Аймақ

Дәуірлер келбетін кескіндеген

Театр дегенде ең алдымен режиссер мен актерлердің еңбегі көзге түседі. Өйткені, көрерменнің алдында режиссер әзірлеп, ұсынған, актерлер ойнаған көріністер өтіп жатады да, синтездік өнерді жасаушы өзге мамандық иелерінің еңбегі тасада қалып жатады. Әрине, әділетсіздік. Театр – ұжымдық өнер. Заманауи театр спектаклі драматург, қоюшы-режиссер, актерлер, қоюшы-суретші, композитор және хореография өнері, киім-кешек әзірлеушілер, гримшілер, жарық берушілер, басқа да көптеген қосалқы қызметкерлер еңбегінің тоғысуы нәтижесінде пайда болады. Театр өнерінің синтездік табиғаты оның тарихи даму сатысымен тығыз байланысты. Соның ішінде шығармадағы оқиға желісі қай жерде, қалай жағдайда өтіп жатқанын, әрекетке қатысушы адамдардың сыртқы кескін-келбеті қандай екенін көрсету үшін аядай сахнада әр дәуірдің тыныс-тіршілігін бейнелейтін қоюшы-суретші шешімі мен сахнаға жан бітіруінің орыны ерекше. Ол бір қойылымда ежелгі Эллада дәуірін, келесі спектакльде Қазақ хандығы кезеңіндегі ұлы дала өркениетін, тағы бірде орта ғасырлық Еуропа немесе осы замандағы қала өмірін көрсетуі мүмкін.
Сурет автордан
Театр декорациясы, немесе сахна безендіру өнері – спектакльдің мазмұнын көрерменге көркем бейнелермен жеткізу үшін декорацияны, түрлі жарықтарды, костюмдерді, қойылымдық техниканы үйлестіре пайдаланудың жемісі. Қарағандының Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрында көркемдік-қойылым бөлімі басшысы қызметін атқарып келе жатқан Жәлел Мәлікұлы Садырбеков жоғарыда айтылған сын талаптарға толық жауап бере алатындай маман.
Адамның болмысы туған жеріне тартады дейді. Жәкең шыққан әулеттің ата қонысы Қарқаралы. Қасиетті жердің көркем табиғатына тартып сұлулыққа, сурет салуға ол жасөспірім шақтан әуес болыпты. 1973 жылы Қарағандыдағы №100 орта мектепті бітіріп, ата-ана тәрбиесімен бойына дарыған талантының арқасында бозбала облыс орталығындағы түрлі мекемелерде, кәсіпорындарда көркемдеуші-суретші болып еңбекке араласқан екен. Жәлел Мәлікұлының өмірі мен шығармашылығына үлкен бетбұрыс жасаған оқиға – 1985 жылы балалардың Абай атындағы облыстық кітапханасына қызметке орналасқаны. Бұл кезде суретшілік күн көріс үшін табыс иелену көзі ғана емес, тіршіліктің мәніне айналған ол балдырған оқырмандардың түрлі-түсті журналдарды және көркем суретті қызыға парақтайтынын, сәтті шыққан көркем бейнелерден ерекше ләззат алатынын байқап, кітапхананың кішкентай оқырмандары үшін бейнелеу өнері үйірмесін ұйымдастырып, олардың шығармашылық, жеке тұлғалық қабілеттерін ашуға ден қойды. Аталған мекемеден ауысып кеткеніне біршама уақыт өтсе де Жәлел Мәлікұлы балалар суреті байқауларына қазылық жасайтын топтың тұрақты мүшесі.
Балалармен жұмыс істеу барысында бойдағы дарын мен еңбекшілдік қабілетке кәсіби білім қосылғанда ғана мықты маман болып шығатынына көзі жетіп, 1987 жылы Мәскеу және Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) қалаларындағы Бүкілодақтық мәдениет қызметкерлері институттарында шеберлік курстарынан өтті. 1991 жылы Қарағандының Евней Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік (қазіргі ұлттық зерттеу) университетін сызу және бейнелеу өнері мамандығы бойынша бітірді. Жалпы, Жәлел Мәлікұлы кез-келген мамандық иесі өмір ағымынан қалып қоймауы үшін өмір бойы оқуы керек деген тұжырымға ден қойған жан. Ватман, альбом парақтары мен түрлі-түсті қарындаштан, гуашь, тушь бояулардан басталып, қылқалам, компьютерлік графикаға жалғасқан шығармашылық жолда ол түрен салмаған тақырып аз.
Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театрында еңбек ете бастағанына жарты ғасырға жуықтаған Жәлел Мәлікұлы осы мерзім ішінде ондаған спектакльдің жарыққа шығуына қоюшы-суретші ретінде қатысты. Жоғарыда айтқанымыздай, ол шығармалардың тақырыптары, мақсат-мүддесі, оқиғалары өткен кезеңі мен ортасы әр алуан: Жәкең қоюшы-суретшісі болған С.Асылбекұлының «Желтоқсан желі», З.Қыстаубайұлының «Қос мұңлық», А.Жапаровтың «Әйел тағдыры», Ш.Айтматовтың «Жәмила» драмалары тоталитарлық қапастағы кеңес дәуірі адамдарының қат-қабат саяси, әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін қамтыса, К.Жұмабековтің «Қаздауысты Қазыбек» тарихи драмасы ұлы далада үш мың жыл бойы салтанат құрған көшпелілер өркениетінің дағдарысқа түскен кезін, ел басына күн туған жоңғар шапқыншылығы тұсында халқына қамқор, түнектен жол таба білетін кемеңгер көсемнің кесек тұлғасы мен ортасын кескіндейді. М.Кәрімнің «Ай тұтылған түн» трагедиясында башқұрттың бір рулы еліне ықпалын жүргізсе де табиғи тілек алдында жесір әйелдің нәпсілік осалдығын көрсетіп алған жанның күйреуі арқау болады. Бұлардың сюжеті қазақ көрерменіне таныс ортада, тіпті қырғыз, башқұрт бауырлардың шығармаларындағы оқиғалар да ұқсас менталитеттік ортада өрбісе, француздар: М.Шевроның «Махаббат мекені» драмасы мен К.Камолеттидің «Отбасы ойыны» комедиясы, неміс Р.Штраустың «Электра» трагедиясы салт-санасы, тыныс-тіршілігі, өмірлік философиясы бөтен елдерге жетелейді. Тіпті, «Электраның» желісі ежелгі Эллада дәуірі мәдениетін көрсетеді. Осындай ондаған, бір-біріне ұқсамайтын спектакльдердің қоюшы-суретшісі бесаспап маман болуы шарт. Көрермен көңіліне сенім ұялатуы үшін театр қоющы-суретшісі кәсіби біліктілігі мен талғамы өз алдына, театр өнері жайлы ғана емес, әлем халықтары тарихынан, мәдениеті мен философиясынан жан-жақты, мол білім игеруі керек десек, Ж.Садырбеков осы қасиеттерді мүмкіндігінше бойына сіңірген. Ол тіпті спектакльдердегі оқиғалар орын алған кездері түрлі кеңістіктерді мекендеген адамдардың тұрған мекен-жайларын, тұтынған заттарын, киген киімдерін бар сән-салтанатымен көрсетіп қана қоймай, сол бұйымдардың түр-түсіне, сыртқы бояуына да ерекше мән береді. Өйткені, әр мәдениеттің ішкі мазмұнына қоса өзіне тән бояуы, кескін-келбеті де болады. Туындысын майлы бояумен жазатын қылқалам иесінен сахнада оқиға орнын көсететін қоюшы-суретшінің ең басты ерекшелігі, нысаны – дербес адам, жеке зат немесе әрекет емес, тұтас дәуір. Театр қоюшы-суретшісі уақыттың белгілі бір кезеңін көз алдыңа елестетеді.
Бірнеше мыңжылдық тарихында ұдайы өзгеру, жаңғыру үстіндегі театр декорациясын жетілдіруге Қайта өрлеу дәуірінің Бруннелески, Леонардо да Винчи, Мантенья, Рафаэль, Браманте, Перуцци тәрізді алыптары да ден қойып, өлшеусіз үлес қосқанын ескерсек, Жәлел Мәлікұлы үлкен өнердің Қарағанды топырағындағы бірегей өкілдерінің бірі екенін мойындауға тура келеді.
Сарыарқаның салқар белін сексен жыл бойы дүбірлеткен әйгілі Қоянды жәрмеңкесінің орнында балалық шағы өткен, осында сегізжылдық мектепті бітіргенше ауыл ересектерінен Біржан сал мен Ақан сері, Жаяу Мұса мен Мәди, Майра мен Қажымұқан туралы ертегіге бергісіз әңгімелерді естіп өскен жасөспірімге өздеріне аталас туыс болып келетін Қаллеки, кәдімгі Қалибек Қуанышбаев есімі әсер еткен де болар. Әке-шешеден ерте қалған Қаллеки ел ағасы Садырбек қажының отбасынан орын алып, тәрбиесін көрген дүр. Жәкең тағдырын театрмен байланыстыруға ұлы тұлғаның рухы ықпалы жасағанына шүбәсіз сенеді.
1956 жылдың 30 мамырында жарық дүние есігін ашқан Жәлел Мәлікұлы қазір кеншілер астанасындағы қазақ рухының қара шаңырағы Сәкен театры ақсақалдарының қатарында. Мәдениет саласының үздігі түрлі деңгейдегі сала жетекшілерінің және қала мен облыс басшылығының тарапынан сан мәрте марапаттарға, сый-сияпаттарға ие болды. Ол осыдан он жыл бұрын «Жылдың үздік суретшісі» мәртебесінде көрінген екен. Қазақ Ордасының ұлы билерінің бірі Қаздауысты Қазыбектің туғанына 350 жыл толуына орай және Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты өткізілген республикалық мәдени іс-шаралардың сахнасын жасақтағаны үшін арқалаған алғысының жөні бөлек. Әрине, билік тарапынан еңбектің еленгені дұрыс. Дегенмен, көңіл толқытатын сәт – театрға келген көрермен қауым Жәкеңнің қолынан шыққан қойылым декорациясына көңілі толып, ризашылықпен қол соғатыны. Бұл суретшіні шынайы қуанышқа бөлейді. Таланты тоғысқан, шеберлігі шыңдалған Жәлел Мәлікұлы қазір республика театрларындағы ең үздік және санаулы қоюшы-суретшілердің бірі. Ол өзі еңбек ететін өнер ұжымы еліміздегі бірегей театр атануына шексіз ой-қиялымен һәм қылқаламымен әлі де талай жыл талмай үлес қосатынына күмән жоқ.
Ермек БАЛТАШҰЛЫ
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button