Жаңалықтар

Қабілет жеңбес қамал жоқ

«Жұмыс істеймін» дегенге екі қолға бір күрек табылатыны анық. Тіпті, қолыңызда «жұмысқа жарамсыз» деген медициналық құжат болса да, бұл қоғамнан шет қалдыңыз деген сөз емес. Бүгінде мемлекет тарапынан мүгедектігі бар азаматтарды қолдауға бағытталған нақты тетіктер қалыптасқан. Соның бірі – өңірлердегі Мансап орталықтары. Олар тұрақты бос жұмыс орындарын ұсынып, арнайы бағдарламалар арқылы мүмкіндігі шектеулі жандарды еңбекке тартуға ықпал етіп келеді. Осыған қарап-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамға бейімдеуді олардың еңбекке араласуына мемлекет тарапынан қолдау­ды аңғаруға болады.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Игі бағдарламалар саны артып келеді

Қарағанды облысы бойынша еңбек мобильділігі орталығы директорының орынбасары Дәурен Қошқаралиев Мансап орталықтарында «Арнайы жұмыс орны» бөлімі барын атап өтті. Бұл бөлімге тек жұмыс іздеушілер ғана емес, жұмыс берушілер де өз өтінімдерін жолдай алатын көрінеді. Яғни, мекемелер мен кәсіпорындар қажетті маман санын көрсетіп, бос жұмыс орындарына сұраныс бере алады екен.

– Өтініште жеке кәсіпкер кәсібінің қандай бағытта екені, кімді жұмысқа қабылдай алатыны жайында толық ақпар қалдырады. Біз сол өтініштерді қарап, жұмыс іздеп жүрген мүгедектігі бар азаматтарды тұрғызамыз. Бағдарлама аясында Мансап орталығы жұмыс берушімен үш жылдық келісімшарт жасайды. Бірінші жылы қызметкер жалақысының 70 пайыз­ын мемлекет субсидияласа, қалған бөлігін жұмыс беруші төлейді. Алайда, мемлекеттік қолдау көлемі 30 АЕК-тен аспауы тиіс. Екінші жылы Үкімет жалақының 65 пайызын, үшінші жылы 60 пайызын өтейді. Үш жылдық мерзім аяқталған соң жұмыс беруші қызметкерді тұрақты негізде өз қаражаты есебінен жұмысқа қалдыра алады. Бұл бастама мүгедектігі бар жандардың еңбек нарығында тұрақтап, кәсіби тәжірибе жинауына мүмкіндік беріледі, – деді Дәурен Исканұлы.

Дәурен Қошқаралиев биыл да мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту көрсеткіші жоғары болатынын атап өтті. Себебі, мемлекет тарапынан қолға алынған бағдарламалар жыл сайын артып, қолдау тетіктерінің кеңейгенін баса айтты. Сонымен қатар, ерекше қажеттілігі бар азаматтарды жұмысқа қабылдауға ниетті жұмыс берушілер қатары да жылдан-жылға молайғанын алға тартты.

Мүмкіндік берген кәсіпкер

Кәсіпкер Мақпал Шәріпова Мансап орталығы арқылы жұмыс беруші ретінде өтінім беріп, мүмкіндігі шектеулі екі азаматты тұрақты жұмыспен қамтыған. Оның айтуынша, «Айсұлтан» жеке кәсіпкерлігіне қарасты массаж салонының ашылғанына небәрі бір ай ғана болған. Соған қарамастан, қысқа уақыт ішінде тұрақты клиенттер қалыптасып, қызмет көрсету аясы кеңейе бастапты.

– Өзім мүмкіндігі шектеулі жандарды көрсем, оларға көмектескім келіп тұрады. Қызметкерлерімді оқу ақысын өз қалтамнан шығарып, біліктілікті арттыру курс­тарына жіберіп алғанмын. Массаж салоны ашылғанына көп уақыт болмаса да, келушілер саны күн сайын көбейіп келеді. Қазіргі таңда түрлі диагнозбен дүниеге келетін балалар да көп. Оларға сапалы емдік массаж қажет. Осы қажеттілікті ескеріп, кәсібімізді бастаған едім. Қазір ересектер мен бір жасқа дейінгі балаларға қызмет көрсетеміз, – дейді кәсіпкер.

Аталған массаж салонына жұмысқа қабылданғандардың бірі – 54 жастағы Данагүл Аманбаева. Көру қабілеті бұзылған ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жан. Негізі, Данагүл Ермұханқызы – медицина саласында білім алған білікті маман. Ол оқу орнын үздік тәмамдап, 1990 жылдан бастап денсаулық сақтау саласында еңбек еткен. Алайда, 2000 жылы денсаулығына байланысты негізгі жұмысынан кетуге мәжбүр болады. Осыдан бір ай бұрын Мансап орталығына келіп, жұмысқа тұруға өтініш қалдырған екен. Нәтижесінде, көп уақыт өтпей аталған массаж салонының маманы болып жұмысқа орналасады.

– Мансап орталығына алғысым шексіз. Маған жұмыс тауып берді. Өзім «Yushengyuan» аппаратымен жарық, протрузия, экструзия, коксартроз секілді диагнозы бар пациенттерге емдік массаж істеймін. «Биоэнергомассажер» аппараты арқылы да, вакуумдық банкалармен де массаж жасаймын. Сонымен бірге, тас терапиясы мен дарсонваль аппараты арқылы да түрлі массаж қызметін көрсетемін. Әр пациентпен жұмыс істеу барысында алдымен оның денсаулығын мұқият тексеремін. Ең әуелі қан қысымын өлшеп, кейін пациентпен жеке сөйлесу арқылы қарсы көрсетілімдердің бар-жоғын біліп аламын. Егер дәрігер тарапынан белгілі бір шектеулер болса, массаж түрі соған сәйкес таңдалады, – деді Данагүл Ермұханқызы.

Жұмыс та, мүмкіндік те бар

Ал, Жан Медетбеков 1 миллион 600 мың теңге көлемінде мемлекеттік грант иеленіп, сол қаражатқа сән салонын ашқан. Грант қаржысына қажетті құрал-жабдықтарын сатып алып, кәсібін бастаған жас кәсіпкер бүгінде тұрақты клиент қалыптастырып үлгеріпті.

Жан Медетбековтің Қарағандыға қоныс аударғанына биыл он жыл толып отыр. Кезінде Балқаш қаласындағы политехникалық колледжді қызыл дипломмен тәмамдап, 2015 жылы Балқаш мыс қорыту зауытына жұмысқа орналасқан. Алайда, арада бір жыл өткенде денсаулығы сыр беріп, дәрігерлер оған «аралас бронх демікпесі» диагнозын қояды. Сөйтіп, дәрігерлер өндірістік орта оның денсаулығына кері әсер ететінін айтып, климат ауыстыруға кеңес берген. Осылайша, ол 2016 жылы Қарағандыға қоныс аударып, жаңа ортада түрлі салада еңбек етеді. Соған қарамастан, өзіне қолайлы кәсіп табуға талпынып, кейін мемлекет қолдауы арқылы жеке кәсібін бастауға мүмкіндік алған.

Арнайы курстарды оқып, кәсіби даярлықтан өткеннен кейін алғашқы клиенттерін үйінде қабылдай бастайды. Алайда, бастапқыда оңай бола қоймапты. Ер адамның маникюр жасайтынын естіген кейбір адамдар райынан қайтып, қызметтен бас тартқан жағдайлар да кездескен. Тіпті, «еркекке мұндай істің жараспайтынын» алға тартып, істі тоқтатуға кеңес берген ақсақалдар да болыпты. Десе де, Жан Сағатбекұлы өз дегенінен қайтпай, отбасы үшін напақасын осылай айыруды жөн көріпті.

– Осыдан үш жыл бұрын «салон ашамын» деген мақсатпен мемлекеттік грантқа өз жобамды ұсынып көрген едім. Өкінішке қарай, құжаттарым толық болмай, өтпей қалды. Келесі жылы да қайта тапсырып көрдім. Тағы да сәтсіздікке ұшырадым. Былтыр құжаттарымды мұқият реттеп, қайта тапсырғанымда, грантқа ие болдым. Бұдан кейін Мансап орталығына барып, мамандардан кеңес алдым. Ондағы мамандар бизнес-жоспарымдағы олқылықтарды көрсетіп, оны қайта құрастыруға көмектесті. Алдағы уақытта да Мансап орталығымен байланысымды үзбей, кәсіби кеңес алып отыруды жоспарлап отырмын. Ең басты мақсатым – салонымды кеңейтіп, өзге азаматтарға да жұмыс беріп, олардың да кәсіби дамуына үлес қосу, – деді ол.

Ресми деректерге сүйенсек, өңірде ерекше қажеттіліктері бар шамамен 55 мыңға жуық азамат тұрады екен. Олардың жартысына жуығы еңбекке қабілетті жас санатына жатады. Бүгінгі күнге дейін ресми түрде жұмыспен қамтылғандардың саны шамамен 12 мың адамды құрайды.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button