АймақҚарағанды

Алюминий кластері құрылады

Облыста алюминийді терең өңдеуге негізделген жаңа өнеркәсіптік бағыт қалыптасып келеді. «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында іске асырылып жатқан ауқымды жоба тек радиатор шығарумен шектелмейді. Өңірде толық өндірістік циклге негізделген тұтас алюминий кластері құрылмақ. Жоба жүздеген жаңа жұмыс орнын ашып, ғылым мен өндірісті тоғыс­тырып, Қазақстандағы түсті металлургияның жаңа кезеңіне жол ашуды көздейді. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Өңір экономикасы үшін ма­ңыз­ды бастаманың өзегі – Silumin of Qazaqstan зауыты. Кәсіпорын алюминий және биметалл жылыту радиаторларын өндіруге маманданған. Мұнда алюминий сынықтарын қайта өңдеуден бастап, дайын өнім шығаруға дейінгі толық өндірістік цикл жолға қойылады.

Жоба аясында болашақта алюминий профильдері, кабельдер, тұрмыстық бұйымдар, ыдыс-аяқ және жарық техникасын өндіру жоспарланған. Бұл өңірде жоғары қосылған құны бар өнім өндірісін дамытуға мүмкіндік береді.

Кәсіпорында экологиялық қауіпсіздік мәселесіне де басымдық берілген. Өндірісте қолданылатын decoating технология­сы зиянды шығарындыларды азайтып, қайталама шикізатты тиімді пайдалануға жол ашады. Соның нәтижесінде қоршаған ортаға түсетін салмақ төмендеп, өндірістік қалдық көлемі қысқарады.

Зауыт технологиялары Италия мен Германияның салалық институттарының қатысуымен әзірленген. Бұл өндірістің халықаралық талаптарға сай тиімділігін және өнім сапасының жоғары деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған.

– Кәсіпорын ретінде біз шикізат базасын қалыптастырып жатырмыз. Алюминий сынықтарының түрлі түрлерін қайта өңдеу арқылы әртүрлі қорытпалар аламыз. Бұл бағыт елімізде әлі толық дамымағандықтан, ғылыми ұйымдар мен университеттерді тартып отырмыз. Қазақстанда шикізат пен энергетикалық ресурстар жеткілікті, ендігі міндет – технологиялық білімді күшейтіп, өнімнің қосылған құнын арттыру, – дейді Silumin of Qazaqstan зауытының жетекшісі Нұрсұлтан Жұмабек.

Кәсіпорында құрылыс жұмыстары толық аяқталған. Қазір жабдықтарды іске қосу және баптау кезеңі жүріп жатыр. Алғашқы сынамалық құю да сәтті жүзеге асырылған. Зауыттың жобалық қуаты жылына 5,5 миллион радиатор секциясын шығаруға есептелген.

Алюминий кластері өңірдің өндірістік әлеуеті мен Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ жанындағы «КарТех» жобасының негізінде дамытылуда. Жоғары оқу орны кәсіпорынның негізгі серіктестерінің біріне айналмақ.

– Біз өндіріс үшін технология­лық шешімдерді әзірлеп, өнімнің механикалық қасиеттерін зерттейміз. Сонымен қатар шетелдік технологияларды жергілікті жағдайға бейімдеу және шикізат базасын талдау жұмыстарымен айналысамыз. Болашақта өнім сапасын арттыруға бағытталған ғылыми ынтымақтастықты кеңейтеміз, – дейді университеттің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Әли Мехтиев.

Жоба аясында кадр даярлау мәселесіне де ерекше назар аударылып отыр. Қазірдің өзінде университет түлектері кәсіпорында еңбек етуде. Алдағы уақытта түсті металлургия саласына бейімделген жаңа мамандар даярлау бағыты күшейтілмек.

Алғашқы кезеңде кәсіпорында 250-ге дейін жұмыс орны ашылады. Кейін бұл көрсеткіш 750 адамға дейін ұлғаймақ. Сарапшылардың пікірінше, мұндай өндіріс­тердің іске қосылуы Қарағанды облысының индустрия­лық әлеуетін күшейтіп қана қоймай, елдегі алюминий өндірісінің жаңа экожүйесін қалыптастыруға негіз болады.

Өз тілшімізден

Басқа материалдар

Back to top button