Жаңалықтар

Туристер таңдаған төр

Қайбір қалалардың өзіндік жөнекей ғұмыры бар. Бұған таңырқау тосындау жайт. Бір шаһарлар болады. Көз алдыңызда шек-күмәнсіз қалыптасып, өсіп-жеті­леді. Астана – сондай қалалардың бірі.

Суреттерді түсірген Оңалхан ӨНЕРХАН, Асантемір ҚАРШЫҒАҰЛЫ

Арман

Көкті қайшының жүзіндей кесіп-ұшып кезекті лайнер сайын дала бауырына иінін ие бастады. Ұшақ ішіндегі әдепкі жолаушыға иллюминатордан ұзақ уақыт бойы ештеңе көрінбейді: үтіктеп, тегістеп қойғандай жазық дала, анда-санда жылт еткен көл сәулесі, көкжиекпен астасқан шексіз кеңістік қана. Әлдебір сәтте ғана төменде ерек қала кескіні бой көтереді. Иә, адамдар секілді қалалар да тым жылдам өзгерсе, олардың шынайылығына күмәнмен қарауға болады. Біз ескі көшелердің байыппен «қартаю­ына», қабырғасына сызат түсіп, уақыт табы мен бірнеше ұрпақтың аңызы сіңген мекендерге ғана сенуге үйренгенбіз. Ал, мұнда отызға да толмаған Астана ғасырлар бойы тарихы қалыптасқан қалалармен әлем назарын бөлісіп тұр.

Астана аз ғана уақыт ішінде картадағы қарапайым нүктеден әлемге танылған, талқыланатын әрі саяхатшыларды өзіне тартатын ерекше құбылысқа айнала алды. Биыл ел астанасы бірден үш халықаралық туристік ұйымның мүшесі атанды, Германия, Қытай және Оңтүстік Кореядағы ірі туристік көрмелерге қатысты, шетелдік серіктестермен төрт жүзден астам келіссөз жүргізді. Алайда, мұндай сырлы сандардың ар жағында әлдеқайда маңызды дүние жатыр: Астана өз болмысын қалыптастыра білді.

Тарлан

Қазақ дүниетанымында өзге тілге бір сөзбен дәл жеткізу қиын ұғымдар бар. Осы сөз тек жылдамдықты ғана білдірмейді. Оның бойында еркіндік пен қарқын, қайсарлық пен айбар, дәлелдеуді қажет етпейтін сенімділік қатар тоғысқан. Жуырда дәл осы атау Tarlan Astana дейтін сәнді оралымымен елорданың жеңіл рельсті көлік жүйесіне берілді. Міне, 2026 жылғы 16 мамыр күні Астана уақытымен сағат 13:00-де бөгенайы бөлек қозғалыс ресми түрде іске қосылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ашылу рәсіміне өзі қатысып, бірнеше станцияны жүріп өтіп, №1 жолаушы картасын алды. Бұл символдық қадам әп-сәтте ақпарат құралдарына тарап, көктемнің ең көп талқыланған оқиғаларының біріне айналды.

Ұзындығы 22,4 шақырым болатын желі қаланың сол жағалауындағы негізгі аудандарды қамтып, Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайын, «Нұрлы жол» теміржол вокзалымен байланыстырады. Екі нүктенің тура арақашықтығы он шақырымнан сәл ғана асқанымен, желі қаланың басты нысандарын қамтитын үлкен доға түрінде салынған. Желіде 18 станция орналасқан. Қозғалыс толық автоматтандырылған әрі машиниссіз жүзеге асады. Осылайша Tarlan Astana аймақтағы алғашқы осындай көлік жүйесіне айналып, технология­лық жабдықталуы жағынан посткеңестік кеңістіктегі әлдеқайда көне метрополитендердің көбінен озық шықты.
Бір қызығы, мұндай сенімнен салқындық емес, қамқорлық сезіледі. Жүйе соншалықты бірқалыпты әрі дәл жұмыс істейді дерсіз, ұзақ сапардан шаршап келген жолаушы вагонға отырған соң еш алаңдамай, терезеден сыртқа қарап қана отыра алады. Терезе сыртында жаңа тұрғын үйлер, құрылыс алаңдары бірінен соң бірі сырғып өтеді. Кеше ғана бос жатқан жерде ертең жаңа шағын аудан бой көтеретінін көресіз. Осы үздіксіз қозғалыстың өзінен қарбалас емес, кең даланың сабырлы да сенімді тынысы сезіледі.

Талғам

Астана адамдарды өзіне шақыра біледі. Әуежайдан қалаға келе жатқан жолда әңгімелескен такси жүргізушілерінің бірі соңғы екі-үш жылда жұмыс уақытының едәуір ұзарғанын айтты. Бірақ ол мұны ауыртпалық ретінде емес, қуанышпен жеткізді.

– Келетін адамдар көбейді. Демек, жұмыс та көбейді, – деді ол.
Бұл сөздерде шағым емес, туған қаласының өзгерісіне куә болып, соған өзін де аз да болса үлес қос­тым деп сезінетін адамның сабырлы мақтанышы байқалды.
Осыған ұқсас әсерді үш тілде экскурсия жүргізетін Ұлттық музейдің жас қызметкерінен де естідік. Оның айтуынша, бірнеше жыл бұрын шетелдік туристер тобын қарсы алу сирек болатын ерекше оқиға саналса, бүгінде бұл – күнделікті жұмыс ырғағына айналған қалыпты жағдай. Шын мәнінде, туристік өрлеудің ең шынайы көрінісі дәл осындай қарапайым әңгімелерден құралады. Олар ресми есептерден әлдеқайда сенімді әрі әсерлі. Себебі, қаланың табысы ең алдымен статистикада емес, сол өзгерісті өз өмірімен сезініп жүрген адамдардың жүзінен байқалады.

Әуежайдан және бір ұшақ көтерілді. Әйнектен даланы көктей өткен рельстер де, асқақ күмбездер де, халықаралық фестивальдер де, миллиондаған туристер мен миллиардтаған инвестициялар да – бәрі, ең алдымен, Адам үшін жасалып жатқан қым-қуыт тіршілік кескіні қарауытады. №001 жолаушы картасын қолына алған алғашқы жолау­шы үшін. Ұшақтан түсіп, көз алдындағы көрініске алғашында сене алмаған турист үшін. Әр таң сайын Tarlan Astana вагонына отырып, осыдан аз ғана уақыт бұрын мұндай қала мүлде болмағанын да аңғармай өте шығатын елорда тұрғыны үшін. Жұмыс күні ұзара түскенімен, туған қаласына деген мақтанышы титтей де кемімеген такси жүргізушісі үшін. Мұражай залдарында шетел тіліндегі әңгіме бұрынғыдай сирек құбылыс емес, күнделікті жұмысқа айналғанына қуанатын жас экскурсия жүргізушісі үшін…

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button