Қарағандылық әнші халықаралық байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды
Облыс әкімдігінің хабарлауынша, Қарағанды қаласының тумасы, Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің студенті және Кеншілер мәдениет сарайы жанындағы «Шабыт» вокалдық студиясының тәрбиеленушісі Мархабат Мұрадәлі XXVIII халықаралық Boztorgai – 2026 байқауының бас жүлдесін иеленді.

Алматы қаласында өткен өнер додасына Қазақстан, Армения, Грузия, Болгария, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Қытайдан 700-ден астам қатысушы қатысты.

Байқауда Мархабат Мұрадәлі Талғат Манастың «Сендім деме» және Джо Кокердің «My Father’s Son» әндерін орындап, жоғары кәсіби шеберлігімен қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.
Жас өнерпаздың айтуынша, халықаралық сахнада өнер көрсету үлкен тәжірибе сыйлаған. Қазіргі уақытта ол «Шабыт» студиясында вокалдық шеберлігін шыңдап, жаңа шығармашылық жобалар мен байқауларға дайындалып жатыр.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ



