Қасиет дарыған қазақ қыраны
Ғарыш – шексіз. Дала – мәңгі. Бірі адамзат баласының арманын аспанға жетелесе, екіншісі сол арманға қанат бітіретін өр мінезді ұл тудырады. Адам баласы жұлдыздарға жол іздеп, көк жүзінің құпиясын ашуға ұмтылған шақта, Ұлы Дала өзінің бір перзентін сол заңғар сапарға іштей дайындап жатқандай еді. Нағыз ұлылықтың өлшемі жұлдыздар арасында қалықтауда ғана емес. Ол – аспаннан Жерге оралғанда туған топырақтың қадірін бұрынғыдан да терең түсінуде, әлем мойындаған биіктен түсе сала халқының алдында кішірейе білуде. Жүрегіне тұтас ұлттың намысын, жанарына жаһанның кеңістігін сыйдырған қазақтың тұңғыш ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров өзінің ғұмыркеруенінде сексен жылдық белесті еңсерді.

Ұлт намысын көкке көтерген
Жер кіндігі – Байқоңырдан отыз жылдан астам уақыт бойы ғарыш кемелері көкке көтерілді. Адамзаттың небір арманын арқалаған зымырандар қазақ даласының төсін дүбірлетіп, жұлдыздарға қарай жол тартты. Бірақ, сол ғарыш айлағынан бірде-бір қазақ баласының ұшпауы ел кеудесіндегі шердей, ұлт намысына түскен салмақтай сезілетін.
Бір қарасаң, Жер өзіміздікі, аспан өзіміздікі. Әйткенмен, ғарыш төрінде қазақтың үні естілмеді. Осы тарихи әділетсіздіктің сеңін 1991 жылдың 2 қазанында Тоқтар Әубәкіров бұзды. Егемендікке бет алған еліміздің алмағайып кезеңінде ол «Союз ТМ-13» ғарыш кемесімен Байқоңырдан көкке самғады. Кеңес Одағының №72 ғарышкері атанған ол Қазақстанның тұңғыш ғарышкері ретінде тарихқа енді. Сегіз тәуліктен астам уақыт ғарышта болып, биотехнология, медицина, металлургия және Арал өңіріне қатысты ғылыми зерттеулер жүргізді.
Бұл сапардың салмағын сағатпен немесе тәулікпен өлшеу аздық етеді. Оның шынайы салмағы – ғасырлар бойы азаттықты аңсаған халықтың арманында еді. Оның биіктігі – ғарыш кемесінің орбитада самғаған биігімен емес, қазақтың сол сәтте көтерілген рухымен өлшенді.
Тоқтар мінген кеме көкке көтерілгенде, онымен бірге тұтас ұлттың тұншыққан намысы, булыққан арманы, азаттыққа деген аңсары самғады. Қазақ баласы алғаш рет ғарыштан туған даласына көз тікті. Ұлы Даланың бір уыс топырағы мен көк байрағы болмаса да, күллі қазақтың үміті оның жүрегінде бірге ұшты.
Жауыннан кейін дүр етіп көтерілген көктей, халықтың құрысқан еңсесі тіктелді. Ғарыш сапары ел өміріндегі рухани сілкініске айналды.
Тәуелсіздік табалдырығында тұрған жұрт өзінің де әлемдік өркениеттің ең биік белесіне көтеріле алатынына сенді.
Темірдің тілін тапқан тарлан
Ерлік табан астынан тумайды. Ол – жылдар бойы жиналған еңбек пен төзімнің, талмай іздену мен темірдей тәртіптің жемісі. Әкесі қара темірден түйін түйген қазақтың ұстасы болса, баласы көк жүзіндегі құрыш техниканың тілін тапқан сұңғыла ұшқыш атанды. Әкеден қалған қайсарлық оның бойына дарып, балалық арманын биік мақсатқа айналдырды.
Сынақшы-ұшқыштың әр сапары – өмір мен өлімнің арасындағы қылкөпір ме дерсің… Жаңа ұшақты тұңғыш рет аспанға көтеру, әлі толық танылмаған темір тұлпардың мінезін сынау – өз тағдырыңды белгісіздікке тапсырумен парапар. Мұндай сәтте бір ғана есептің немесе техникалық нұсқаулықтың өзі жеткіліксіз. Мұнда мұздай сабыр, қапысыз түйсік, қыранның қырағылығы қажет. Тоқтардың даралығы да – осында.

Биіктіктің өлшемі – кішілік
Адамды аспанға атақ көтеруі мүмкін. Ал, сол биікте адам болып қалу – екінің бірінің қолынан келе бермейді. Тоқтар Әубәкіров әлем мойындаған даңқына қарамастан, қарапайым қалпынан айныған емес. Халық арасына барғанда өзін биік ұстамай, қайта елдің алдында кішірейе білді.
Тоқсаныншы жылдардың толқылмалы тұсында жер-су атаулары қайта жаңғырып, ел тарихи жадын түгендей бастаған тұста туған өлкедегі ауылға Тоқтар Әубәкіровтің есімін беру жөнінде ұсыныс айтылады.
Даңқы дүркіреп тұрған шақ. Ғарыштан оралған батырға көрсетілер құрметтің қай түрі де жарасатындай. Алайда, Тоқтар ағамыз бұл ұсынысты қабылдамай:
– Бұл ауылға менен гөрі соғыс ардагері, Кеңес Одағының Батыры Мартбек Мамыраевтың есімі лайық, – деп, өзінен жолы үлкен ағасына құрмет көрсетуді ұсынады.
Өз есімін алға шығармай, өзгенің ерлігін ұлықтай білу үшін де үлкен жүрек керек. Міне, нағыз биіктік! Міне, нағыз кісілік!
Өзіне тиесілі құрметті елдің тағы бір батырына бұра білу – даңқтан да жоғары адамдық қасиет. Аспанды бағындырған адамның өз нәпсісін де бағындыра алғаны осыдан көрінеді. Осыдан-ақ, Тоқтар Әубәкіров бір рудың, бір ауылдың немесе бір өлкенің шеңберіне сыймайтын тұлға екенін аңғарамыз. Ол – қарға тамырлы қазақтың, күллі түркі жұртының ортақ мақтанышы. Оның ғарышқа ұшуы – бір адамның сапары болса, жерге оралғаннан кейінгі өмірі – тұтас елге қызмет етудің өнегесі.
Халық махаббаты – ең ұлы марапат
«Ер ел үшін туады, ел үшін өледі». Әйткенмен, елдің ері атану – бір күндік ерлікпен өлшенбейді. Абырой биігіне көтерілу қаншалықты қиын болса, сол биіктен аласармай өту одан да ауыр. Даңқтың жүгі бар. Атақтың сұрауы бар. Халық сенімінің салмағы бар.
Сондықтан да, толағай тұлғаға берілген ең үлкен сый – орден немесе мансап емес. Ең үлкен сый – елдің риясыз ықыласы. Ең биік атақ – халықтың «Біздің Тоқтарымыз!» деп мақтанышпен айтуы. Ең берік ескерткіш – ұрпақ жадында жаңғырып тұратын ерлік өнегесі.
Ол аспанға көтерілгенде Алаштың атын алып шықты. Жерге оралғанда елінің жүгін арқалады. Жұлдыздарға жеткенде туған жерін ұмытпады. Әлемге танылғанда халқынан биік тұрмады. Оның тұғырлы биігі – ғарышта. Терең тамыры – туған Далада. Ал, мәңгілік мекені – халқының жүрегінде.
Тоқтардай тұлғасы бар елдің рухы ешқашан аласармақ емес!
Аспанмен сырласқан, Алашпен мұңдасқан Тарлан Тоқтардың, толағай тұлғаның мерейлі жасы құтты болсын! Қазақтың қыраны әрдайым биікте қалықтай берсін!
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»



