АймақНұра

«Тәуекел түбі – желқайық»

Ауыл кәсіпкерлігі өңір экономикасындағы маңызды бағытқа айналып келеді. Әсіресе, мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдаланған жастардың қатары қалың. Олар жергілікті нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етіп, ауылда да өндірісті өркендетуге болатынын нақты іспен ­дәлелдеуде.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Әрине, ауылдағы кәсіптің өз қиындығы жоқ емес. Логистика, шикізат жеткізу, білікті маман тапшылығы мен нарық шектеулілігі – кәсіпкерлерге күрмеу. Десе де, мемлекеттік гранттар, жеңілдетілген несиелер, субсидиялар мен түрлі бағдарламалар арқылы ауыл тұрғындары өз ісін бастап, өндіріс көлемін ұлғайтып келеді. Нұра ауданындағы жас кәсіпкерлердің тәжірибесі – соның айқын дәлелі.

Нұра кентінің тұрғыны Ақымбек Қайырбеков бірнеше жылдан бері құрылыс материалдарын өндіреді. Оның кәсіпорны бүгінде газоблок, суэмульсиялы бояу және грунтовка шығарады. Бұл өнімдер аудан тұрғындарының сұранысына ие. Оған қоса, көршілес Осакаров ауданына да жөнелтіледі.

Мұнда негізінен отандық шикізатқа басымдық берілген. Газоблок жасауға жергілікті карьерден алынатын құм мен отандық цемент пайдаланылады. Бояу өндірісіне қажетті кейбір компоненттер де еліміздікі. Сондай-ақ, Ресей мен Қытайдан жеткізіледі. Цехтағы өндірістік жабдықтардың барлығы Қазақстанда жасалған.

Мамандығы инженер­-құры­лысшы Ақымбек Қайырбеков бұл кәсіпті кездейсоқ таңдамаған. Құрылыс материалдарына деген сұранысты көріп, осы бағытты дамытуға бел буады. Алғашқы қадам жасауына ата-анасы қолдау білдіріп, болашақ цехқа арналған ғимарат сатып алып берген. Кейін мемлекеттік грант пен жеңілдетілген несиеге құрал-жабдықтар алады. Бұдан бөлек, мемлекет кәсіпорындағы жұмысшылардың жалақысының бір бөлігін субсидиялайды.

– Ауылда кәсіп жүргізу оңай емес. Сатып алушылар аз, логистикаға қатысты мәселелер бар. Бірақ, мұнда бәсекелестік те төмен. Қазір жас кәсіпкерлер үшін грант, субсидия және жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік мол. Бастысы, іс бастауға тартынбау керек, – дейді Ақымбек Қайырбеков.

Қазіргі уақытта кәсіпорында үш адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Құрылыс маусымы қызған кезде өндіріс толық қуатында жұмыс істейді. Кәсіпкер алдағы уақытта өнім түрлерін көбейтіп, жаңа жабдықтар сатып алып, қосымша өндірістік ғимараттар салуды жоспарлап отыр. Сұраныс жылдан-жылға артып келеді.
Нұра ауданындағы тағы бір табысты өндіріс – кәсіпкер Шыңғыс Қадырбаевтың кәсіпорны. Мұнда тұрмыста кеңінен қолданылатын кір сабынның екі түрі мен кір жуу ұнтағы өндіріледі.

Өндіріске қажетті шикізат Қазақстанның әртүрлі өңірлерінен жеткізіледі. Дайын өнім еліміздің өзге қалалары мен облыстарына да жөнелтіледі. Ауылда шығарылған өнім республика нарығына жол тапқан.

Кәсіпкер өндірісті дамытуға мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың айтарлықтай көмегі болғанын жасырмайды. Ол облыс әкімінің грантын жеңіп алып, кейін «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жылдық 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие рәсімдеген. Бұл қаражат өндірісті кеңейтіп, жаңа өнім шығаруға мүмкіндік берген.

– Басты қиындық – білікті маман табу және шикізат жеткізуді ұйымдастыру. Материал алу үшін Астана мен Қарағандыға ұдайы баруға тура келеді. Алайда, біз тоқтамаймыз. Алғашында кір сабын шығарудан бастадық, биыл кір жуу ұнтағын өндіруді іске қостық, – дейді Шыңғыс Қадырбаев.

Кәсіпкер алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, өнім түрлерін көбейтуді көздейді. Оның айтуынша, сапалы отандық өнімге сұраныс жылдан-жылға өсіп келеді.

Тәуекелге бел буып, еңбекті серік еткен жас кәсіпкерлердің табысы – ауылда мүмкіндік жоқ деген түсініктің ескіргенін аңғартады. Ең бастысы – нақты мақсат, тынымсыз еңбек және мемлекет ұсынып отырған қолдау тетіктерін тиімді пайдалану. Сонда тәуекелдің түбі расында да желқайыққа айналып, алға жетелері анық.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button