Мағауинді тәнті етіп, Влтаваны толқытқан әнші
Белгілі әнші Құрмаш Ыбышев – 60 жаста
2010 жылы мамыр айында алтын Праганың ортасын қақ жарып ағып жатқан Влтава өзенін бойлап жүзген «Еуропа» кемесінде өзгеше бір той өткен еді. Біздің халық қандай тойды болсын, дүбірлетіп өткізудің шебері ғой. Бірақ, «Еуропаның» төрінде злата Праганың аспанын әнге бөлеп, кемеде жүзген тойды көрген де, көрмеген де бар.

Сол жылы Алаштың ардақты тұлғасы, Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Мағауиннің 70 жасқа толған құрметіне кеменің үстінде ерекше той өтті. Алматыдан барған бір шоғыр қонақтармен қатар, алыстан ат терлетіп келгендердің қатарында Қарағандыдан Мағауия Сембай бастаған әнші-күйші бір топ болды.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мағауия Сембай ол шақта облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы. Қарағанды делегациясында Мағаштың жары Мейраш Мұқашева мен сол кездегі Жезқазғандағы «Дидар» телеарнасының басшысы, қарымды журналист, ақын, сатирик Базарбай Әлеуханұлы мен белгілі әнші Құрмаш Ыбышев болған.
Өткен жылы ортамызда жүрсе, 70-ке толған мерейтойын атап өтетін асыл азаматтың бақилық болғанына жеті жылдың жүзі болып қалды, ал, ұлы жазушы Мұхтар Мағауин да өткен жылдың басында 85 жасқа толар шақта келместің кемесіне мінгенін білесіздер. Бұл екі ұлы тұлғаның көзі тірісіндегі ыстық ықыласты қарым-қатынастары, Мағауия досымыздың Мұхаңа деген інілік ізеті мен кішілік құрметі шексіз еді.
Прагаға алғашқы сапарында «Кез келген жанға жалынан сипата бермейтін, өз мені мен мінезі бар Мұхтар Мағауинмен әңгіме-дүкен құрсам ғой» деген арманмен келген Мағауия екеуінде өзара шығармашылық, рухани бір қимастық сезімге толы адами қарым-қатынас орнап үлгерген. Влтава өзенінде еркін жүзген «Еуропа» кемесінде Қарағандының мықтылары қазақтың классик жазушысы Мағауиннің 70 жасқа толған мерейтойының ажарын ашып, базарын қыздыра түскені де соның бір айғағы. Әсіресе, Құрмаш Ыбышев әуелете салған әндер сібірлеп, баяу ағатын Влтаваның терең суын толқытып, арнасынан асырып жібергендей әсер етті бәрімізге. Қиыр жайлап, шет қонған Мұхаңның Құрмаш асқақтата салған әндерді жүзі нұрлана тыңдап, айналасына шуақ шаша қарағанының өзі бір ғанибет еді.
«Даладай дархан көңілі,
Көктемдей жомарт жандар-ай.
Сәуледей аппақ пейілі,
Қазақтың қайран қарттары-ай!
Өзіңе мәңгі қарыздар,
Арттағы ұрпақтарың..!»
Қазақ әні мен жырының жампозы, әнші-композитор Жәнібек Кәрменовтің бұл әні тура Мұхтар Мағауиннің өзіне қаратып айтылғандай, мерейтой иесі қатты тебіреніп, толқыды.
Той қызған шақта, «Еуропа» кемесінің үстіңгі ашық қабатында домбырасын бебеулеткен Құрмаш Мұхаңның өтінішімен Қазтуған жыраудың «Алаң да, алаң, алаң жұрт, Ақала ордам қонған жұрт…» деп басталатын туған жермен қоштасу толғауын термелеп, төгілтіп, «Мен салмадым, сен салдың, мен салмадым, сен салдың, қайырлы болсын сіздерге, бізден бір қалған Еділ жұрт. Қайран да менің Еділім, қайран да менің Еділім» деп өкініш-зармен аяқтағанда, тебіреніп-толқыған Мұхаң баладай ақкөңілмен аңқылдап келіп, Құрмашты құшағына алып, маңдайынан сүйіп, ризашылығын білдіріп, былай деген еді:
– Мынау Құрмаш бауырым нақышына келтіріп орындаған Қазтуғанның жыры. Мен 24 жасымда XV, XVI, XVII ғасырлардағы ұмытылып, жоғалып кеткен қазақтың поэзиясын жаңадан аштым, қазақ халқына қайтадан қайырдым. Сонда осы Қазтуғанның да жыры болатын. Менің айтқаным бар еді, осы Қазтуғанның, Доспамбеттің, Шалкиіздің кез келген бір өлеңіне менің кез келген романымды айырбастап алуға болады деп. Өйткені, мен жазбасам, басқа біреу жазуы мүмкін. Ал, енді бұл тұтас бір ғасырдың жүгін арқалап тұрған біздің халқымыздың ғасырлық мұрасы деп айтамын. Осы Қазтуғанды, Доспамбетті айтқан кезде әлі күнге дейін менің көңілім толқиды. Ол кезде мен 23-24 жастағы жігіт едім. Архивте қалай отырғаным, анау өлеңді қалай тапқаным, алғаш ескі қолжазбадан, кітаптан оқыған кезде төбемнен саудырап, күміс төгілгендей толқығаным, бәрі әлі есімде. Күні бүгінге дейін жүрегім толқиды. Менің 70 жасқа толған тойыма келіп, осы Қазтуғанның жырын айтып отырған Құрмаш бауырыма мың сан рақмет! Еліміз жасай берсін, осыншама мұра жасаған халықпыз. Құдайға шүкір! Айналайын, Құрмаш, өнерің өрістей берсін! – деп, батасын берген еді.
Әйгілі Мұхтар Мағауинді тебірентіп, алдында ән шырқап, ақ батасын алған Құрмаш сол күні тойды тарқатып, үйді-үйімізге қайтқан жолда метро мен трамвайдың ішіндегі чехтарды тамсандырып, домбыраның қоңыр үніне, асқақ та ашық дауысын қосып, Праганың түнгі аспанын бір жаңғыртты. О баста, қашан да заң шеңберінен аспай, «ақырын жүріп, анық басатын» чех халқы жеті түнді жаңғыртқан әншіні де, оның қасында шулаған шетелдік азаматтарды да қоғамдық көліктен түсіріп тастамаса болды деп қауіптеніп едік, бекер екен. Трамвай жүргізушісінің өзі кабинасының есігін ашып қойып, «Айта түсіңдер!» деп, қазақ әндерін рахаттана тыңдағаны есте қалды.
Бұл күнде 16 жыл бұрынғы алтын Праганың ортасынан тебірене, толқи ағатын, кең арналы, терең өзен Влтава үстінде өткен өзгеше тойдың бас кейіпкері қадірлі Мұхаң да, сыйлас рухтас інісі Мағауия да, той үстінде мөлдіреген көздерімен шетелдік қыз-келіншектерді есінен тандырған Базекең де ортамызда жоқ.
Осы тойдан бір жыл бұрын ғана ұлтымыздың тағдыры құдіретті қаламына байланған қос сөз зергерінің өзара сыйластық пен құрметке құрылған рухани үндестігіне ұласқан Прага төріндегі Мұхаңның үлкен үйінде, кабинет бөлмесіндегі еркін әңгімеде Мағауия 70 жасқа толар мерейтойының алдында Мұхаңды отбасымен Қарқаралыға келіп, қонақ болуға шақырды. Сол уәдемен жаздың жайдары бір күнінде Бақанас бойындағы Кеңсуат қонысынан Мұхтар Мағауинді Бақыт апаймен, немерелерімен бірге ақын Серік Ақсұңқарұлы және Базарбай Әлеуханұлымен барып алып келді. Сөйтіп Алаштың алыстағы айтулы қаламгері Мағауиннің 70 жас мерейтойы Сарыарқа төсінде Мағауияның бастамасымен бір жыл бұрын басталып кеткен еді.
Бақанастың бойындағы Мұхаңның атақонысынан басталып, одан әрідегі Кеңсуаттан сәл биікте тұрған, өз кезінде хакім Абай «Жаз» өлең жазатын Көпбейіт-Босаға, бар болғаны оншақты шақырымнан кейін Шәкәрімнің сүйегі тасталған Құр-Құдық кездеседі. Салалас жатқан Байқошқар өзенінің жағасындағы Абай дана соңғы рет тыныс алып, демі үзілетін Қырық-Ошақ жайлауы, оған жалғасып жататын Шаһкәрім дүниеге келген Кеңбұлақ. Мұның бәрі өткен ұлы тұлғалармен рухани байланыстыратын, қайғылы да, киелі жерлер. Көкірегі шежіре, ойы кемел, білім-білігі телегей- теңіз жазушының тағылымы зор әңгімесі жолды қысқартты. Енді қымбат қонақтарды Алматыдан арнайы келген аңыз редактор, Мұхаңның курстасы Нұрмахан аға Оразбеков бастаған топ пен Қарқаралыдағы қалың жұрт күтіп отырған еді. Ақ үйге орналасқан соң кеш Қарқаралының қайтпас қайраткер қаламгері Мақсым аға Омарбековтің үйіндегі құрметке ұласты. Ертесінде Мәдениет үйіндегі ыстық ықыласты кездесуде ақжарма әңгіменің тиегі ағытылды.
Қарқаралыдағы сол бір қымбат күндер Кент тауларының баурайында жалғасты. Тау ішіндегі биік қарағайлар қоршаған жазық алаңқайда дастархан жайылып, келелі кеңес, емен-жарқын әңгіме Дәуренбек Әркенов пен Құрмаш Ыбышев салған әндермен көмкерілді. Халық әндеріне сусап қалған қадірлі қария Құрмаш пен Дәуренбекті қолқалап, қайта-қайта ән салғызып, тебірене бір тыңдаған еді.
Осылайша, үлкен құрмет-қошеметпен қазақтың елден жырақта жүрген көзі тірі классигінің 70 жас мерейтойы мен шығармашылығына жарты ғасыр толу тойын Қарқаралыда бастап берген Мағауия бұдан кейінгі жылдары да Мұхаңмен рухани байланысын үзген жоқ.
Осы бір ардақты қос тұлғаның рухани, ағалы-інілік ізгілікті қарым-қатынасының қазығы берік қадалып, тіреуі мығым болуына бүгін 60 жасын тойлап жатқан Құрмаш Ыбышевтай Арқаның айтулы әншісінің де зор үлесі бар. Ол әсем дауысы, әуезді үнімен тыңдарманының мерейі мен шапағатына бөленген жан. «Өрелі өнерің өрістей берсін, Құрмаш!» дейміз!
Сағат БАТЫРХАН,
Қазақстанның Құрметті журналисі



