Qarmet шахтасында жаңа FS 400 комбайны іске қосылады
Qarmet компаниясының «Шахтинская» шахтасында жаңа FS 400 тазарту комбайнын монтаждау аяқталуға жақын. Жаңа техника жақын арада қоры 500 мың тоннадан асатын 16 Д1-Д2 лавасында іске қосылады. Бұл жайлы компанияның баспасөз қызметі мәлім етті.

Комбайнның электр қозғалтқыштарының жалпы қуаты 780 кВт, ол қалыңдығы 0,9-4 метр болатын көмір қабаттарында жұмыс істей алады. Сондай-ақ қашықтан басқару жүйесі, жетілдірілген мониторинг, тиімді шаң басу және апаттық тоқтату жүйелерімен жабдықталған. Бұл өндірістің қауіпсіздігін арттырып, техниканың сенімді жұмысын қамтамасыз етеді.
Монтаждау-демонтаждау учаскесі механигінің орынбасары Ардақ Алтайдың айтуынша, жаңа FS 400 комбайны бұрын қолданылған SL 300 үлгісінен екі есе қуатты. Оның қозғалу жылдамдығы минутына 23 метрге дейін жетеді, бұл көмір өндіру қарқынын едәуір арттыруға мүмкіндік береді.

Комбайнды әзірлеу кезінде автоматтандыру мен өндірістік қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлінген. Машинаны Bluetooth технологиясымен жұмыс істейтін радиопульт арқылы қашықтан басқаруға болады. Соның арқасында комбайншы ықтимал қауіпті аймақтан он тіреу секциясына дейінгі қашықтықта тұрып жұмыс істей алады.

Қазір өндіруші мамандар іске қосу-баптау жұмыстарын жүргізіп, шахта қызметкерлерін жаңа техниканы пайдалану мен қызмет көрсетуге үйретіп жатыр.
Диас СЕРІКҚАЗЫ



