АймақҚарағанды

Жазатайым оқиға сан соқтырмасын…

Өндірістің өркендеуі – еңбек адамының амандығымен өлшенеді. Өндірістік жарақат – кейінге шегеруге болмайтын ортақ майдан. Бүгінде тек тексеріс пен жазалау емес, жазатайым оқиғалардың алдын алатын сауатты мәдениет керек. Дәл осы бағытта облыс бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті кәсіпорындардағы тәуекелдерді бағалау мен профилактикалық бақылаудың мүлде жаңа жүйелі жұмыстарын бастап кетті.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Қауіпсіздікке бастар жол

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің дерегінше, өкінішке қарай, облыста өндірістік жарақаттану деңгейі бұрынғысынша жоғары. Қарағанды облысы бұл көрсеткіш бойынша республикада алдыңғы қатардағы өңірлердің бірі. Статистикаға сүйенсек, биылғы төрт айдың қорытындысы бойынша облыста 37 өндірістік жарақат фактісі тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9,8 пайызға төмен. Зардап шеккендер саны 39 адамды құрап, 4,9 пайызға азайған.

– Жазатайым оқиғалардың мән-жайын талдау кезінде негізгі себептер анықталады. Олардың қатарында жұмыс беруші тарапынан жұмыстың ұйымдастырылуы, қызметкерлердің өздерінің өрес­кел абайсыздығы, еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы ережелерінің бұзылуы, жеке қорғану құралдарын дұрыс пайдаланбауы бар, – деді департамент басшысы Медеу Ахметов.

Медеу Арынұлы өндірістік жарақаттанудың өсуіне жол берген кәсіпорындар кезектен тыс профилактикалық бақылауға енгізілетінін мәлімдеді. Осы бағытта жыл басынан бері 4 кәсіпорында профилактикалық бақылау жүргізілді. Тексеру қорытындысы бойынша 38 заң бұзушылық анықталды. Оның ішінде, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 29, еңбек қатынастары бойынша 9 заң бұзушылық тіркелді.

– Бақылаудың басты мақсаты – кәсіпорын жұмысын тоқтату немесе айыппұл салу емес. Ең алдымен, қауіпсіз еңбек жағдайын қалыптастыру. Себебі, өндірістегі әрбір ұсақ кемшілік уақытында түзетілмесе, ертең адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан, департамент тарапынан анықталған заң бұзушылықтар бойынша тиісті ұсынымдар беріліп, жұмыс берушілерге нақты міндеттер жүктеледі, – деді департамент басшысы.

Бұл ретте кәсіпорын ішіндегі қоғамдық бақылаудың да маңызы зор. Әсіресе, өндірістік кеңестер мен техникалық инспекторлардың жұмысы еңбек қауіпсіздігі талаптарының күнделікті сақталуына ықпал етеді.
Сондай-ақ, өндірістік жарақаттанудың алдын алуда кәсіподақ мүшелерінен құрылған ұжымдардың үлесі өте маңызды. Техникалық инспекторлардың қатысуымен өңір кәсіпорындарында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестер жұмыс істейді. Олар қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, еңбекті қорғау талаптары мен нұсқау­лықтардың сақталуы, қызметкерлердің жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз етілуі бойынша кемшіліктерді анықтап, кәсіпорын басшыларына ұсыныстар береді.

Еңбек мәдениеті

Өндірістегі қауіптің алдын алу үшін жазатайым оқиға болғаннан кейін бармағымызды тістеп жатамыз. Мұндайда ең маңыздысы – қауіптің қайдан шығуы мүмкін екенін алдын ала анықтау. Осы тұрғыда кәсіби тәуекелдерді бағалау жүйесінің маңызы жоғары.

– Өндірістік жарақаттану деңгейін төмендетудің негізгі тетіктерінің бірі – бағалау жүйесін енгізу. Өндірістік қауіпсіздік саласында практикалық шешімдер әзірлеу үшін мемлекеттік органдардың, жұмыс берушілер мен кәсіподақтардың өкілдерін біріктіретін Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі сараптамалық кеңес құрылды. Бүгінде кеңестің жұмысы қолданыстағы тәуекелдерге жедел әрекет етуге, жүйелі шаралар әзірлеуге және мүдделі тараптардың өзара іс-қимылының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, – деді департамент басшысы.

Аймақта «Qarmet» акционерлік қоғамы, «Қазақмыс» корпорациясы, «Алтыналмас» және басқа да ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар осы мазмұндағы жаңғыртудың ауқымды бағдарламаларын іске асырып, озық технологияларды белсенді енгізуде.

Қауіпсіздік мәселесі өндіріс орнындағы техникалық талаптармен шектелмейді. Ол еңбек қатынастарының дұрыс рәсімделуіне, жұмысшы құқығының қорғалуына және жазатайым оқиға болған жағдайда жауапкершіліктің әділ айқындалуына да тікелей байланысты. Осы тұрғыда биыл еңбек заңнамасына енгізілген өзгерістердің маңызы зор.

– Ендігі кезекте еңбек заңнамасындағы маңызды өзгерістерге назар аудару қажет. Еңбек кодексінің 23-бабына сәйкес, жұмыс беруші еңбек шарттарының есебін жүргізуге және белгіленген тәртіппен ақпараттық жүйелерге мәліметтерді ұсынуға міндетті. Яғни, лауазымы, жұмыс орны мен режимі, еңбек жағдайлары, жалақысы, шарт мерзімі секілді деректер толық көрсетілуі тиіс. Осы мәліметтердің кез келгенінің болмауы заң бұзушылық болып есептеледі және жұмыс берушіге әкімшілік жауапкершілік қарастырылады, – деді Медеу Ахметов.

7 сәуірде Мемлекет басшысы қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру, қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша заңнамалық өзгерістерге қол қойған. Өзгерістер маусым айынан бастап күшіне енеді.

Бұған дейін жазатайым оқиғаны тексеру кезінде комиссия кінә дәрежесін қызметкер мен жұмыс беруші арасында пайыздық арақатынаста бөлетін. Жаңа түзетулерге сәйкес бұл тәсіл өзгертілді. Енді комиссия зардап шеккен қызметкердің кінәсін анықтайды, бірақ, ол 25 пайыздан аспауы тиіс. Бұл өзгерістер қызметкерлерді қорғауды күшейтуге бағытталған. Тіпті, қыз­меткердің кінәсі болған жағдайда да, жұмыс беруші оған жазатайым оқиға үшін жауапкершілікті толық көлемде жүктемейді.

Жаңа нормаларға сәйкес, егер тараптар арасындағы қатынас­тарда еңбек қатынастарының ең болмағанда бір белгісі болса, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт жасасуға жол берілмейді. Мұндай белгілерге жұмыскердің белгілі бір мамандық немесе лауазым бойынша жұмыс орындауы, еңбек тәртіптемесіне бағына отырып міндеттерді жеке атқаруы және еңбегі үшін жалақы алуы жатады. Осы белгілердің біреуі болған жағдайда қатынастар еңбек шартымен рәсімделуге тиіс.

Түйін

Ілгеріде сөз болғандардың бәрі еңбек адамының құқығын қорғау­ға, жұмыс берушінің жауапкершілігін арттыруға және өндірістік ортадағы қауіпсіздік мәдениетін нығайтуға бағытталған. Өндірісті өңір үшін бұл талаптың мәні тіпті бөлек. Себебі, өңір экономикасының негізгі салаларында мыңдаған адам еңбек етеді. Әрбір жұмысшының аман-есен үйіне оралуы – кез келген өндірістік көрсеткіштен жоғары құндылық. Сондықтан, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өндірістік жарақаттың алдын алу және еңбек заңнамасының сақталуын бақылау алдағы уақытты да басты назарда қала бермек.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button