Бас тақырып

Сақшының сенімді серігі

Заң үстемдік еткенде ғана қоғамда тәртіп бекиді. Ал, цифрлық дәуірде заманауи технологиялар сол тәртіптің жаңа тірегіне айналып келеді. Бүгінде облыс аумағында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесі түбегейлі өзгерді. Егер осыдан 10-15 жыл бұрын құқық қорғау органдары көбіне адамның қырағылығына, куәгерлердің айғақтарына және жедел іздестіру жұмыстарына сүйенсе, бүгінгі күні олардың сенімді серігі – цифрлық бақылау жүйелері.

Коллажды жасаған Арайлым Коктаева

Бейнекамера қалт жібермейді

Мыңдаған бейнекамера, интеллектуалды бейнеталдау, Face ID технологиясы, көліктерге орнатылған мобильді бақылау кешендері, дрондар және түрлі ақпараттық платформалар тәулік бойы қоғамдық кеңістікті бақылап, құқық бұзушылықтарды тіркейді.

Бұрын құқық қорғау саласында «қылмысты ашу» басты көрсеткіш еді. Бүгінде әлемдік тәжірибеде «қылмыстың алдын алу» – негізгі өлшем. Себебі, ашылған қылмыс – белгілі бір деңгейде жіберілген олқылықтың салдары болса, алдын алынған құқық бұзушылық – қоғамның қауіпсіздігін сақтап қалған нақты нәтиже.

Мәселен, цифрлық бақылау жүйесінің тиімділігі Қарағанды қаласында болған дүкен ұрлығы дерегінен анық байқалды. Бұл туралы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Оқиға 14 шілдеге қараған түні сағат 02:45 шамасында тіркелген. Полицияның кезекші бөліміне қырағы тұрғын хабарласып, жергілікті дүкендердің бірінің есігі бұзылғанын жеткізеді. Оқиға орнына жеткен жедел-тергеу тобы есіктің күштеп ашылғанын анықтап, дүкен иесін шақыртады. Тексеру барысында кассадағы ақша мен бірқатар азықтүлік өнімдерінің ұрланғаны белгілі болған.

Тергеудің негізгі дәлелі – бейнебақылау камераларының жазбасы. Полицейлер камерадағы материалдарды кезең-кезеңімен зерделеп, күдіктілердің қозғалыс бағытын, киім үлгісін және әрекеттерін толық нақтылады. Нәтижесінде күдіктілердің жеке басы қысқа мерзім ішінде анықталып, көршілес көшеде тұратын 22 және 23 жастағы жергілікті тұрғындар ізін суытпай ұсталды.

Бейнебақылау жүйесінің тағы бір нақты нәтижесі – Қарағандыда автокөлікті заңсыз иелену фактісінің қысқа мерзімде ашылуы. Полицияға 60 жастағы қала тұрғыны жүгініп, кешке үйінің ауласына қойған көлігін таңертең үшті-күйлі жоғалғанын хабарлаған. Хабарлама түскен бойда жедел іздестіру шаралары басталып, бейнебақылау жүйелеріндегі жазбалар тексерілді.

Полицейлер бейнематериалдарды саралап, қылмыстың нақты жасалған уақытын анықтады. Бұдан кейін күдіктілердің қозғалыс бағыты бірнеше камера арқылы кезең-кезеңімен бақылауға алынды. Нәтижесінде ұрланған автокөлік соңғы анықталған мекенжайдан табылып, көп ұзамай күдіктілер де ұсталды. Олар – көрші көшеде тұратын 19 жастағы жігіт пен оның танысы болып шықты. Бұл оқиға бірнеше бейнебақылау камерасынан алынған деректердің бір-бірімен байланыстырылып, бірыңғай цифрлық із қалыптастыруының тиімділігін көрсетті.

Мұндай тәжірибе қылмысты ашуға кететін уақытты қысқартып қана қоймай, дәлелдемелік базаның сапасын да арттырады. Бейнекамера жазбалары тергеу барысында оқиғаның хронологиясын қалпына келтіруге, күдіктілердің қозғалысын нақтылауға және дәлелдерді объективті түрде бекітуге мүмкіндік береді.

Құқық қорғау органдарының жұмысына қойылатын талаптар да уақыт талабына сай жаңарып келеді. Бүгінгі қоғам жылдамдықты, ашықтықты және дәлдікті талап етеді. Сондықтан, полиция қызметі де патрульдеумен шектелмей, деректерге негізделген басқару моделіне көшіп жатыр. Мұны жол қауіпсіздігі саласынан анық байқауға болады.

Облыс аумағында өткен «Қауіпсіз жол» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында 2800 астам жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі анықталды.

Оның ішінде, мас күйінде көлік жүргізген ондаған жүргізуші, қарсы бағытқа шыққан азаматтар, көлік жүргізу құқығынан айырылғанына қарамастан, рөлге отырған тұлғалар және жалған мемлекеттік нөмір пайдаланған фактілер тіркелді.

Бір жүйе – бірнеше міндет

Облыс аумағында енгізілген цифрлық бақылау жүйелері жол қозғалысы және қоғамдық қауіпсіздіктің барлық бағытын қамтитын кешенді экожүйеге айналып келеді.

Биыл қалада іске қосылған «Ақылды жаяу жүргіншілер өткелі» – соның жарқын дәлелі. Face ID технологиясымен жабдықталған интеллектуалды кешен бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кеткендерді анықтап, ішкі істер органдарының есебінде тұрған адамдарды да тануға мүмкіндік береді.

Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыров мұндай кешендерді енгізудегі басты мақсат – азаматтардың өмірі мен денсау­лығын сақтау екендігін айтады. Мәлімдеуінше, жыл басынан бері облыста жаяу жүргіншілердің қатысуымен 54 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 5 адам қаза тауып, 50-і жарақат алған. Сонымен бірге, жаяу жүргіншілер тарапынан жол жүру қағидаларын бұзудың 10 мыңнан астам фактісі анықталған.

Бүгінде әлемде «ақылды қала» тұжырымдамасы кеңінен дамуда. Сарапшылардың пікірінше, оның басты өлшемі – тұрғынның өзін қауіпсіз сезінуі. Қауіпсіздік барда инвестиция келеді, кәсіпкерлік дамиды, тұрғындардың өмір сапасы артады.

Бейнебақылау камералары күдікті қозғалысты ерте анықтап, интеллектуалды жүйелер жолдағы қауіпті мінез-құлықты тіркейді. Face ID іздеуде жүрген адамдарды таниды. Мобильді камералар көлік ағынын үздіксіз бақылайды. Дрондар көзден таса аумақтарды қамтиды.

Құқық қорғаудағы барша технологияның мақсаты – адамның өмірін сақтау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button