Жаңалықтар

Оңай олжа опық жегізеді

«Жылтырағанның бәрі алтын емес». Қаржы пирамидалары туралы сөз болғанда осы нақыл еріксіз еске түседі. Соңғы жылдары әлеуметтік желілер мен түрлі мессенджерлер арқылы азаматтарды жоғары табысқа кенелуге шақыратын күмәнді жобалар көбейген. Алайда, олардың көпшілігі уәде еткен пайданы емес, қаржылық шығын мен өкініш әкелді.

Коллажды жасаған Арайлым Коктаева

Қарағанды облысында да мұндай заңсыз әрекеттердің жолын кесу бағытындағы жұмыс жалғасуда. Облыс прокуратурасының үйлестіруімен экономикалық тергеп-тексеру департаменті биыл қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету фактілері бойынша үш қылмыстық іс тіркеді. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, заңсыз қаржы схемаларына 400-ден астам адам тартылған.

Өткен жылдың көрсеткіштері де мәселенің өзектілігін аңғартады. 2025 жылы қаржы пирамидаларына қатысты төрт сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Нәтижесінде 50-ден астам азамат зардап шегіп, келтірілген материалдық шығын көлемі 67 миллион теңгеден асқан. Қаржы пирамидаларының басты ерекшелігі – олардың нақты өндіріс, сауда немесе инвестициялық қызметтен пайда таппауында, – деп мәлімдейді облыс прокуратурасы. Мұндай жүйелерде алғашқы қатысушыларға төленетін қаржы кейін қосылған адамдардың салымдары арқылы беріледі. Сондықтан, жаңа қатысушылардың легі тоқтаған сәтте жүйе де күйреп, адамдар жиған-тергенінен айырылып қалады.

Құқық қорғау органдары әшкерелеген осындай схемалардың бірі – «Takorp» қаржы пирамидасы. Ұйымдастырушылар азаматтарға салған қаражаттарын қысқа мерзім ішінде екі есеге дейін көбейтуге болатынын айтып, жоғары табысқа қызықтырған.

Сонымен қатар қатысушыларға төленетін сыйақы жаңа адамдарды тарту көрсеткішіне және олардың белсенділігіне байланысты болған. Тергеу барысында күдіктілердің иелігіндегі 32 мың АҚШ долларынан астам сомаға тең криптовалютаға тыйым салынды. Бұл қаражаттың заңсыз жолмен алынған болуы мүмкін екені тексерілді. Іс сотқа жолданып, нәтижесінде азамат «М» Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 217-бабының 2-бөлігінің 1 және 4-тармақтары бойынша кінәлі деп танылды. Сот оған 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Алайда, үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Қаржы алаяқтарының құрбаны болғандардың қатарында қарапайым тұрғындар да бар. Қала тұрғыны Саяжан Исабаева да интернет-алаяқтардың арбауына түсіп қалған. Оның айтуынша, бір күні белгісіз адамдар өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстырып, күмәнді қаржылық операция тіркелгенін хабарлаған.

«Олар өте сенімді сөйлесті. Дауыс ырғағы да, сөз саптауы да нағыз банк қызметкеріндей көрінді. Картадағы қаражатымды сақтап қалу үшін белгілі бір әрекеттер жасау қажет екенін айтты. Мен айтқандарына сеніп, қажетті мәліметтерді орындадым. Арада аз уақыт өткенде есепшотымнан ақша шешіліп кеткенін білдім. Сол кезде ғана алаяқтардың арбауына түскенімді түсіндім», – дейді Саяжан Исабаева. Оның сөзінше, мұндай жағдайға тап болған адам өзін ғана емес, отбасы мүшелерін де қиын жағдайға қалдырады. Сондықтан, тұрғындарды бейтаныс адамдарға сенбеуге, жеке деректер мен банк картасына қатысты мәліметтерді ешкімге бермеуге шақырады. Қарағанды облысы прокурорының көмекшісі Сабина Апеисованың айтуынша, азаматтар қаржы салмас бұрын ұйымның қызметін мұқият зерттеуі қажет.

«Егер қандай да бір компания аз уақыт ішінде жоғары табысқа кепілдік берсе, жаңа қатысушылар тартуды талап етсе немесе қызметінің мәнін нақты түсіндіре алмаса, ондай ұсыныстарға сақтықпен қараған жөн. Банк қызметкерлері ешқашан телефон арқылы карта нөмірін, құпия сөзді немесе SMS арқылы келген растау кодтарын сұрамайды. Азаматтар жеке мәліметтерін үшінші тұлғаларға бермеуі керек», – дейді Сабина Апеисова. Қаржы қауіпсіздігі әр адамның өз қолында. Қазақ «Оңай келген олжа оңай кетеді» дейді. Сондықтан, жеңіл табысқа қызықпай, әр ұсынысты жан-жақты саралап, әр қадамды ойланып басқан жөн. Адал еңбекпен келген табыс қана берекелі әрі баянды болмақ.

Нұрдана ИБРАГИМОВА,
ҚарҰЗУ-дың ІІ курс студенті

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button