Оқырман ұлт отбасында қалыптасады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Кітап оқитын ұлт» тұжырымдамасын ұлттық деңгейде көтеріп, жастарды кітапқа баулу және «Зерделі ұлт» қалыптастыру мақсатында арнайы Жарлыққа қол қойған еді. Бұл Жарлықты халқымыз зор ықыласпен қабыл алғанын әлеуметтік желіден, әртүрлі қоғамдық ортадағы пікірлер арқылы аңғарып жүрміз. Шығармаларды талдайтын подкасттар, контенттер қазір трендке айналды. Осы бағыттағы блогерлер қауымы миллиондаған оқырманды өзіне қаратып жатыр. Кітап оқуды насихаттау мәселесі мемлекеттік деңгейде көтерілгенімен, ізгілікке бастайтын қадамдардың барлығы отбасы, ошақ қасынан басталатыны анық. Цифрлық технология қарыштап дамыған ғасырда смартфонға телмірген баланың бетін кітапқа бұрғызу үшін түрлі айла-тәсіл керек. Соның жолын тауып жатқан ата-аналар баршылық.

Мысал ретінде әріптесіміз, белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жәлел Шалқарды алуға болады. Ол биыл отбасымен бірге «Кітап оқитын ұлт» жобасына қатысып, ІІ орын алды. 40 сұрақтың отыз бесіне дұрыс жауап берді. Жобаға өзі, әйелі және үш баласымен қатысты. Жоба күн жарықта ойын қуып, кешке үйге кіре смартфонын қолға алатын балаларына кітап оқытуға серпіліс берген. Әйелі де, балалары да қолдапты. Бірақ, балаларының кітапқа қызығушылығын қалай арттырғаны бір бөлек әңгіме.
– Өзім жасымнан кітап оқып өстім. Облыстық Н.Гоголь атындағы ғылыми әмбебап кітапханасында да қызмет атқардым. Кітаптың адамға ізгілік нұрын сыйлайтынын, ой-өрісін кеңейтетінін жақсы білемін. Өсіріп отырған ұл-қыздарымның келешекте парасаты, пайымы қалыптасқан азамат болып өскенін қалаймын. «Кітап оқитын ұлт» жобасы осы қадамға серпіліс берді. Оның үстіне, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығын оқып, бұл қадамның келешек ұрпақ үшін, ел ертеңі үшін қаншалықты маңызды екенін шын ұқтым. Сөйтіп, есейіп қалған үш балама оқылған әр бет үшін 50 теңгеден төлеймін дедім. Олар бұл бастамамды құп көріп, күн сайын 10-20 беттен оқыды. Уақыт өткен сайын бет саны көбейді. Содан кейін олар оқыған шығармаларын өзара талдап, әңгімелесе бастады. Әдісім өз нәтижесін берді. «Кітап оқитын ұлт» жобасында қаржылай жүлдеге ие болдық. Бұл жүлде балаларымның кітапқа деген қызығушылығын одан сайын арттырды. Қазір олар тұрақты түрде кітап оқиды, – деді Жәлел Шалқар.
Бүгінгі тойларда тойбастарға кітап тарату үрдісі қалыптасып келеді. Мәселен, Бұқар жырау ауданының тұрғыны Ербол Ормалдаев тамыз айында қызын ұзатпақ. Ол тойбастарға қазақ халқының ертегілері мен аңыздары жинақталған кітаптарды таратуға ниетті.

– Жұбайым – музыка мектебінің мұғалімі. Тойбастарға кітап қою идеясын жұбайым айтты. Біз құптадық. Қызым да бұған қуанды. Өйткені, бұл да бір ерекшелік. Әлеуметтік желіде тойда кітап тарату трендке айналып келе жатқаны да идеямызды қуаттандырды. Президентіміздің бастамасын ұрпақтәрбиелеп отырған әке ретінде түйсіндім. Қазір тойға дайындық барысындамыз. Тиімді бағамен көп мөлшерде кітап сатып алатындай кітап дүкендерін аралап жүрміз. Тіпті, әр кітапқа тойдан естелік болсын деп өз қолтаңбамызды қоймақпыз. Меніңше, бұл бастамамыз басқа да той жасайтын әулеттерге үлгі болады. Әрекетіміз теңізге тамған тамшыдай болуы мүмкін. Бірақ, біз тойымыз арқылы елімізге ең керекті дағдыны қалыптастыру жолында қадам жасаймыз, – деді Ербол Ормалдаев.
Ал, қарағандылық Қаршыға Мұздыбаевтың балалары табиғат аясына серуендеуді ұнатады екен. Ол балаларына бір аптада бір кітап оқыса, сенбі немесе жексенбіде табиғат аясына шығуға уәде берген. Мектеп оқитын төрт бала бүгінде аптасына бір кітап оқиды екен. – Мұхтар Әуезов, Ілияс Есенберлин, Асқар Сүлейменов, Сайын Мұратбеков, Бердібек Соқпақбаев, Оралхан Бөкей, Мұхтар Мағауин – сүйіп оқитын авторларым. Балаларға ең әуелі Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі» шығармасын оқыттым. Оларға ұнады. Асқан қызығушылықпен оқығанын аңдадым. Алғашында бала қорыта алмайтын күрделі шығарманы оқып
қойса, беті қайтып қалуы мүмкін. Әке ретінде осы мәселеге баса мән бердім. Содан кейін Антуанде Сент-Экзюперидің «Кішкентай ханзада» ертегісін оқыттым. Қазір балаларым апта сайын жаңа кітап сұрайды. Табиғат аясына шыққанда, оқыған кітаптарының төңірегінде әңгіме өрбітеміз. Мұндай әңгімелер шығарманың бала санасына сіңуіне зор ықпалын тигізеді, – деді Қаршыға Мұздыбаев.
Бүгінде Қарағандының орталық саябағына барсаңыз, тегін кітаптардың сөресін көресіз. Сөреден бір кітап алып, орнына өзіңіз оқыған бір кітапты қойып кетесіз. Қоғамдық көліктерде де арнайы QR кодтар қойылған. Смартфоныңызды бағыттасаңыз болды, қазақ халқының шағын көлемдегі классикалық әңгімелері экранға шығады. Әлемдік классика да сол қатарда. Аялдамаңызға жеткенше кітап оқып барасыз.
Жастар жиі баратын фаст-фуд дәмханалары мен отбасылық мейрамханаларында кітап сөрелері бар. Қыз-келіншектерге арналған сән салондары мен ерлерге арналған шаштараздарда кітаптар қойылған. Бұның барлығы – Президент бастамасының жалпы халықтық сипатталып бара жатқандығының айқын дәлелі.
Еуропа елдерінде кітап оқу мәдениеті ерте жастан бастап, отбасылық дәстүрлер, мемлекеттік қолдау және қоғамдық инфрақұрылым арқылы жүйелі түрде қалыптасады. Оқу үдерісі мәжбүрлеу емес, күнделікті өмір салты ретінде қарастырылады. Балаларды балабақшадан бастап кітаппен таныстырып, суреті мол әрі жеңіл форматтағы әңгімелер арқылы қызығушылығын оятады. Ата-аналар балалары кітап оқу үшін өздері де күнделікті кітап оқиды. Балаға сөзбен емес, іспен үлгі болу арқылы тәрбиелеу мәселесіне назар аударады. Әр мектепте оқырман клубтары жұмыс істейді. Клубтарда шығармаларды талқылау мен пікірталас ұйымдастырылады.
Баланы да кінәлай алмайсыз. Көзін ашқан заманының кебі осы. Қайда қараса да цифрлық дәуірдің бейнесі. Бірақ, бұл дәуірдің де бала санасының қалыптасуына қаншалықты зиян келтіріп жатқаны айтылып-ақ келеді. Мемлекет тарапынан кітап оқуға жағдай жасалмай жатқан жоқ. Керісінше, қосымша есіктерді ашып, жас ұрпақтың кітап оқуына еселеп мүмкіндік беруде. Қазақ «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» дейді.
Балаңыздың кітап оқып, оның парасаты мен пайымы қалыптасқан азамат, тұлға болып қалыптасқанын қаласаңыз, әдісін таба біліңіз. Ата-ана теректі баптаған бағбан секілді.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»



