Құрылтай

Өңірлік мәселелер – сайлауалды бәсекенің басты тақырыбы

Облыста саяси партиялардың сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары жалғасуда. Аймақтың қала және аудан-аймақтарында өткен кездесулер барысында партия өкілдері сайлаушылармен және түрлі сала қызметкерлерімен жүздесіп, сайлауалды бағдарламаларының негізгі бағыттарын таныстырды. Кездесулерде тұрғындарды толғандырған әлеуметтік-экономикалық мәселелер талқыланып, ұсыныс-пікірлер айтылды. Сайлауалды кездесулер еңбек ұжымдарын, жастарды, педагогтерді, спорт саласы өкілдерін және ауыл тұрғындарын қамтыды.

Атап айтсақ, «Әділет» партиясының өкілдері  «Қарағанды автобус паркі №2» ЖШС аумағында еңбек ұжымымен кездесті.

Кездесуде қатысушыларға «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтары таныстырылды.

Кездесуде еңбек ұжымының мүшелері өздерін толғандырған сұрағын қойып, қоғамдық көлік қозғалысын ұйымдастыру, қызметкерлерді әлеуметтік қолдау, еңбек жағдайларын жақсарту және саланы дамытуға қатысты ұсыныстарын ортаға салды.

Ал, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Қарағанды қаласында педагогтермен «Әлеуметтік қалқан» тақырыбында кездесу өткізді.

Кездесуге ЖСДП өкілдері жиынға қатысушыларға партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары туралы баяндады.

Қоғамдағы әлеуметтік әділдік, мемлекеттік шешімдердің ашықтығы, азаматтардың заң шығару үдерісіне қатысуы және халықтың күнделікті мәселелері айтылды.

«Байтақ» Қазақстанның жасылдар партиясының негізгі бағыты –экологиялық қауіпсіздік, қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды сақтау.

Сонымен қатар, партияның экологиялық саясатты дамытуға бағытталған негізгі ұстанымдарын таныстыруда.

Азаматтардың қоршаған ортаның жай-күйіне, экологиялық қауіпсіздікке және табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға қатысты ұсыныс-пікірлерін тыңдап, пікір алмасуда. 

Қазақстан Халық партиясының мүшелері «Қарағанды қаласының жастар ресурстық орталығы» ұжымымен кездесу өткізді.

Кездесу барысында партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылып, жастарды қолдау, олардың әлеуметтік және кәсіби дамуына жағдай жасау, сондай-ақ, қоғамдағы өзекті мәселелерді шешу бағыттары талқыланды.

Іс-шараға қатысушылар өзара пікір алмасты. Жастар саясатына қатысты бірқатар мәселе бойынша ақпарат ұсынылды. Іс-шара диалог форматында өтті.

 «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясынан өкілдер өңірдің ауыл-аймақтарын аралап, тұрғындармен кездесулер өткізуде.

Кездесу Ақтоғай ауданынан басталып, кейін облыстың өзге ауылдарында жалғасты. Алғашқы кездесулердің бірі Доскей ауылында өтті.

Кездесу барысында елдімекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуы, ауыл инфрақұрылымы, жұмыспен қамту және ауыл шаруашылығын қолдау мәселелері талқыланды. Тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

«Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы Балқаш қаласы мен Шет ауданында сайлаушылармен және еңбек ұжымдарымен кездесу өткізді.

Сапар аясында Балқаш қаласындағы Мәдениет сарайында тұрғындармен кездесті.  Сонымен бірге, «Балқаш Су» және «Балқаш Жылу» кәсіпорындарының ұжымдарымен кездесіп, коммуналдық саладағы өзекті мәселелер мен тұрғындарды толғандырған сауалдарды талқылады.

Азаматтардың сауалдарына жауап беріліп, олардың көтерген ұсыныстары назарға алынды.

Қарағанды облысы бойынша «Теннис федерациясы» филиалының ұжымымен «Respublica» партиясы өкілдері кездесті.

Кездесуде кандидаттар сайлауалды бағдарламасына тоқталды. Бағдарламаның негізгі басымдықтары түсіндірілді.

Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары аясында өткен кездесулерде партиялар өз бағдарламаларын таныстырып, тұрғындармен пікір алмасты. Қатысушылар әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша өз ұсыныстары мен сауалдарын ортаға салды. Аймақта партиялардың сайлауалды кездесулері бекітілген кестеге сәйкес жалғасуда.

Жәлел ШАЛҚАР
“Ortalyq Qazaqstan”

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button