Бұқар жырау ауданында жол жөндеу жұмыстары қарқын алды
Бұқар жырау ауданында автомобиль жолдарының сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Жүзеге асырылып жатқан жобалар жол инфрақұрылымын жаңғыртуға, көлік қатынасының қолжетімділігін арттыруға және жол қозғалысының қауіпсіздігі мен тұрғындардың жайлылығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Ақжар ауылына кіреберіс ұзындығы 5 шақырым болатын автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстары толық аяқталды.

Жоба аясында жолдың бойлық және көлденең бейіні түзетіліп, жол төсемінің негізі салынды, су өткізгіш құбырлар орнатылды, асфальтбетон жабыны төселіп, жол таңбалары сызылды.

Жаңартылған жол жабынының сапасы Жол активтері сапасының ұлттық орталығы жүргізген зертханалық сынақтардың нәтижелерімен расталды. Мамандардың қорытындысына сәйкес, асфальтбетон жабынының барлық көрсеткіші белгіленген нормативтік талаптарға толық сәйкес келеді.

Сонымен қатар Қарағанды – Калинино – Ақбастау – Суықсу облыстық маңызы бар автомобиль жолында да орташа жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Жөндеу жалпы ұзындығы 5 шақырымды құрайтын учаскелерді қамтиды.

Қазіргі уақытта айналма жолды салу жұмыстары жүргізілуде. Осыдан кейін мердігер ұйым негізгі жөндеу жұмыстарына кіріседі.

Аталған жобаларды іске асыру ауданның елді мекендеріне көлік қатынасының қолжетімділігін едәуір жақсартып, жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға, сондай-ақ Бұқар жырау ауданының тұрғындары мен қонақтары үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА



