Жаңалықтар

Алаңда жанған намыс оты

«Желтоқсан оқиғасы» дегенде «Елім!» деп егескен, Тәуелсіздік үшін күрескен ерлер есімі жадымызда ерекше жаңғырады. Ондай тұлғалардың есімі санада мәңгі сақталады. Себебі, оларды тарих ұмытпайды. Сол кездегі алаңға шыққан студенттердің алды бүгінде ел ағасы болды.

Коллажды жасаған Шынар Адамбекова

Биыл Желтоқсан оқиғасына 40 жыл толып отыр. Арада ондаған жыл өтсе де, Желтоқсан оқиғасы маңызын жойған жоқ. Керісінше, уақыт өткен сайын оның шынайы бағасы айқындала түсті.

Сол кезде алаңға шыққан жастар жай ғана қарсылық танытқан жоқ. Олар тұтас бір ұлттың ішінде тұншығып жатқан үнін алып шықты. Сол үннен кейін азаттықтың жаңғырығына айналды.

Қазіргі жастар Желтоқсанды күнтізбедегі жай күн ретінде қабылдамауы керек. Ол – еркін ойдың, азаттық ұстанымның, ұлттық рухтың сабағы. Сол кездегі студенттердің жасы бүгінгі университет аудиториясында отырған жастармен шамалас еді. Олар қорықты, бірақ, үнсіз қалмады. Міне, Желтоқсанның ең үлкен тағылымы да осында.

Жастар наразылығы Алматыда басталып, Қазақстанның көптеген аймақтарына, соның ішінде Қарағандыға да тарап кетті. Қарағандылықтар оны сырттай бақылаушы болып қана қалмай, оған үн қосты. Студенттер мен жұмысшы жастар алматылық құрбыларына жасалып жатқан қиянатты білсе де, тәуекелге бел буып, топтасып алаңға шықты, әділетсіздікті тыюды талап етті.

Нақтырақ айтсақ, қарағандылықтар ел ертеңі үшін алаңға шығып, қолдау көрсетті. Бұл туралы Желтоқсан көтерілісінің қатысушысы, «Желтоқсан» республикалық халықтық отаншылдық қозғалысының Қарағанды облыс­тық филиалының төрағасы Абай Абдрахман айтып берді.

– Біздің қаладағы толқулар екі күнге созылды. Алаңға шығып, наразылық білдіріп, сүрінген халықты сүйеудің орнына бірден темір торға жапты. Қазір міне, мұнда біз, қарағандылықтардан 50-ге жуық адам бармыз. Әркімнің тағдыры әрқилы. Біреуі елдің болашағы мен азаттығы үшін күресем деп алаңға шығып, соңында қамауға алынса, енді бірі ақталып, босады. Арамызда екінші топтағы мүгедек жан бар, тағы бір жігіттің жұбайы мен баласы да дәл қазір осындай ауыр күй кешіп отыр. Кімге, не шара айтарыңды да білмейсің, – деді ол.

Абай Жұмабайұлының айту­ынша, сол уақыттағы көтеріліс­те бес бірдей қыз сотталып кеткен. Ішінде ҚарМУ-дың V курс студенті Раушан Әлиева есімді қыз да бар.

– Студенттік қатардан шығып, жас қыздың өмірі тәлкекке түсті. Сондай-ақ, Алматыда түрмеде отырып келген Жәлел Әуез деген жігіт бар, ол 3 жылға сотталды. Ал, Дүйсенбек Байболов есімді жігітке 5 жыл үкім кесіліп, соның 3 жылын тар қапаста өткізіп шықты. Жалпы, тағылым тәлім аларымыз көп, өйткені, Желтоқсан оқиғасы әлі де өз бағасын алған жоқ, – дейді желтоқсаншы.

Бүгін біз тәуелсіз, азат елде өмір сүріп отырмыз. Көк Туымыз көкте желбіреп, ана тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие. Әлем бізді дербес мемлекет ретінде таниды. Бірақ, осы азаттықтың артында аязға тоңған, таяқ жеген, тағдыры қиылған Желтоқсан жастары тұрғанын ұмытпауымыз керек.

Желтоқсан оқиғасы кейде бізден алыстап кететіні анық. Бірақ, осы оқиғаның батырларына, олардың ісіне лайықты құрмет көрсете алдық па? Қайратқа әлі күнге дейін ескерткіш қойылмағаны қалай? Сәбира Мұхамеджанова, Ләззат Асанова мен Ербол Сыпатаевты еске алып, оларға да тиісті құрметімізді көрсете алдық па? Желтоқсан батырларының есімдері біздің жадымызда мәңгі сақталуы тиіс!

Нұрдәулет ЕСІМ,
ҚарҰЗУ-дың ІІ курс студенті

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button