АймақҚарағанды

Шегіртке шырғалаңы шығынды еселейді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында: «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес» деп атап өткен еді. Расында, аграрлық саланың тұрақты дамуы егістік пен жайылымдық алқаптарды, төрт түлікке қажетті жемшөп қорын зиянкестерден тиімді қорғаумен тікелей байланысты. Көктем шығып, күн жылына бастағаннан-ақ өңір аудандарында шегіртке тектес зиянкестердің көбеюі қалыпты құбылысқа айналған.

Былтыр облыста мұндай жәндіктердің таралу деңгейі жоғары болған. Биыл да осы жағдай қайталануы мүмкін деген болжам жасап отыр мамандар. Осы мақсатта өңірде зиянкестерге қарсы ­80 100 гектар аумаққа химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілмек. Осыған орай Қарағанды облысы аумағында шегіртке тектес зиянкестерге қарсы фитосанитариялық іс-шараларды үйлестіруге арналған көшпелі штаб отырысы өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Руслан Кенжебеков пен Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті төрағасы Сәкен Қаныбеков қатысып, өңірдің маусымдық жұмыстарға дайындығын пысықтады.

Суреттерді түсірген автор

Техника сақадай сай

Биыл шегіртке тектес зиянкес­терге қарсы күрес жұмыстарына 14 жерүсті бүріккіш техника, екі аса жеңіл ұшақ және бір аэрозольді генератор тартылған. Жоспарға сәйкес, жерүсті желдеткіш бүріккіштері арқылы 25 мың, аэрозольді генераторлар көмегімен 16,8 мың гектар алқап химиялық өңделеді. Ал, аса жеңіл авиацияның қатысуымен – 38,3 мың гектар. Жалпы алғанда, 80 100 гектар аумаққа фитосанитариялық іс-шараларды жүзеге асыру үшін 178 маман мен 114 арнайы техника жұмылдырылған. Сонымен қатар, зиянкестердің таралу аймағын анықтап, мониторинг жүргізу мақсатындағы зерттеу жұмыстарына 130 маман тартылыпты.

– Негізгі жұмыстар енді басталады. Дегенмен, біз алдын ала келіп, дайындық барысын және техникалардың әзірлігін пысықтап шықтық. Мемлекет тарапынан қажетті қаржы бөлініп, тиісті техника мен мамандар толық жұмылдырылды. Біз бұл бағытта жыл сайын тәжірибе жинақтаған мердігер ұйымдармен бірлесіп жұмыс істейміз. Соның нәтижесінде осы уақытқа дейін егістік алқаптарына айтарлықтай залал келген жоқ. Мұны штаб жұмысының дер кезінде ұйымдастырылуы мен Үкімет тарапынан қаржының уақытылы бөлінуінің нәтижесі деп есептейміз. Қазіргі таңда бұл мәселе министрліктің тұрақты бақылауында, – деді Сәкен Әсембекұлы.

Химиялық өңдеу жұмыстары ең ауқымды көлемде Қарқаралы мен Шет ауданы аумақтарында. Екі ауданда жалпы көлемі 26 200 гектар жер зиянкестерге қарсы өңделеді. Одан кейін Ақтоғай ауданы тұр. Мұнда 16,4 мың гектар аумақ химиялық өңделеді. Сондай-ақ, Бұқар жырау, Абай, Нұра және Осакаров ауданы аумағында да жүргізіледі.

Жұмыстың сапасына мердігер жауапты

Шегіртке тектес зиянкестерге қарсы күресте қолданылатын жерүсті бүріккіш техникалардың сыйымдылығы – 200 тонна. Олардың тәуліктік өнімділігі шамамен 80 гектар жерді өңдеуге жетеді. Сонымен қатар, қажетті тракторлар да шаруашылықтар тарапынан жұмылдырылған. Ал, аса жеңіл авиацияның мүмкіндігі бұдан әлдеқайда жоғары. Мұндай ұшақтар бір күнде 800 гектарға дейін алқапты химиялық өңдеуден өткізеді.

Бұдан бөлек, шаруашылықтар қосымша аспалы бүріккіштерді де іске қосқан. Арқаға асатын құрылғылардың көмегімен бір адам тәулігіне бес гектарға дейін жерді өңдей алады. Сыйымдылығы 500 литрлі «УАЗ» маркалы жеңіл көліктерін де пайдаланады. Олар күніне 40 гектарға дейін аумақты өңдей алады. Қазіргі таңда заманауи дрондарды да қолданбақ. Сыйымдылығы 40 литр дронның тәуліктік өнімділігі – шамамен 50 гектар. Әрбір 10 гектар жер өңделген сайын дрондардың багы қайта толтырылады.

– Жалпы, шегіртке тектес зиянкестер үйірлі және саяқ шегіртке болып екіге бөлінеді. Үйірлі шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарына қаржы республикалық бюджеттен бөлінеді. Ал, саяқ шегірткеге қарсы шаралар жергілікті әкімдіктердің қаржыландыруы арқылы жүзеге асырылады. Өткен жылы саяқ шегірткеге қарсы 83 400 гектар жер өңделсе, биыл бұл көрсеткіш 85 800 гектарға дейін ұлғайтылып отыр. Саяқ шегірткеге қарсы арнайы дрондар жұмылдырылмақ. Былтыр осы дрондар үйірлі шегірткеге қарсы күресте қолданылған. Әсіресе, техника жете бермейтін таулы және күрделі аумақтарға дрондар тиімді, – деді Қарағанды облыстық аумақтық инспекциясы өсімдіктерді қорғау жөніндегі инспекция бөлімінің басшысы Айбек Сәкімбай.

Бұған дейін шегірткеге қарсы күреске қажетті техника, химиялық препараттар және залалсыздандыру жұмыстарының әрқайсысы бөлек конкурс арқылы өтеді. Былтырдан бері бұл жүйеге өзгеріс енгізіліпті. Бұдан былай жаңа өзгерістер бойынша барлық жұмыс бір ғана конкурс аясында ұйымдастырылатын болған. Яғни, тендерді жеңіп алған мердігер қажетті техникамен өзі қамтамасыз етіп, химиялық препараттарды да өз қаражатына сатып алады. Әрі залалсыздандыру жұмыстарын да толықтай өз күшімен жүргізетін болған.

Үйірлі шегірткенің үлесі көп

Биыл фитосанитариялық іс-шараларды атқаруға арналған тендерді қайтадан «Бағжан» мердігерлік ұйымы жеңіп алған. Биыл өңірге санитарлық жұмыстарды жүргізу үшін 14 бірлік көлік техникасы және 195 ат күші бар аэрозольді өңдеу техникасын жұмылдырмақ.

– Шегірткенің жас ерекшелігіне қарай екі түрлі препарат қолданылады. Жалпы, химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуге үш ай мерзім қарастырылған. Ал, шегіртке шамамен 23 күн ішінде толық дамып жетіледі. Сондықтан, зиянкестер толық жетіліп, жаппай таралып кетпей тұрып, дер кезінде өңдеу жұмыстарын жүргіземіз. Қазіргі таңда қажетті техника да, химиялық препарат қоры да жеткілікті, – деді мердігер компанияның маманы Табиғат Исабеков.

Биылғы маусымда зерттеу жұмыстарына барлығы 130 маман тартылған. Олардың ішінде, аса қауіпті және өзге де зиянкестерді зерделеу жұмыстарымен Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы тікелей айналысады. Бұл орталық шегіртке таралған аумақтарды анықтап, өңдеу шаралары қажет жерлерді нақтылап, тиісті белгілеулер жүргізіп отырады. Штаттық құрылымға сәйкес орталықта 51 маман бекітілген. Дегенмен, жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен қосымша тағы 79 маман тартылып, жұмысқа жұмылдырылыпты. Сәйкесінше, биыл сала мамандарының саны өткен жылмен салыс­тырғанда едәуір артқан.

Ал, химиялық өңдеу жұмыс­тарының сапасы мен барысына бақылау жүргізу толықтай инс­пекцияның жауапкершілігіне жүктелген. Осы бағытта облыстық және аудандық деңгейдегі инспекциялардан жалпы 40 маман тартылыпты. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан саяқ шегірткеге қарсы жүргізілетін химиялық өңдеу шараларын бақылау үшін қосымша сегіз маман жұмылдырылған.

– Былтыр Шет, Қарқаралы, Ақтоғай және Бұқар жырау ауданы бойынша зерттеу жүргізіліп, болжам жасалған. Биыл сол зерттеу жұмыстарының нәтижесімен жұмыс істеп жатырмыз. Одан бөлек, егістік алқаптарда ауру түрі кең тарамаған, – деді аталған орталықтың Қарағанды облыстық филиалы директорының орынбасары Нұргүл Шарипова.

Түптеп келгенде, түпкі мақсат – ауыл шаруашылығы дақылдарын, мал азығы өнімдерін түрлі зиянкестер мен аурулардан тазарту. Осы мақсат жолында мамандар бар білімін, тәжірибесін, күш-қуатын сарп етіп, еңбек етіп келеді. Еңбек ете береді де.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button