Қарқаралыда Тоқтар Әубәкіровтің 80 жылдық мерейтойы басталды
Ғарышты бағындырған батырын Алаш жұрты дәл қазақы қалыппен ұлықтап жатыр.
Қарқаралының баурайы бүгін мереке думанына бөленді. Қазақтың тұңғыш ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның «Халық Қаһарманы» Тоқтар Әубәкіровтің 80 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтуде. Батырға деген халықтың құрметі Қарқаралы төрінде ұлттық рухпен астасқан үлкен думанға ұласты.

Мерекенің негізгі алаңына айналған «Qarqaraly Go» этноауылында алпыс ақшаңқан киіз үй бой көтеріп, алыс-жақыннан келген ағайынға ақ дастарқан жайылды. Таң сәріден басталған той ұлттық спортпен қыза түсті. Балуандар қазақ күресі мен қол күресінен боз кілемде белдессе, мергендер садақ атудан сынға түсуде. Күннің екінші жартысында Жаңанегіз атшабарында құнан бәйге, топ бәйге және аламан бәйге ұйымдастырылып, тұлпарлар дүбірі Сарыарқаны жаңғыртпақ.
Батырдың мерейтойына лайық бәйгелерге де қомақты жүлде қоры қарастырылған. Ұйымдастырушылар ұлттық спорт түрлерінің жеңімпаздарына бес бірдей автокөлік тіккен. Қазақ күресінің екі салмағында топ жарған балуандарға және ат жарыстарының жеңімпаздарына темір тұлпар табысталады. Бұл – ел мақтанышы болған тұлғаға көрсетілген құрметтің, ұлттық спортқа деген айрықша жанашырлықтың айқын көрінісі.

Мерекенің салтанатты ашылуында Қарқаралы ауданының әкімі Саят Мусин сөз сөйлеп, Тоқтар Әубәкіровтің мерейтойы туған жер үшін ғана емес, күллі қазақ елі үшін тарихи мәні зор күн екенін атап өтті.
– Бүгін біз мақтанышымыз, тұңғыш ғарышкеріміз Тоқтар Әубәкіров ағамыздың 80 жылдық мерейтойын туған жері – киелі Қарқаралыда атап өтіп жатырмыз. Бұл – барша қазақ халқының ортақ қуанышы, – деді аудан басшысы.
Салтанатты жиынға Қазақстанның Халық қаһарманы, ғарышкер Айдын Айымбетов арнайы қатысып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Осы орайда аудан халқының атынан ғарышкерге қазақы дәстүрмен сәйгүлік ат мінгізіліп, ерекше құрмет көрсетілді.

Ал, мерейтой иесі Тоқтар Әубәкіров өз кезегінде туған жерінің төрінде көрсетілген зор қошеметке тебірене алғыс айтып, туған халқына ақжарма тілегін жеткізді.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
Ortalyq.kz



