Жаңалықтар

Азаматтық ұстанымның айғағы

Елдің ертеңі – әр азаматтың таңдауынан басталады. Сайлау –халықтың мемлекет ісіне қатысуының, ел болашағына деген жауапкершілігінің жарқын көрінісі. Әсіресе, алдағы Құрылтай сайлауы – қоғамдық пікірдің тоғысар, елдік мүдде таразыланар маңызды кезең. Осы саяси науқан қарсаңында дайындық барысы, сайлаудың ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету тетіктері туралы облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Қайрат Нұркеновпен әңгімелескен едік.

Сурет Қайрат Қаршығаұлының жеке мұрағатынан

– Қайрат Қаршығаұлы, Құрылтай сайлауына дайындық жұмыстары қалай жүріп жатыр?

– Ең алдымен, бұл сайлаудың тарихи мәні зор екенін атап өту керек. Реформаның нәтижесінде бұрынғы Мәжіліс пен Сенаттың орнына заң шығарушы биліктің жаңа әрі біртұтас жоғары органы – Құрылтай құрылды.
Сайлауға дайындық жұмыстары бекітілген кестеге сай. Барлық 4331 учаскелік сайлау комиссиясының мүшесін 22 тамызға дейін оқыту жоспарланған. Қазірдің өзінде 23 оқыту семинары өтіп, 1169 комиссия мүшесі қамтылды. Биылғы аймақтағы жаңашылдықтың бірі – аумақтық сайлау комиссиялары көршілес өңірлердегі комиссия мүшелері үшін көшпелі семинарлар өткізді.
Теміртау, Балқаш қалалары мен Нұра ауданындағы өнеркәсіптік кәсіпорындарда жаңадан 4 сайлау учаскесі ашылып, құрамы мен ғимараттары толық белгіленді. Ол мүмкіндік биылғы Сайлау туралы заңнамаға өзгеріс енгізгеннен кейін пайда болып, сол кәсіпорындарда жұмыс істейтін сайлаушылар дауыс беру үшін ыңғайлы жағдай жасалуда.

– Облыста Құрылтай сайлауын өткізу үшін қанша сайлау учаскесі жұмыс істейді?

– Облыс аумағында жалпы 639 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Оның ішінде 35-і – уақытша болу орындарындағы (ауруханаларда, әскери бөлімдерде, тергеу изоляторларында, қарттар үйлерінде және өнеркәсіп орындарында) учаскелер.
Аймақта 653 комиссия (14 аумақтық және 639 учаскелік) жұмыс істейді. Сайлау комиссияларының құрамын Конституциялық заңға сәйкес, тиісті мәслихаттар қалыптастырады. Сайлау процесіне жалпы 4 429 комиссия мүшесі қатысады (аумақтық комиссияларда – 98, учаскелік комиссияларда – 4 331 мүше). Комиссия құрамы негізінен білім беру, әлеуметтік сала, сондай-ақ, басқа да салалар өкілдерінен жасақталған.

– Биылғы Құрылтай сайлауында облыс тұрғындары электронды түрде дауыс бере ала ма?

– Жоқ, биылғы сайлауда электронды түрде (онлайн) дауыс беру қарастырылмаған. Азаматтар дәстүрлі форматта сайлау учаскелеріне барып, бюллетень арқылы дауыс береді. Дегенмен, цифрлық технологиялар сайлау үдерісін жеңілдету және халыққа тиімді қызмет көрсету үшін кеңінен қолданылуда.
Атап айтсақ, сайлаушылар саны 1 мыңнан асатын 349 ірі учаскеде азаматтардың тіркеуін онлайн тексеру функциясы іске қосылады. Бұл үшін әр учаскеде 2 комиссия мүшесі арнайы бекітілген.
Одан бөлек, тұрғындар қай сайлау учаскесіне жататынын sailau09 Telegram-боты арқылы немесе облыстық ақпараттық ресурстардағы «Өзіңді сайлаушылар тізімінен тап» баннері арқылы жылдам әрі ыңғайлы біле алады.

– Сайлау учаскелерінің ашық әрі заң талаптарына сай жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін қандай байқау және ұйымдастыру шаралары қолға алынды?

– Сайлаудың ашықтығын және заңдылығын қамтамасыз ету бағытында заңнамамен қарастырылған тиісті шаралар қабылдануда. Сайлау барысын байқау үшін облыста 19 жергілікті қоғамдық бірлестік пен үкіметтік емес ұйым аккредиттеуден өтті. Сондай-ақ, Орталық сайлау комиссиясы аккредиттеген республикалық ұйымдардың байқаушылары, саяси партиялардың өкілдері (бүгінде 1 600-ден астам сенімді өкіл тіркелген) және БАҚ өкілдері процесті толық бақылайды.
Сайлау ашықтығының кепілі ретінде 20 шілдеден облыста ЕҚЫҰ ДИАҚБ (БДИПЧ ОБСЕ) миссиясының ұзақ мерзімді халықаралық байқаушылары жұмыс істеуде. Сонымен қатар, Орталық сайлау комиссиясы тарапынан Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауға шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымның байқаушыларын аккредиттеу жұмыстары жүргізілуде.
Азаматтардың арыз­-ша­ғымдары мен сұрақтарына жедел жауап беру үшін бірыңғай «Senim109» контакт-орталығы мен өңірлерде 14 арнайы колл-орталық жұмыс істеп тұр.

– Қарағанды облысында тіркелген, бірақ, сайлау күні басқа өңірде болатын азаматтар қалай дауыс береді? Дауыс беретін үй-жайлар жасақталып болды ма?

– Сайлау күні өзге аймаққа кететін тұрғындар заңнамаға сәйкес 7 тамыздан бастап, өз сайлау учаскесінен есептен шығару куәлігін алып, баратын жеріндегі учаскеде дауыс бере алады. Сондай-ақ, вахталық әдіспен жұмыс істейтін және әскери қызметтегі азаматтардың тізімдері толық нақтыланды.
Дауыс беруге арналған барлық 639 сайлау учаскесінің ғимараты анықталған. Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін учаскелердің 63,38%-ы білім беру, 26,13%-ы мәдениет нысандарында орналасқан. Барлық ғимарат белгіленген мерзімде дауыс беру кабиналарымен, урналармен және ақпараттық материалдармен толық жасақталып бітеді.

– Республика бойынша Қарағанды облысының сайлаудағы белсенділігі қаншалықты?

– Қарағанды облысы – әрқашан азаматтық жауапкершілігі жоғары, сайлау науқандарына белсене қатысатын өңірлердің бірі. Биыл да тұрғындардың сайлауға қатысу белсенділігі жоғары деңгейде болады деп күтілуде.
Облыста сайлаушылардың, әсіресе, жастар мен ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың белсенділігі мен хабардарлығын арттыру бағытында кешенді ақпараттандыру жұмыстары жүргізілуде. Облыс бойынша 357 билборд (фасадтарда, жеке конструкцияларда, LED-экрандарда, стендтерде) орнатылды.
Облыстық сайлау комиссиясының ресми сайтында «Құрылтай – 2026» арнайы бөлімі ашылып, инфографикалар, видео-аудио материалдар үнемі жаңартылып отырады.

– Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау учаскелерінде олардың еркін дауыс беруіне қандай мүмкіндіктер қарастырылған?

Облыста мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау құқығын толық әрі кедергісіз жүзеге асыруына ерекше назар аударылған. Облыстағы ерекше қажеттіліктері бар 6 245 сайлаушы үшін сайлау учаскелерінде кешенді жағдайлар жасалуда.
Сайлау учаскелерінің 93,3%-ы (564 учаске) пандустармен жабдықталған, ал, қалған учаскелерде ғимаратқа кіреберіс жер деңгейінде болғандықтан пандус талап етілмейді. 588 учаске (97,3%) тактильді көрсеткіштермен, 594 учаске (98,3%) шақыру батырмаларымен және 437 учаске арнайы автотұрақ орындарымен қамтамасыз етілген.
Брайль шрифтін меңгерген азаматтар үшін арнайы Брайль трафареттері мен ақпараттық материалдар дайындалады. 315 сайлау учаскесінде сурдоаудармашылар бекітілген. Сонымен қатар, мессенджерлер (WhatsApp, Telegram) арқылы онлайн сурдо­аударма қызметі де ұсынылады.
Тұрғындарға 143 «Инватакси» автокөлігі қызмет көрсетеді. Одан бөлек, І топтағы мүгедектігі бар жанға жеке көмекшілер бөлінген.
17 тамыздан өңірімізге ЕҚЫҰ миссиясының қысқа мерзімді байқаушылар тобы келеді деп күтілуде. Бұдан бөлек, дауыс беру күні Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) тарапынан аккредиттелген басқа да халықаралық ұйымдардың байқаушылары мен шетелдік БАҚ өкілдері сайлау процесін тікелей бақылайды.

– Дауыс берушілердің болжамды келу көрсеткіші бүгінде белгілі ме?

– Сайлау комиссиясының заң бойынша басты міндеті – белгілі бір пайыздық көрсеткішті болжау емес, облыста тіркелген барлық сайлаушының өз Конституциялық құқығын еркін, ашық әрі қауіпсіз түрде жүзеге асыруына толық жағдай жасау.
Дегенмен, қазіргі жүргізіліп жатқан ауқымды ақпараттандыру жұмыстарын, дайындық деңгейін және тұрғындарға (соның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен жастарға) жасалған қолайлы жағдайларды ескере отырып, облыс тұрғындарының сайлауға қатысу белсенділігі дәстүрлі түрде жоғары деңгейде болады деп күтеміз.

– Уақыт тауып, тұщымды әңгіме өрбіткеніңіз үшін көп рақмет!

Сұхбаттасқан Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button