантты біріктіретін орта қалыптасып келеді. Ендігі міндет – осы әлеуетті тиімді пайдаланып, шығармашылықты өңір экономикасының маңызды қозғаушы күшіне айналдыру. Өйткені бүгінгі қоғамдағы ең құнды ресурс – адамның ойы мен идеясы. Ал, қолдау тапқан идея ертең жаңа өнімге, жаңа брендке, жаңа жұмыс орнына ұласады. Креативті индустрия – болашақтың ғана емес, бүгінгі күннің де экономикасы.

Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button