Құрылтай

Дала дәстүрі демократиялық қағидаға айналады

Биыл 23 тамызда Қазақстан Республикасының бостан халқы өзінің ежелден бергі егемен тарихында тұңғыш рет бір палаталы Парламент – Құрылтай депутаттарын сайлайды. 1991 жылдан бергі оныншы парламенттік сайлау жалпыхалықтық  референдумда қабылданып, 1 шілдеден бастап күшіне енген халық Конституциясы аясында жүзеге асады.  Яғни,  биліктің құрамы да,  оның тұтас құрылымы өзгеретін ерекше кезең десек айқынырақ болар.  «Құрылтай» сөзі – көне түркілік ұғым, хандықтар мен рулардың тағдыры шешілген ұлы жиындардың жаңғырығы. Бүгінде осы тұғырлы атау заманауи заң шығарушы институттың ресми атына айналып отыр. Ежелгі атау мен жаңа мемлекеттік құрылымның осылайша тоғысуында бүгінгі саяси реформаның басты астары жатыр. Еңсегей еліміз баянды болашағын қалыптастыра отырып, тарихи тамырынан да қуат іздейді. Нәр алады.

Киіз туырлықты Алаш жұрты дүдәмал дүниеге душар болмады. Керісінше, жаһандану дәуіріндегі сандаған тосын келелі-келеңсіз жайттарға жауап беру үшін осындай өркениетті шешім қабылдап тұр. Ойымызды дәйектейік. Құрғақ мәлімет әредік көп нәрсені аңғартады. Мәселен, Құрылтай құрамына бес жыл мерзімге 145 депутат сайланады. Ол анық. Халық қалаулылары бірыңғай жалпыұлттық сайлау округі бойынша тек партиялық тізіммен сайланады. Мән берерлігі,. Тәуелсіз Қазақстан тарихында бірінші рет азаматтар жекелеген округтердегі үміткерлерге емес, мұқым ел көлеміндегі саяси партиялардың бағдарламаларына дауыс береді.

Иә, Құрылтайдан орын алу үшін партиялар сайлаушылар дауысының кемінде бес пайызын жинауы тиіс. Маңызды межеден өтуге жеті бірдей саяси партия додаға түседі. Олар – «Әділет», Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП), «Байтақ», Қазақстанның Халық партиясы, «Ауыл», «Ақ жол» Демократиялық партиясы, және Respublica партиясы. Партиялық тізімдерге барлығы 546 кандидат енді. Бірден байқалғандай, үміткерлер саны да барлық партиялардың дайындық деңгейін көрсетеді. Сарабдал сарапшылар пікірінше, партиялардың шынайы мүмкіндігін олардың сайлауалды бағдарламаларынан гөрі өңірлік ұйымдарының ауқымы, саяси бренді мен кадрлық әлеуеті айқындайды. Сондықтан да, байқаушылар бүгінде барлық партияны да науқанның фавориттері қатарында қарастырады. 

Ойымызды қалам ұшына ұштастырғанымызда мемлекеттік модельдің тұжырымдамасы айқын екендігі бесенеден белгілі. Оның негізінде «Күшті Президент – ықпалды Құрылтай – есеп беретін Үкімет» қағидаты жатыр. Бұл формула билік институттарының әлсіреуін емес, олардың өзара тепе-теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған. Әрбір билік тармағының жауапкершілік аясы нақтыланып, мемлекеттік басқарудың тиімділігі артуы көзделеді. Бастысы, Құрылтай сайлауы – конституциялық қағидаттар мен Әділетті Қазақстан құндылықтарына негізделген ел дамуының жаңа кезеңінің бастауы екендігі анық. Сондай-ақ бұл мақсат  кездейсоқ айтылған тұжырым болмас. Айтпағымыз  биылғы көктемдегі республикалық референдумнан бастау алған саяси жаңғыру үдерісінің қисынды жалғасты үдерісі – бұл.

Реформалардың қоғамдық қолдау деңгейі де назар аудартады. Сарапшылар ұсынған әлеуметтік зерттеу нәтижелері бойынша, қазақстандықтардың 87 пайызы жүргізіліп жатқан саяси өзгерістер бағытын бек қолдайды. Жылдар бойы қызмет еткен қос палаталы жүйеден бас тартқан мемлекет үшін бұл – маңызды көрсеткіш. Игілікті үдерісті азаматтық қоғам ретті реформаларды сырттан таңылған шешім емес, заман талабына жауап беретін қажетті өзгеріс ретінде қабылдап келеді.  Құрылтай сайлауының саяси маңызын үштаған қалыбымен қарастыруға да болатындай. Алғы қыры – институционалдық. Қос палаталы жүйеден бір палаталы модельге көшу заң шығару жүйесінің табиғатын түбегейлі өзгертеді. Бұрын заң жобалары Мәжіліс пен Сенат арасындағы келісім рәсімдерінен өтсе, енді заң қабылдау біртұтас заң шығарушы органда жүзеге асады. Демек, заң қабылдау үдерісі жеделдеуі кәдік. Алайда, жауапкершілік те қоса артады: бақылау тетіктері кеміген сайын депутаттық корпустың кәсіби деңгейіне қойылатын талап еселеп күшейетіні мәлім. 

Ендігі қыры – партиялық. Алғаш рет сайлау тек партиялық тізім арқылы бірыңғай жалпыұлттық округте өтеді. Бұл саяси партиялардың институционалдық дамуын жеделдетеді. Бұрын жекелеген округтердегі беделіне сүйенген өңірлік саясаткерлер енді партиялық құрылымның бір бөлігіне айналуға мүдделі болады. Және соңғысы. «Құрылтай» атауының өзі ұлы дала демократиясының тарихи дәстүрін меңзейді. Бір кездері ел тағдыры шешілген ұлы жиындардың атауы бүгінгі Парламенттің ресми атауы болып бекіді. Яғни, тарихи сабақтастықты қазіргі мемлекеттік институттармен ұштастыруға бағытталған саналы саяси қадам деп бағамдарлық. Заң шығарушы органға көне түркілік атаудың берілуі – ұлттық мемлекеттіліктің тарихи негіздерін жаңғырту стратегиясының нақышты нышаны. Сонымен бірге бірқатар саясаттанушылар реформаның мәнін асыра бағаламауға үн қатады. Мәселен, саясаттанушы Фархад Қасеновтің пікірінше, Құрылтай сайлауы реформалардың одан әрі жалғасуы үшін маңызды болғанымен, оның нәтижелері Президенттің конституциялық өкілеттік мерзіміне ешқандай құқықтық өзгеріс енгізбейді. Басқаша айтқанда, Құрылтай – биліктің ауысуы емес, оның жұмыс тетіктерінің жаңаша ұйымдастырылуы.

Сонымен, алда не күтіп тұр? Сайлауалды үгіт-насихат 22 тамыз күні түнгі сағат 00:00-де аяқталып, одан кейін заң бойынша үнсіздік күні басталады. Осы уақытқа дейін саяси партиялар сайлаушыларды ұрандармен емес, нақты бағдарламаларымен сендіруге тиіс. Сонымен қатар, заңнамаға сәйкес партиялық тізімдерде әйелдерге, жастарға және мүгедектігі бар азаматтарға арналған квоталар сақталады. Ал, 23 тамызда Қазақстан халқы тек 145 депутатты ғана сайламайды. Ел көктемде қабылдаған жаңа конституциялық модельдің алғашқы іс жүзіндегі сындарлы емтиханынан өтеді. Егер «Күшті Президент – ықпалды Құрылтай – есеп беретін Үкімет» қағидаты қағаз жүзінде ғана емес, нақты заң шығару тәжірибесінде де өз тиімділігін дәлелдей алса, онда жөні бөлек осы сайлау үдерісі жөнекей кезекті саяси науқан ретінде емес, ежелгі дала дәстүрі мен заманауи мемлекеттік басқару сабақтасқан тарихи белес ретінде ел жадында қалмақ.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ
“Ortalyq Qazaqstan”

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button