АймақҚарағанды

Еңбек адамының жаңа буыны

Бүгінгі жас буын үшін өндіріс саласы қаншалықты тартымды? Қарағанды сияқты өндірісті өңір үшін бұл – уақыт создырмай жауап іздеуді қажет ететін өзекті сауал. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен басталған «Жұмысшы мамандықтары жылы» – біржылдық науқан емес, еңбек адамының мәртебесін көтеріп, техникалық білімнің маңызын арттыруға бағытталған жүйелі қадам. Сананың жаңғыруы өндірістен басталатынын ескерсек, Арқа жастары нақты секторға баруға дайын ба? Сұрақ пен мәселенің мән-жайын бағамдап көрелік…

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Сұраныс бар, кадр тапшы

Кеншілер өңірі үшін өндіріс – экономиканың ғана емес, тұтас еңбек нарығының өзегі. Аймақта кенші, металлург, энергетик, дәнекерлеуші, инженер секілді мамандықтар қашан да ерекше мәнге ие. Өйткені, өңірдің өндірістік қуаты осы еңбек адамдарының маңдай терімен өлшенеді. Дегенмен, уақыт өзгерді. Бүгінгі жас буын мамандық таңдағанда тұрақты жұмысқа ғана емес, табысқа, еңбек жағдайына, қауіпсіздікке, кәсіби өсуге және қоғамдағы беделге де қарайды. Бүгінгі еңбек нарығы дәл осыны талап ететіні хақ.

Қарағанды облысында өндірістік және жұмысшы мамандық иелері ең сұранысқа ие кадрлар қатарында. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының еңбек нарығын талдау және мониторинг бөлімінің басшысы Айнагүл Ермағанбетованың дерегінше, Enbek.kz электрондық еңбек биржасында өңір бойынша 2 281 хабарландыру негізінде 4 614 бос жұмыс орны жарияланған. Оның ішінде өндірістік және жұмысшы мамандықтарға 1000-нан астам вакансия бар. Ұсынылатын жалақы көлемі 150 мың теңгеден 600 мың теңгеге дейін.

– Сұранысқа ие мамандықтар қатарында инженер-энергетик, өндіріс инженері, тау-кен инженері, жабдық жөндеу шебері, автоматтандыру инженері, инженер-химик, электргазбен дәнекерлеуші, оператор, слесарь, қазандық машинисі секілді кәсіптер бар. Өндірістік және жұмысшы мамандықтарға деген сұраныс жоғары, – дейді ол.

Демек, өңірде жұмыс бар. Сұраныс бар. Тіпті, өндірістік мамандықтар бойынша табыс табудың да даңғыл жолы қалыптасқан. Бірақ, мәселе басқа тұста. Еңбек нарығы қажет етіп отырған осы мамандықтарға жастар қаншалықты дайын?

Айнагүл Ермағанбетова жастардың өндірістік салаға бірден келе бермеуінің бірнеше себебін атап өтеді. Оның сөзінше, қоғамда «табысты мансап» ұғымы көбіне кеңсе жұмысы, жоғары білім, IT немесе бизнеспен байланыстырылып келеді. Қазіргі жастар жылдам әрі жоғары табыс күтеді. Ал, өндірісте табыс көбіне тәжірибемен, кәсіби дағдымен және уақытпен бірге өседі. Осы арада жастардың күткені мен еңбек нарығының шынайы талабы арасында алшақтық пайда болады.

Тағы бір себеп – өндіріс туралы ескі түсінік. Көпшілік оны физикалық жүктемесі көп, ауысымды кестесі бар, шу және белгілі бір тәуекелдермен байланысты сала ретінде елестетеді. Қашықтан жұмыс, икемді кесте, жайлы кеңсе, стартап секілді ұғымдар кең тараған заманда өндіріс жастарға тартымсыз орта болып көрінуі мүмкін. Алайда, қазіргі өндіріс бұрынғыдан әлдеқайда өзгерген. Зауыттар мен кәсіпорындарда автоматтандыру, цифрлық басқару, жаңа технологиялар енгізіліп, жұмысшы мамандықтардың мазмұны да күрделеніп, кәсіби талаптары артты.

Осы тұста басты мәселе айқындалса керек. Жастар өндірістен емес, өндіріс туралы ескі түсініктен қашады. Сондықтан, жастарға өндірістің бүгінгі келбетін көрсету, нақты кәсіпорынмен таныстыру, еңбек жағдайы мен кәсіби өсу жолын түсіндіру – жұмысшы мамандықтардың беделін арттырудағы негізгі міндеттің бірі.

Жастар таңдауы нені аңғартады?

Жастардың өндірістік мамандықтарға көзқарасы тек еңбек нарығындағы сұраныспен ғана өлшенбейді. Бұл – құндылық және кәсіби бағдар мәселесі.

Қарағанды облысының жастар ресурстық орталығының директоры Аслан Қабегеновтің айтуынша, жастар арасында өндірістік мамандықтардың беделі қазіргі таңда тұрақты деңгейде. Соңғы жылдары бұл бағытта оң өзгеріс­тер байқалады. Әсіресе, Жұмысшы мамандықтар жылы өндірістік және техникалық мамандықтарға деген қызығушылықтың артуына ықпал еткен.

– Жастар арасында өндірістік мамандықтардың беделі қазіргі таңда тұрақты деңгейде. Соңғы жылдары бұл бағытта оң өзгеріс­тер байқалуда. Әсіресе, былтырғы жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жариялануы – бұл салаға ерекше серпін беріп, өндірістік және техникалық мамандықтарға деген қызығушылықтың артуына ықпал етті. Дегенмен, жастардың таңдауына әсер ететін басқа да себептер баршылық. Соның бірі – әлеуметтік желі. Қазіргі буын Instagram, TikTok секілді әлеуметтік желі арқылы жұмыс, табыс, өмір салты туралы түрлі түсінік қалыптастырады. Онда көбіне жеңіл, еркін, сәнді әрі жоғары табысты жұмыс үлгілері көбірек көрінеді. Мұндай көрініс өндіріс, зауыт, шахта, техникалық еңбек сияқты салаларды екінші қатарға ысырып тастауы мүмкін, – дейді Аслан Берікбекұлы.

Сондай-ақ, жастар жұмысқа кіріскен алғашқы күннен-ақ, жоғары жалақы алғысы келеді. Бірақ, кез келген салада кәсіби деңгейге жету үшін уақыт, тәжірибе және нақты дағды қажет. Өндіріс те сондай. Мұнда табыс бірден емес, біліктілікпен, жауапкершілікпен, еңбек тәртібімен және тәжірибемен бірге өседі.

Осы тұрғыдан алғанда, жастарды өндіріс саласына тарту үшін құр насихат жеткіліксіз. Оларға өндірістің нақты мүмкіндігін көрсету, табысты жұмысшы мамандармен кездестіру, кәсіп­орын ішіндегі процесті таныстыру, техникалық мамандықтардың бүгінгі мазмұнын түсіндіру маңыз­ды.

Бұл бағытта өңірде бірқатар ілкімді іс жүргізіліп келеді. Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы мен облыстық жастар ресурстық орталығының бастамасымен өндіріс саласын насихаттауға арналған түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылған. Олардың қатарында «Жұмысшы мамандықтар жылы: болашақ – шеберлікте» форумы, жастар арасындағы бос жұмыс орындарының облыстық жәрмеңкесі, «JastarX» диалогтық алаңы, студенттер мен жоғары білікті мамандар арасындағы кездесулер бар.

Бұл іс-шараларға студенттер, оқытушылар, бизнес өкілдері, мемлекеттік органдар қызметкерлері және білім беру саласының сарапшылары қатысып, жалпы саны 700-ден астам адам қамтылған. Сонымен қатар, өңірде дуальды оқыту жүйесін дамыту, 300-ге жуық ірі кәсіпорынмен байланыс орнату, білім беру ұйымдары мен өндіріс орындары арасындағы ынтымақтастықты күшейту бағытында да жұмыс жүргізілуде.

Көзқарасты өзгерткен тәжірибе

Ресми дерек пен ұйымдастырылып жатқан жобалар бір бөлек. Ал, жас адамның мамандыққа келу жолы, ішкі таңдауы, өндіріс туралы түсінігінің өзгеруі – мәселенің екінші пұшпағы.

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің түлегі Әлішер Секен де мұны өз тәжірибесімен байланыстырады. Оның айтуынша, жастардың бір бөлігі техникалық немесе өндірістік бағытқа әу баста саналы қызығушылықпен емес, грант мүмкіндігі үшін түседі. Бірақ, оқу барысында, әсіресе, өндірістік іс-тәжірибе кезінде көзқарас өзгеруі мүмкін.

– Шыны керек, жоғары оқу орнына, оның ішінде тау-кен өндірісі бағытына жастардың көбі грант бар болған соң түсетіні жасырын емес. Өзім де бастапқыда осы оймен таңдаған едім. Әйткенмен, оқу барысында, әсіресе, өндірістік іс-тәжірибеден нақты өндіріс ошақтарында өткен кезде бұл салаға деген көзқарасым өзгерді. Өндірістің ішкі тәртібін, маман еңбегінің жауапкершілігін көріп, қызығушылығым арта бастады. Жуырда дипломымды алдым. Қазір мамандығым бойынша бос жұмыс орындарын қарап жүрмін. Мен үшін ең маңыздысы – бірден жоғары жалақы емес, ең әуелі қабілетімді шыңдап, тәжірибе жинақтау. Алдағысын уақыт көрсетер, – дейді Әлішер Секен.

Бұл пікір жастардың өндірістік салаға қатысын біржақты бағалау­ға болмайтынын көрсетеді. Әлішердің сөзінде тағы бір маңызды ой бар. Ол үшін алғашқы кезеңде жалақыдан бұрын тәжірибе мен кәсіби қалыптасу маңызды.

Демек, жастарды өндіріске тартудың ең тиімді жолдарының бірі – оларды нақты өндіріс ортасымен ертерек таныстыру. Университет пен колледж қабырғасындағы теория кәсіпорындағы тәжірибемен ұштаспаса, жас маман өз таңдауының мәнін толық сезіне алмауы мүмкін.

Еңбек беделі неден басталады?

Жастарды өндірістік салаға тарту үшін ең алдымен, өндіріс туралы қалыптасқан ескі түсінікті өзгерту қажет. Бұл тек ақпараттық науқанмен шектелмейді. Мектеп қабырғасынан бастап жүйелі кәсіптік бағдар жүргізу, оқушылар мен студенттерді нақты кәсіп­орындарға апару, жұмысшы мамандардың еңбек жолын көрсету, өндірістегі заманауи технологиялармен таныстыру маңызды.

Бүгінгі жас үшін мамандықтың атауы ғана жеткіліксіз. Ол сол мамандықпен ертең қайда жұмыс істейтінін, қанша табыс таба алатынын, қандай ортада еңбек ететінін, кәсіби тұрғыда қалай өсетінін білгісі келеді. Сондықтан, кәсіпорындар да жастармен жұмыс істеудің жаңа тәсілдерін қалыптастыруы тиіс. Жалақы, еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік пакет, тәлімгерлік, мансаптық өсу мүмкіндігі туралы ашық ақпарат берілсе, өндірістік мамандықтардың тартымдылығы арта түсері анық.

Бұл ретте оқу орындары мен өндіріс кәсіпорындарының байланысы шешуші рөл атқарады. Дуальды оқыту жүйесі, өндірістік практика, жұмыс берушілермен бірлескен білім бағдарламалары қағаз жүзіндегі әріптестік күйінде қалмауы керек. Студент нақты өндіріс үдерісіне араласып, өз мамандығының мазмұнын ерте түсінгенде ғана еңбек нарығына сенімді қадам жасайды.

Мемлекет басшысының жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру жөніндегі тапсырмасының мәні де осында. Бұл бастама жастарды бір салаға жаппай бағыттау емес, еңбек адамына деген қоғамдық көзқарасты жаңарту, нақты секторға қажетті кадр даярлау және жастарға тұрақты кәсіби жол ұсыну мақсатын көздейді. Қарағанды сияқты өндірісті өңір үшін бұл – айрықша маңызды міндет.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button