Маман тапшылығы мәселеге айналды
Мемлекет басшысы Республикалық педагогтер съезінде «Педагог – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үдерісіндегі ең маңызды буын. Сондықтан білім беру жүйесін жоғары білікті мамандармен толық қамтамасыз ету өте маңызды. Алайда қазір мектептерімізде мамандар тапшы. Бүгінде елімізде 5 мың педагог жетпіспейді. Бұл көрсеткіш жылдан-жылға артып келеді. Ал педагогика саласында оқыған әрбір бесінші түлек өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Бұған қоса мұғалімдердің 23 пайызында ғана жоғары біліктілік санаты бар. Мұның бәрі педагогтерді даярлау және олардың біліктілігін арттыру тәсілдерін түбегейлі өзгертуді қажет етеді» деп атап өтті.
Соңғы жылдары Қазақстанда мұғалім мәртебесін көтеруге бағытталған реформалар қолға алынды. Жалақы өсіп, жаңа мектептер бой көтеріп, жас маманға демеу беретін бағдарламалар енгізілуде. Дегенмен, Қарағанды облысында математика, физика, информатика және ағылшын тілі пәндерінің мұғалімдері тапшы.

Өңірде 524 бос жұмыс орны тіркелген
Облыстың білім басқармасының мәліметінше бүгінде өңірдің білім беру ұйымдарында 24 мыңнан астам педагог жұмыс істейді. Оның ішінде, мектептерде шамамен 17-18 мың мұғалім еңбек етеді. Жыл сайын жүйеге 600-ге жуық жас келетінін ескерсек, бұл сандар да маман тапшылығын толық жабуға жетпейді.
Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, елімізде педагогтерге жалпы қажеттілік 5 370 адамды құрайды. Маман тапшылығы, әсіресе, Алматы, Қарағанды, Қостанай облыстарында жоғары. Деректер математика пәні мұғаліміне тапшылық байқалғанын алға тартып отыр. Елдегі мектептерге 747 бастауыш сынып мұғалімдері, физика пәнінің 383 мұғалімі мен химия пәнінен білім беретін 345 педагог қажет.
2026 жылғы деректер өңірде 524 педагогтың орны бос тұрғанын айтады. Кадр тапшылығы, ең алдымен, жаратылыстану-математика бағытында байқалды. Одан кейін математика, физика, химия, ағылшын тілі, орыс тілі мен әдебиеті және орыс сыныптарына арналған бастауыш мұғалімдері жетіспейді. Ал, қазақ тілі, тарих және дене шынықтыру пәндері бойынша мамандар саны салыстырмалы түрде көп.
Білім саласындағы сарапшылардың айтуынша, математика мен информатика бағытындағы білікті түлектердің көбі мектепке бармайды. Олар IT, өндіріс, банк немесе жеке секторды таңдайды. Себебі ол жақта табыс жоғары. Қарағандылық жас мұғалім Аяжан Сейітованың айтуынша, педагогикалық университетті бітірген түлектердің басым көпшілігі мектепте жұмыс істеуді құп көрмейді.
– Университетте бір топта 25 адам оқыдық. Соның ішінде мектепке нақты жұмысқа тұрғаны 8-9 адам ғана. Қалғандары басқа салаға кетті. Кейбірі репетитор болды. Себебі мектептегі жүктеме ауыр, қағаз жұмысы көп, – дейді жас маман.
Облыстағы кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін соңғы жылдары педагогикалық мамандықтарға жергілікті гранттар бөліне бастады. Соңғы үш жылда жүзге жуық студент арнайы грантпен оқыған. Қазіргі таңда мемлекет ауыл мұғалімдерін қолдау үшін бірнеше бағдарлама ұсынып отыр.

Ауыл мұғалімдерінің орташа жалақысы – 435 мың теңге
Қазақстанда соңғы жылдары педагогтердің жалақысы өсті. Қарағанды облысында да мұғалімдердің орташа айлығы артқан. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, 2025 жылы қала мұғалімдерінің орташа жалақысы шамамен 352 мың теңгені құраса, ауыл мұғалімдерінің орташа жалақысы 435 мың теңгеге дейін жетті. Ауыл мұғалімдерінің жалақысының жоғары болуы түрлі үстемақылар мен әлеуметтік қолдау нәтижесінде екенін ескерген де жөн.
Бірақ, мұғалімдер ауылда тұру үшін тек жалақы мәселесі емес, әлеуметтік жағдай да маңызды екенін айтады. Ақтоғай ауданындағы дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Сұлтан Сәбиттің айтуынша, мектепте жастардың көбі тұрақтамайды.
– Қазір жастардың талабы басқа. Олар тек айлыққа қарамайды. Пәтермен қатар, даму үшін жаңа мүмкіндік керек. Кей мектептерде жас мұғалімдерге тәлімгерлік әлсіз, яғни, аға буын ұстаздардан адамгершілік қолдау жоқ. Соның кесірінен оқу орнын бітірген жас маман бір жылдан кейін кетіп қалады, – дейді ол.
Қарағанды облысы білім басқармасының мәліметінше, өңірде мұғалімдердің басым бөлігі – әйелдер. Мектептерде 17 708 педагог болса, оның 15 262-сі әйел, 2 446-сы ер адам. Оған қоса өңірде 3 441 мұғалімнің еңбек өтілі 30 жылдан асып кеткен. Бұл тәжірибелі кадрлардың көп екенін көрсеткенімен, бір жағынан жүйенің «қартаю» мәселесін де байқатады. Алдағы уақытта зейнетке кететін мұғалімдер көбейеді. Бұл маман тапшылығы мәселесін одан әрі күшейтуі мүмкін.

Жаңа жоба да жарылқамай тұр
Жастармен әңгімеден кейін түйгеніміз, қазіргі таңда педагогикалық оқу орнын бітіргендердің басым көпшілігі мектепте қалмайды. Бірі репетиторлыққа кетсе, енді бірі мүлде басқа саланы таңдайды. Жастар мұның себебін құжат жұмыстарының шамадан тыс көптігімен әрі ата-ана және мұғалім арасындағы келіспеушілікпен байланыстырады. Қоғамдағы мұғалімге деген жағымсыз көзқарастың да әсері бар. Қарағандылық ұстаз Жанар Әбдірахманованың сөзінше, мұғалімге көрсетілетін құрмет бұрынғыдай емес.
– Мұғалім тек сабақ бермейді. Ол психолог, тәрбиеші, әлеуметтік қызметкер сияқты жұмыс істейді. Бірақ, қоғам кейде мұны бағаламайды, – дейді ол.
Соңғы жылдары өңірге жас маман тартудың жаңа жолдары қарастырылып жатыр. Мысалы, Teach for Qazaqstan жобасы арқылы басқа саладан келген мамандар қайта даярланып, мектепке жұмысқа орналасуда. Өткен жылы бағдарлама арқылы 33 адам педагогика саласына, мұғалімдікке келген.
Бұл – кадр тапшылығын уақытша азайтудың бір жолы. Дегенмен, сарапшылар әлі де жүйелі өзгеріс керек екенін алға тартады. Өзге елдің тәжірибесіне сүйену арқылы жастардың білім саласына қызығушылығын аттыру – күн тәртібінде.

«Тәлімгер мұғалім» жүйесі керек
Сарапшылардың айтуынша, көптеген жас маман алғашқы екі жылда жұмыстан кетеді. Себебі, тәжірибе мен психологиялық қолдау жетіспейді. Осыған байланысты бірқатар елдерде «тәлімгер мұғалім» жүйесі енгізілген. Мысалы, Финляндия мен Сингапурде жас педагогке алғашқы жылдары арнайы тәлімгер бекітіледі. Ол құжаттан бастап, ата-анамен жұмысқа дейін көмектеседі. Оңтүстік Кореяда шалғай аймақта жұмыс істейтін мұғалімдерге жоғары жалақы, тұрғын үй, коммуналдық жеңілдік, қосымша демалыс беріледі. Еуропа елдерінде ауыл мектебінде бірнеше жыл жұмыс істеген педагогке ипотекалық жеңілдік ұсынылады.
Қазақстанда «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы арқылы жас мамандарға көтерме жәрдемақы мен тұрғын үй үшін жеңілдетілген несие беріле бастады. Мәселен, бағдарлама аясында 2024 жылы Нұра ауданына 40 жас маман келген. Оларға шамамен 400 мың теңге көлемінде бір реттік көмек және 8 млн. теңгеге дейін тұрғын үй несиесі ұсынылды. Сонымен қатар, облыста жас педагогтерге қызметтік пәтер беру тәжірибесі де бар. Өткен жылы ауылдық жерлерге барған мамандарға 24 қызметтік баспана берілді.
Осылайша соңғы жылдары мемлекет педагог мәртебесін арттыруға бағытталған реформаларды күшейтті. Бірақ, аттестация тәртібіне сай санат көтеру үшін қосымша құжаттар талап ету – педагогке қосымша күрделі жүктеме түсіргені болмаса…
Өндірісті өлке үшін математиктер мен физиктердің тапшылығы – үлкен мәселе. Себебі, зауыт пен технология дамыған сайын дәл есепке, техникалық білімге сүйенетін маманға сұраныс артады. Бір кездері мыңдаған шәкірт тәрбиелеп, «Ғасыр адамы» атанып, әлемге танылған Темірғали Көкетаевтай ұстаздар шыққан өңірден енді сондай физиктер шыға ма?
Аяулым СОВЕТ
“Ortalyq Qazaqtan”



