Қарағандыдағы Орталық саябақтың батыс бөлігінде орналасқан алма бағы бүгінде қала тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналып келеді. Шаһар тарихындағы алғашқы ауқымды алма бақта жалпы саны 5000 түп алма ағашы отырғызылған. Мұнда «Антоновка», «Белый налив», «Сибирячка» секілді танымал сорт өсірілуде. Ал, көпірдің арғы бетінде табиғи ортаға бейімделген жабайы алма ағаштары егілген. Алайда, алма бағына серуендеуге келушілердің арасында оның тазалығы мен күтіміне немқұрайлы қарайтындар да аз емес. Соңғы уақытта бақ аумағында қоқыс қалдырып, қоғамдық кеңістіктің тазалығына нұқсан келтіретіндердің қатары көбейіп барады.

Көктемде алма ағаштары гүлдеген шақта бұл аумақ ерекше көрікке енеді. Гүлге оранған баққа тұрғындар мен қала қонақтары арнайы келіп, табиғаттың әсем көрінісін тамашалап, естелік суреттерге түседі. Алайда, табиғаттың бұл сыйын бағалай бермейтіндер де кездеседі. Кейбір демалушылар ағаш бұтақтарын сындырып, бақ аумағында қоқыс қалдырып кетеді. Мұндай әрекеттер көпшіліктің демалысына қолайсыздық туғызып, жасыл желектің күтіміне де кері әсерін тигізеді.
Алма бағын күтіп-баптап жүрген мамандардың бірі Сәкен Келдібаев әрбір көшетті отырғызу алдында оның жергілікті топыраққа бейімділігі мұқият зертханалық талдаудан өткізілетінін айтады. Тек оң нәтиже көрсеткен көшеттер ғана іріктеліп, бақ аумағына отырғызылады екен.
– Біз көшеттерді отырғызбас бұрын міндетті түрде талдау жасаймыз. Жерге бейімділігі анықталғаннан кейін ғана таңдап алып келеміз. Қазір ағаштардың шамамен 80 пайызы жақсы өсіп келеді. Мен күн сайын келіп, қызметкерлерге кеңес беріп, жұмысты бақылап отырамын, – деді ол.
Маманның айтуынша, бақтағы ағаштар арнайы агротехникалық талаптарға сәйкес отырғызылған. Қатарлар арасындағы қашықтық шамамен 4-5 метрді құраса, бір қатардағы ағаштардың арасы үш метр болып белгіленген. Мұндай жүйе көшеттердің еркін өсуіне қолайлы жағдай жасап, суару, күтіп-баптау және басқа да агротехникалық жұмыстарды тиімді жүргізуге мүмкіндік береді. Бақтағы күнделікті жұмыстар туралы бригадир Любовь Юрьевна күтім бір күнге де тоқтамайтындығын баса айтты.
– Біз күн сайын ағаштарды күтіп-баптаймыз. Таңғы сағат 4:00-ден бастап, күн ысығанға дейін суарамыз. Содан соң кешкі сағат 19:00-ден түнгі 00:00-ге дейін қайта суару жүргізіледі. Сонымен қатар, ағаштардың түбіне ағаш үгінділері төселеді. Ол топырақтағы ылғалды сақтап, қыста тамырдың тоңып қалмауына көмектеседі. Өскен ағаштардың тіреуіш жіптері алынып тасталады. Қажет болған жағдайда бұтақтарына күтім жасаймыз, – деді бригадир.
Мамандардың айтуынша, ағаштарды күннің аптап ыстығында суаруға болмайды екен. Өйткені, мұндай кезде жапырақтар күйіп қалуы мүмкін. Сонымен қатар, судың едәуір бөлігі буланып кететіндіктен, суару жұмыстарының тиімділігі төмендейді. Сәкен Келдібаевтың сөзінше, алма ағаштарының сорттары олардың пісу мерзіміне қарай арнайы жоспар негізінде таңдалған. Мәселен, «Белый налив» сорты ерте пісетін болса, «Антоновка» алмасы қыста ұзақ сақтауға қолайлы. Бір алманың орташа салмағы 120-150 грамға дейін жетеді. Бұл көрсеткіш ағаштардың дұрыс күтім көріп, қолайлы жағдайда өсіріліп жатқанын аңғартады.
Биылғы ауа райының құбылмалығы алма бағына да әсерін тигізбей қоймады. Көктемгі үсіктің салдарынан бірқатар «Антоновка» сорты зақымданған. Соған қарамастан, мамандар табиғи факторлардан гөрі адам әрекеті мен қараусыз жүрген жануарлардың баққа келтіретін зияны әлдеқайда көп екенін айтады. Олардың сөзінше, кейбір келушілер ағаш бұтақтарын сындырып, жас көшеттерді зақымдаса, қараусыз жүрген жануарлар да өсімдіктердің қалыпты өсуіне кедергі келтіреді. Сондықтан, мамандар тұрғындарды қоғамдық мүлікке жауапкершілікпен қарап, алма бағының сақталуына ортақ үлес қосуға шақырады.
– Кейбір тұрғындар иттерін бос жібереді. Олар топтасып, жас көшеттерді сындырып кетеді. Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Одан да өкініштісі – өткен жылы отырғызылған павлония ағаштарының тағдыры. Еуропадан әкелінген, ірі жапырақты бұл ағаштар көмірқышқыл газын көбірек сіңіріп, молырақ оттегі бөліп, саялы көлеңке береді деп жоспарланғанбыз. Алайда, белгісіз біреулер 50 көшеттің 50-ін де сындырып кеткен. Қыста бәрін арнайы қаптап, балаша бағып-күттік. Көктемде ашып қарасақ, сынып қалған. Жүрегіміз ауырады. Қала тұрғындары неліктен бұлай істейтінін түсіне алмай-ақ қойдық, – деді Сәкен Келдібаев.
Ағаштарды күтіп-баптаудың да өзіндік тәртібі бар. Мамандардың айтуынша, әр бұтақ белгілі бір талапқа сай мұқият кесіліп, жарақаттанған тұсына арнайы қорғаныш май жағылады. Осындай жүйелі күтім мен тынымсыз еңбектің нәтижесінде бақтағы көптеген көшет тамырын тереңге жайып, бүгінде мол өнім бере бастаған.
Алма бағының бүгінгі жай-күйі табиғатты қорғау тек коммуналдық қызмет мамандарының ғана міндеті емес екенін айқын көрсетеді. Көшеттерді отырғызу мен оларды күтіп-баптауға қомақты қаражат пен үлкен еңбек жұмсалғанымен, тұрғындар тарапынан жанашырлық болмаса, мұндай бастамалардың нәтижелі болуы қиын. Сондықтан, қоғамдық игілікке айналған жасыл желекті сақтау – әрбір тұрғынның ортақ жауапкершілігі.
Мамандар экологиялық мәдениетті қалыптастыру жұмыстарына да ерекше көңіл бөлу керектігін айтады. Осы мақсатта мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында табиғатты қорғауға бағытталған тәрбиелік іс-шараларды көбейтіп, жастарды ағаш отырғызу мен оны күтіп-баптау жұмыстарына тарту керектігін айтады.
Сондай-ақ, тұрғындардың өздері де қоғамдық игілікке бейжай қарамауы тиіс. Егер қоғамдық мүлікке зиян келтіретін әрекеттерге куә болса, тиісті ескерту жасап немесе жауапты мекемелерге хабар бергені жөн. Өйткені, бүгін аман қалған әрбір көшет – ертеңгі саялы көлеңке. Таза ауа мен келер ұрпаққа қалатын жасыл мұра. Табиғатты қорғау – бір мекеменің ғана емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті.
Жанерке ДӘУЛЕТБЕК,
ҚарҰЗУ-дың ІІ курс студенті



