«Жаугершілік заман емес, бірақ, біздің де майданымыз бар». Бұл сөздер – өмір мен өлім арасындағы қыл көпірде, жалынның қарыған демімен күнделікті арпалысып, өз ғұмырын қатерге тігетін Қарағанды өрт сөндірушілерінің айнымас қағидасы. Қаланың тыныштығын көздің қарашығындай сақтап, оттың ортасына жасқанбай кіретін, жүрегі жалыннан да ыстық батырлардың әрбір күні – адамзат тағдыры үшін жасалған ұлы таңдау. Біздің қаламыздың бейбіт тыныштығына жауапты қарапайым дабыл үнінің артында зор жауапкершілік, от пен судың заңдылықтарын бағындырған нағыз ерлік жатыр. Бұл – жай ғана мамандық емес, бұл – адамзаттың амандығы үшін өзін отқа түсуге арнаған ерекше жандардың тағдырлы таңдауы.

СПЧ-1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің ішіндегі үйреншікті тыныштықты кенеттен тілген дабыл үні – қарапайым тұрғындар үшін жай ғана техникалық шу болса, бөлім жігіттері үшін бұл – тағдырлы шақтың, өмір мен өлімнің шекарасы сызылған сәттің белгісі. Дәл осы секундтан бастап, уақыт өлшемі мүлде өзгереді. Жауынгерлік киімдерін 30 келілік ауыртпалығымен бірге лезде киіп, зілдей салмақты техниканы оталдырып, қақпадан атып шығуға берілетін 60 секунд – адам өмірін сақтап қалудың басты шарты, ажалмен жарысудың ең маңызды кезеңі. 2015 жылдың қазан айында іргесі қаланған бұл 4 қабатты ғимарат – қаншама отбасының үмітін сөндірмеген, ерлік пен кәсібиліктің алтын бесігі. Бөлімде үздіксіз қызмет атқаратын 112 қызметкердің әрқайсысы қаланың қауіпсіздігіне жауапты, олардың әрбір күні осы бір минутқа байланған, әрбір секундына жанпидалық сіңген.
Диспетчерлік пультте отырған кіші сержант Лаура Смағұлованың әрбір секундты қадағалайтын өткір көзі мен темірдей сабырлылығы – бүкіл бөлімнің үйлесімді жұмысының жүрегі. 10 маусым, 2026 жыл, сағат 11:30:17. Пульттегі дабыл Титов көшесіндегі 82-үйден түсті. Лаураның дауысы тастүйін, сабырлы, бірақ бұйрықтай нақты. Ол бірден жедел топты аттандырады. Бұл – уақытпен жарыс. Диспетчер дауысынан жауынгерлер төтенше жағдайдың ауқымын, оқиға орнындағы жағдайдың күрделілігін бірден сезінеді. Сағат 11:36:12. Оқиға орнына алғашқылардың бірі болып жеткен СПЧ-1 бөлімше командирі, аға сержант Дархан Қошықов жағдайды бір қарағаннан-ақ, саралап үлгерді. Ол – өз ісінің нағыз майталманы, офицерлік тәжірибесі мен жауынгерлік жігері ұштасқан маман. «Барлығымыз жауынгерлік шепке!» – деген пәрмені өрт сөндірушілердің бойына күш береді. Бұл жерде Дарханның әрбір қадамы – өрт сөндірушілердің өмірін қорғау мен тілсіз жауды тездетіп ауыздықтаудың тепе-теңдігі. Ол оқиға орнындағы барлық басқаруды өз мойнына алып, эвакуация мен сөндіру жұмыстарын шеберлікпен үйлестірді. Дарханның офицерлік біліктілігі мен сабырлылығы осы қиын сәтте үлкен өрттің бетін қайтаруда шешуші рөл атқарды.
Қоғамдағы «өрт сөндірушілер сусыз келді» деген жаңсақ пікірдің сыры тереңде жатыр. Өрт сөндіру техникасының сыйымдылығы – 5000 литр. Алайда, заманауи сорғылар секундына 40 литрге дейін су шашады. Бұл дегеніміз, 5 тонна су толық қысыммен шашылғанда небәрі 6-8 минутқа ғана жетеді! Өрт сөндіру жеңдерінің ішіне 350 литрге дейін су сияды. Дархан Қошықов басқарған топ осы физикалық заңдылықты ескере отырып, суды барынша үнемді пайдаланды. Сол сәтте диспетчер Лаура Смағұлова рация арқылы басқа бөлімшелерді «перекачкаға» тұрғызып, үзіліссіз су келуін қамтамасыз етті. Ең ауыр сын Рыночная көшесіндегі жеке тұрғын үйде болған өрт кезінде туындады. 70 шаршы метр аумақты жалмаған жалынның ортасында 27 литрлік газ баллоны жарылуға шақ тұрды. Температура мың градусқа жеткенде, баллон ішіндегі қысым артып, оның жарылуы – уақыт еншісіндегі дүние еді. Дархан Жетенұлы өзі бастаған топпен жалынды жарып өтіп, қауіпті аймаққа кірді. Олар балқып тұрған баллонды сыртқа шығарып үлгерді. Дәл осы ерлік барлығының өмірін сақтап қалды. Сағат 12:20:08-де рациядан қуанышты хабар естілді: «Өрт оқшауланды!». Бұл – тек сөз емес, бұл – жеңіс, бұл – өмірдің оттан басым түскен сәті! Өрт сөндірушілердің бұл табандылығы мен батылдығы талай адамның тағдырына араша түсті.
Бөлімнің күнделікті тәртібі – 09:00-ден түнгі 23:00-ге дейінгі үздіксіз жаттығулар, теориялық сабақтар мен шаруашылық жұмыстары. Олар әрбір мұржаның, электр желісінің қаупін жатқа біледі. Бірақ, тұрғындардың мұржаны тазаламауы, пешті қараусыз қалдыруы олардың жұмысын қиындатады. Әрбір жеңдік желінің, әрбір техниканың жарамдылығы – өрт сөндірушінің күнделікті тексерісіндегі дүние. Олардың әрбір қимылы – өліммен арпалысқан сәттегі ең жоғары кәсібиліктің дәлелі. Бұл – темірдей тәртіп пен болаттай шыңдалған ерік-жігердің мектебі.
Осы жолдарды оқып отырған сәтіңізде, қаланың қай түпкірінде болсын, кезекшілік пультіндегі дабыл тағы да шыр ете түсуі әбден мүмкін. Сол мезетте Дархан Жетенұлы бастаған қайсар ұландар мен қырағы диспетчер Лаура Смағұлова үшін уақыт тынысы тағы бір рет тереңдейді. Олар үшін 60 секунд зор мәнге ие. Қызыл желілі көліктер даланың тыныштығын бұзып, өрттің жалынына қарсы ұшып бара жатады. Олар – біздің заманның нағыз қаһармандары, күн мен түннің, өмір мен өлімнің арасындағы бұзылмас қорған, елдің берекесі мен тыныштығын күзеткен темірдей берік қалқанымыз.
Аяулым ЖАНАТОВА,
ҚарҰЗУ-дың II курс студенті



