Рухани бағдар
Көшеде құлаққап киіп, телефонына үңілген жасөспірім Нұркен Әбдіров даңғылымен асығып барады. Көзін көкке тіккен жас ұшқыш ескерткішінің жанынан күн сайын мыңдаған адам өте шығады. Біреу жұмысқа, біреу оқуға асығуда. Такси шақырғанда да «Нұркенге дейін», «Мамыраевқа барайық» деп жатамыз. Үйреншікті сөз тіркесі, күнделікті бағыт, смартфон навигаторындағы нүкте ғана… Ал, дәл сол мезетте тас тұғырдағы батырлар бізге үнсіз қарап тұрғандай.

Қаланың да адам секілді өз жады бар. Бірақ, ол тарихты тек тас ескерткіштердің үнсіз тұғырында, көше атаулары мен мектеп маңдайшаларында сақтауға мәжбүр. Нұркен Әбдіров даңғылы, Мартбек Мамыраев атындағы әскери-техникалық мектеп, Қазыбек Нұржанов атындағы гимназия, Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп. Жалаң мекенжай емес, ұрпаққа қалдырылған ұлы аманат.
Архив парақтарын ақтарсақ, көз алдыңа тізілген сандар келеді. Қан майданда 25 583 жерлесіміз қаза тапты. 9 399 адам із-түссіз жоғалды. Олардың сүйегі қай топырақта қалғаны, соңғы демі қай окопта үзілгені беймәлім. Тоғыз мыңнан астам отбасы үміт пен күдіктің ортасында өмір сүрді.
Дегенмен, бұл топырақ қайтпас қайсар тұлғаларды да тұғырға қондырды. Кеудесін оққа тосқан 33 жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атанды, ал, 9 азамат «Даңқ» орденінің толық иегері болды.
Олар Мәскеу мен Ленинградты қорғады, Сталинградтың отына жанбады, Курск доғасында сынбады, Батыс Еуропаны азат етті. Сол 33 батырдың бірі – отқа оранған ұшағын жау танкілеріне бағыттаған жиырма жастағы Нұркен Әбдіров. Сырласуға үлгермеген, сүйіп үлгермеген, бірақ, Отанын қорғап үлгерген жас ғұмыр. Немесе жаудың пулемет нүктесін кеудесімен жапқан Қазыбек Нұржанов. Олардың әрқайсысының соңында жазылмай қалған хаттар мен орындалмаған армандар жатыр. Сондықтан, олардың есімі берілген көшелерді рухтың, ерліктің, тіпті, керек десеңіз, бүгінгі бейбіт күннің бағасы өлшенетін қасиетті мекен деп танысақ игі.
Қаһармандардың есімін ұлықтау тек аста-төк жиынмен, бір күндік науқанмен немесе жылтыраған ескерткіш тақтамен шектелмеуі тиіс. Нағыз тағзым – сол қайтпас рухты бүгінгі жастардың бойына сіңіру. Осы тұрғыда Қарағандыдағы Мартбек Мамыраев атындағы әскери-техникалық мектептің жұмысы көпке үлгі. 1982 жылдан бері батырдың есімін еншілеген бұл оқу орны – жай ғана қабырға емес, мінез бен тәртіптің, отаншылдықтың ұстаханасы.
Жақында ғана осы сөзіміздің айқын дәлелі ретінде ерекше іс-шара өтті. «Qarmet» АҚ қолдауымен ұйымдастырылған эстафетаға М.Мамыраев атындағы мектеп-интернат оқушылары, курсанттар мен кәсіби марафоншылар қатысып, батырдың туған ауылы – Ақжолға дейін жүгіріп өтті.
– Батырдың есімін мектептің иеленуі – зор жүк әрі жауапкершілік. Сондықтан, бұл есім – біздегі тәрбиенің күретамыры. Жақында Ақжол ауылына дейін ұйымдастырылған эстафетада жас буыннан ескерткішке тағзым еткен сәтте олардың жанарынан басқа ұшқынды көрдік. Тарихты жаттап қана қоймай, оны өз теріңмен, өз табандылығыңмен сезінгенге не жетсін?! Біздің басты мақсатымыз да осы – жалаң сөзбен емес, нақты іспен отаншыл ұрпақ тәрбиелеу, – дейді әскери-техникалық мектептің тәрбиешісі Жанна Серікқызы.
Ал, Бауыржан Момышұлы, Қазыбек Нұржанов, Талғат Бигелдинов сынды алыптардың есімін алған басқа да білім ошақтары ше? Бұл мектептерде құрғақ өмірбаян жаттатылмай, қайсарлық пен азаматтық ұстаным қалыптасуы шарт.
Тарихшы мұғалім Балқан Сағатовтың айтуынша, батырлар есімін ұлықтау үшін қазіргі қала кеңістігіне жаңаша танымдық құралдар қажет.
– Бүгінгі бала ақпаратты кітаптан ғана емес, ең алдымен, көз алдындағы ортадан, телефоннан, қысқа әрі нақты визуалды деректен қабылдайды. Сондықтан, батырлар аты берілген көшелердің бойында қысқаша анықтама, архивтік сурет, QR-код болса, оның әсері әлдеқайда жоғары болар еді. Мысалы, оқушы Нұркен Әбдіров даңғылымен жүріп бара жатып, телефон арқылы батырдың өмір жолын, ерлігін, фотосуреттерін көре алса, бұл – тірі тарих. Сол сияқты мектептер мен ескерткіштерді біріктіретін «Ерлік маршруты» жасалса, патриоттық тәрбие бір күндік шара емес, жүйелі жұмысқа айналар еді, – дейді ол.
Оның пікірінше, мұндай бастама тек мереке қарсаңында ғана қолға алынбай, жыл бойы жалғасатын танымдық бағытқа айналуы тиіс. Әр нысанның жанындағы қысқаша мәлімет, архивтік сурет немесе QR-код көше атауын жай мекенжай емес, шағын тарихи сабаққа айналдырар еді. Смартфоннан көз алмайтын бүгінгі ұрпақ үшін бұл – өткенді бүгінгі тілмен түсіндірудің тиімді жолы.
Тағы бір маңызды ұсыныс – оқушыларға арналған арнайы «Ерлік маршрутын» жасау. Батырлар есімі берілген мектептер, колледждер, көшелер мен ескерткіштер бір бағытқа біріктірілсе, жас буын қаланың өз ішінен-ақ үлкен тарихты тани алар еді. Бұл жыл бойы жалғасатын тәрбие жұмысына ұласар еді. Өйткені, ерлік тарихы тек музей сөресінде сақталатын жәдігер емес. Ерлік – жас ұрпақтың санасында өмір сүруі тиіс рухани бағдар.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»



