Ермағанбет Бөлекпаев Осакаров ауданы тұрғындарымен ашық кездесу өткізді
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңір тұрғындарымен кездесулерін жалғастыруда. Кезекті ашық диалог Осакаров ауданында өтіп, ауыл тұрғындары облыс басшысына өздерін толғандырған мәселелерді тікелей жеткізу мүмкіндігіне ие болды.

Кездесу барысында негізінен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, елді мекендерді абаттандыру және ауылдарда жайлы өмір сүруге қолайлы жағдай қалыптастыру мәселелері сөз болды.

– Биыл Қарағайлы ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Есіл ауылында Есіл өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысы мен мектепті күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Молодёжный кентінде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар үшін жеке инвестициялар есебінен 60 пәтерлі тұрғын үй салынып жатыр. Сонымен қатар бюджет қаражаты есебінен тұрғын үйлерді сатып алуға қаржы бөлінді. Әлеуметтік әріптестік мәселесіне де арнайы тоқталғым келеді. Аудандағы он алты ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші, яғни өздеріңіздің жерлестеріңіз, аудан әкімдігімен меморандумдарға қол қойды. Олардың әрқайсысы нақты жобаларды жүзеге асырып келеді: жолдарды жөндейді, ауылдарды абаттандырады, балалар және спорт алаңдарын орнатады. Мұндай әріптестік ауылдық елді мекендердің дамуына елеулі серпін беретін маңызды бастама, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Облыс әкімі денсаулық сақтау жүйесін дамыту мәселесіне де ерекше тоқталды. Тұрғындардың медициналық көмектің қолжетімділігіне қатысты сауалдарына жауап бере отырып, ол өңірде телемедицина жүйесі кезең-кезеңімен енгізіліп жатқанын айтты. Пилоттық жоба бүгінде Шет ауданында сәтті жүзеге асырылуда. Оның аясында тұрғындар бейінді мамандардың кеңесін қашықтан ала алады.

Енді бұл тәжірибе Қарағанды облысының барлық қалалары мен аудандарында енгізіледі. Бұл медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, тұрғындардың бейінді мамандардың қабылдауына бару үшін әрдайым Қарағанды қаласына қатынау қажеттілігін азайтады.

Осакаров ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы аудан әкімі Руслан Нұрмұханбетов баяндады. Оның айтуынша, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар атқарылғанымен, бұл мәселе әлі де өзектілігін жойған жоқ. Өткен жылы сумен жабдықтау жүйесін дамытуға бағытталған төрт жоба іске асырылып, шағын ауылдарда жеті блокты-модульдік су тазарту станциясы орнатылды.

Сонымен қатар Мирное, Центральное және Приишимское ауылдарында су құбыры желілерін салу жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді. Қажетті қаржы бөлінгеннен кейін құрылыс жұмыстары басталады.

Ауданда жол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары да жүйелі түрде жалғасып келеді. Биыл Осакаровка – Есіл – Қаракөл – Молодёжный автомобиль жолының 10 шақырымдық учаскесіне орташа жөндеу жұмыстары басталды. Жоба екі жыл ішінде жүзеге асырылады.

Фермерлік шаруашылықтарды дамыту үшін аса маңызды бағыттардың бірі – ауыл тұрғындарын жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалған жоқ.

«Жайлау» жобасының нәтижесінде бірнеше ауылдық округте және Молодёжный кентінде жайылым тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік туды. Бұдан бөлек, ауданның арнайы жер қорына 2,1 мың гектардан астам жайылымдық жер қайтарылды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Кездесу барысында тұрғындар көтерген барлық мәселе жан-жақты зерделеніп, олардың орындалуы тұрақты бақылауға алынады.

Сондай-ақ облыс әкімі азаматтарды жеке қабылдап, аудан тұрғындарының жеке өтініштері мен ұсыныстарын қарады.




