Қарағанды облысында мемлекеттік қызметтердің 99,7%-ы электронды форматта ұсынылды
Қарағанды облысының тұрғындары биылғы жылдың алғашқы алты айында 9 миллионнан астам мемлекеттік қызмет алды. Оның 99,7%-ы электрондық форматта көрсетілген. Бұл жайлы облыс әкімінің қатысуымен өткен аппараттық кеңесте айтылды.

– Ең көп өтініш денсаулық сақтау саласына тиесілі. Тұрғындар дәрігердің қабылдауына жазылу мен жедел жәрдем шақыру қызметтерін жиі пайдаланады. Білім беру саласында балабақшаға кезекке қою және мектепке қабылдау үшін құжат тапсыру қызметтері сұранысқа ие. Ал жұмыспен қамту саласында жұмыс іздеп жүрген азаматтарды тіркеу және жұмыссыз мәртебесін рәсімдеу қызметтері ең көп пайдаланылатын қызметтердің қатарында, – деді Константин Ильницкий.
Өңірде мемлекеттік қызметтің 199 түрі қолжетімді болса, оның 90,5%-ын онлайн алуға болады. Ең көп сұраныс денсаулық сақтау, білім беру және жұмыспен қамту салаларындағы қызметтерге тиесілі.
Аппараттық кеңесте облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен сапасы халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін арттыратынын атап өтті. Сондай-ақ тұрғындарға қызмет көрсететін мамандардың біліктілігін жүйелі түрде арттыру және көрсетілетін қызметтердің сапасына тұрақты бақылау жүргізу қажеттігін тапсырды.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz



