Жауынгерге жанашыр жоба
Әскер өмірі темірдей тәртіп пен төзімге негізделген. Таңның атысынан кештің батысына дейін қатаң тәртіппен жүретін әскери қызметшілердің күнделікті тіршілігіне екінің бірі төтеп бермесі анық. Үнемі жауапкершілік пен психологиялық салмақты талап ететін қызмет барысында күйзеліске ұшырайтындар да жоқ емес. Сондықтан, оларға тек кәсіби даярлық қана емес, психологиялық қолдау, дұрыс бағыт-бағдар да ауадай қажет. Осы мақсатта «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қарағанды облыстық филиалы биылғы сәуірден «Азамат» жобасын қолға алды. Атап айтқанда, филиал мамандары өңірдегі әскери бөлімдерді аралап, 400-ге жуық әскери қызметшілер мен жас сарбаздарды қамтыған онға жуық ашық форматтағы тренинг өткізді.

Жоба қолға алынған аз ғана уақыттың ішінде өңірде ауқымды жұмыстар атқарылды. Жоба аясында филиал мамандары тәжірибелі психологтар мен салалық сарапшыларды жұмылдырып, өңірдегі әскери бөлім қызметшілермен, сарбаздармен жеке және топтық форматта кездесулер өткізді. Филиал жетекшісі әскерде несие жүктемесі ауыр жастардың қатары көптігін айтады. Осыған байланысты олармен жеке жұмыс жүргізіліп, қажетті психологиялық және ақпараттық қолдау көрсетіледі.
– Мамандар әскерге енді қабылданған жас сарбаздармен жеке-жеке тренинг өткізді. Олардың арасында «Мен әскерде жүргенде несиемді кім төлейді?» деп алаңдайтындары көп. Мұндай мәселелерді әскери бөлім басшылығы бастапқы кезеңнен-ақ назарда ұстауы қажет. Себебі, қаржылық қиындыққа байланысты туындайтын уайым мен күйзеліс уақыт өте келе үлкен мәселелерге ұласуы мүмкін. Бірқатар жастар осындай уайым салдарынан өз-өзін басқара алмай, түрлі әрекеттерге баруы ықтимал. Тіпті, құмар ойынға әуестік те осындай қиындықтардан кейін басталуы мүмкін. Сондықтан, жастарға дер кезінде қолдау көрсетіп, мәселесін ашық айтуға мүмкіндік беру маңызды. Бастапқыда жоба аясында 200 адамды қамтуды жоспарлаған болатынбыз. Алайда, сұраныс артып, қатысушылар саны күткенімізден де көп болды. Жыл соңында жобаның нәтижесін бағалау мақсатында фокус-топ өткізіледі. Оның барысында жобаға немесе семинарға қатысқандармен кері байланысы орнатылады, – деді қоғамдық бірлестіктің Қарағанды облыстық филиалының жетекшісі Индира Тоқмурзина.
Жобаның арнайы бағыты бойынша жұмыс істейтін мамандардың бірі – «Азамат» жобасының сарапшысы, психодрама терапевті Гүлмира Отыншина. Сала маманы әскери қызметшілер және сарбаздармен тұрақты кездесулер өткізіп, «Лудомания» дертіне қарсы арнайы тренингтер ұйымдастырады. Оның барысында маман күрделі медициналық және психологиялық ұғымдарды қарапайым әрі түсінікті тілмен жеткізіп, жауапты шешім қабылдау жолдарын көрсетеді.
– Бұл мәселе күштік құрылымдар үшін аса маңызды. Себебі, сала өкілдеріне қару сеніп тапсырылады. Ал, құмар ойынға тәуелді адамның психоэмоционалдық жағдайы тұрақсыз болуы мүмкін. Қарызға батып, тығырыққа тірелген жағдайда оның ойланбай, тәуекелді әрі қауіпті әрекеттерге бару ықтималдылығы жоғары. Әскери қызметшілерге қойылатын талап өте жоғары. Олар заңның міндеттері мен ішкі тәртіп ережелерін қатаң сақтауы тиіс. Сондай-ақ, қоғам мен әріптестері алдындағы жауапкершілік, ар-намыс пен ұят сезімі де оларға үлкен психологиялық салмақ түсіреді. Сондықтан, әскери ортада мұндай тәуелділіктің алдын алу шараларының маңызы ерекше. Бұл топтағы адамдардың тәуекелге бейімділігі қарапайым азаматтарға қарағанда жоғары. Сол себепті профилактикалық жұмыстар тұрақты жүргізілуі керек. Әр тренингтен кейін жеке кеңес алуға ниет білдіретін әскери қызметшілер мен сарбаздар бар. Алайда, олардың жеке мәселелері мен бізбен болған әңгімелері құпия сақталады. Бұл – мамандық этикасының басты қағидаларының бірі. Әр адаммен жеке жұмыс жүргізіп, оның мәселесін шешуге бағытталған қолдау көрсетеміз.
Әскери саладағы нәзік жандармен де тұрақты жұмыс жүргіземіз. Олар көбіне эмоционалдық жүктеме, қызмет пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті сақтау мәселесі бойынша кеңес алады. Себебі, әйел адам үшін жұмыс пен отбасы жауапкершілігінің ара-жігін ажырату әрдайым оңай емес. Қызметтік міндетін атқарып болған соң, ол үйіне келіп, жар әрі ана ретіндегі жауапкершілігін қатар алып жүреді. Бұл – үлкен психологиялық және эмоционалдық салмақ. Сондықтан, оларға қажетті қолдау көрсету, ішкі ресурсын сақтауға көмектесу маңызды, – деді Гүлмира Отыншина.
Одан бөлек, психолог біраз мәселенің адамның жеке тәжірибесі мен күнделікті өмірінен туындайтынын да жеткізді. Әсіресе, ер- азаматтар балалардың смартфонға шамадан тыс тәуелді болып бара жатқанына алаңдап, маман көмегіне жүгінетін көрінеді. Балаларының виртуалды ортадан шыға алмай жүргенін айтып, осы мәселені шешу жолдарын сұрайды.
– Бұл дерттен арылудың ең тиімді жолы – баланы басқа нәрсемен қызықтыру. Яғни, әкесі таңнан кешке дейін мемлекеттік маңызды қызметте болса да, уақыт тауып, кешкісін баласына: «Ұлым, жүр, далаға шығып футбол ойнайық!» десе, бұл бала үшін үлкен бақыт. Отбасымен бірге табиғат аясына шығып, бірге уақыт өткізудің өзі бала үшін шынайы қуаныш. Ол үшін көп ақша немесе қымбат саяхаттың қажеті шамалы. Тек бірге болу, бірлесе әрекет ету – маңызды. Отбасында бала әрдайым ата-анасына қарап өседі, – деді Гүлмира Сайдынқызы.
Осылайша, қоғамдық бірлестік мамандары қоғам үшін маңызды әрі жауапты істі қолға алып, жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Бүгінде олар әскер қатарына жаңадан қабылданған жастармен тұрақты кездесіп, әрқайсысының мәселесін назардан тыс қалдырмай, қажетті қолдау көрсетуге басымдық беруде. Қоғам бір күнде өзгермейді. Ал, ұрпағымыз саналы болсын десек, оларға дұрыс бағыт-бағдар беріп, кез келген мәселеге бейжай қарамай, нақты көмек көрсетуіміз керек. «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қарағанды облыстық филиалы мамандарының да көздегені – осы.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



