Бас тақырып

Жеңісті жақындатқан Қарағанды

Адамзат тарихындағы ең алапат кезеңдердің бірі Екінші дүниежүзілік соғыс миллиондаған адамның тағдырын өзгертіп, халықтарға орасан қайғы әкелді. Сұрапыл соғыс жылдары елін, жерін қорғаған батырлардың ерлігі мен тылдағы халықтың жанқияр еңбегі тарих бетінде мәңгі қалды. Биыл Ұлы Жеңіске 81 жыл. Бұл – бейбіт өмірдің бағасын түсіндіріп, ерлікке тағзым ететін ерекше күн.

Коллажды жасаған Арайлым Көктаева

Соғыс басталған сәттен бастап, Қазақстан халқы майдан мен тылда жұмыла еңбек етті. Республикадан 1 миллион 200 мыңнан астам адам әскер қатарына шақырылды. Солардың қатарында Қарағанды өңірінің азаматтары да болды. Қарағанды облысынан 60 мыңнан астам адам майданға аттанып, олардың 25 мыңы туған жеріне қайта оралмады. Әрбір санның артында үзілген тағдыр, ананың көз жасы мен сағынышқа толы жылдар тұрды.

Қарағанды соғыс жылдары елдің негізгі өндірістік тіректерінің біріне айналды. Әсіресе, Қарағанды көмір бассейні майдан үшін стратегиялық маңызға ие болды. Шахталарда тәулік бойы жұмыс тоқтамады. Ер азаматтардың көбі соғысқа кеткендіктен, ауыр еңбек әйелдер мен жасөспірімдердің иығына түсті. Олар қиындық пен аштыққа қарамастан, майданды көмірмен үздіксіз қамтамасыз ету үшін жан аямай еңбек етті. Соғыс жылдары өңірде көмір өндіру көлемі айтарлықтай артып, майдан қажеттілігінің маңызды бөлігін өтеді. Бұл – тылдағы еңбеккерлердің Жеңіске қосқан үнсіз ерлігі еді.

Соғыс кезінде Қарағанды облысына Кеңес Одағының батыс өңірлерінен көптеген зауыттар мен өндіріс орындары эвакуацияланды. Қысқа мерзім ішінде жаңа кәсіпорындар іске қосылып, әскери техникаға қажетті бөлшектер, металл өнімдері мен тұрмыстық заттар шығарыла бастады. Өңір госпитальдарға айналып, жараланған сарбаздарды қабылдады. Сонымен қатар, Қазақстанға 500 мыңнан астам эвакуацияланған адам көшірілсе, олардың мыңдағаны Қарағанды жерінен пана тапты. Бұл қазақ халқының кеңпейілдігі мен адамгершілігін танытқан тарихи кезең болды. Қарағандыда жасақталған 77-артиллериялық полк майдан даласында ерекше ерлік көрсетті.

Полк жауынгерлері Сталинград шайқасы сияқты шешуші ұрыстарға қатысып, жауынгерлік жолын Братиславаға дейін жеткізді. Бұл полктің тарихы – қарағандылық сарбаздардың батылдығы мен Отан алдындағы адалдығының айқын дәлелі.

Мәскеу түбіндегі шайқаста ерлік көрсеткен атақты 316-атқыштар дивизиясы құрамында көптеген қазақстандықтармен бірге қарағандылық жауынгерлер де болды. Олар жауға қарсы табанды күрес жүргізіп, панфиловшылар ерлігінің бір бөлігіне айналды. Кейін дивизия Иван Панфилов есімімен аталып, панфиловшылардың ерлігі әлемге танылды. Олар елін қорғаудың, қайсар рухтың символына айналды. Қарағанды облысынан шыққан көптеген жауынгерлер майданда ерен ерлік көрсетті.

Өңірден 34 жауынгер Кеңес Одағының Батырлары атанса, 13 адам «Даңқ» орденінің толық кавалері болды. Мыңдаған қарағандылық орден-медальдармен марапатталды. Олардың қатарында Нұркен Әбдіров сынды батырлардың есімі ел жадында мәңгі сақталды. Ол өртенген ұшағын жау техникасына бағыттап, қаһармандықпен қаза тапты. Бұл ерлік – Отан үшін жанын қиюдың биік үлгісі.

Соғыс жылдарындағы ауыртпалық балалар тағдырына да әсер етті. Көптеген жасөспірім мектеп партасынан бірден еңбек майданына араласты. Олар егіс алқаптарында жұмыс істеп, зауыттарда үлкендердің орнын басты. Соғыс ұрлаған балалық шақ – тарихтың ең қасіретті беттерінің бірі. Бүгінде Жеңіс күні қарсаңында батырларды еске алу шаралары ұйымдастырылып, ескерткіштерге гүл шоқтары қойылады. Бұл – өткенге тағзым ғана емес, кейінгі ұрпаққа тағылым беру. Өйткені, тарихын құрметтеген елдің рухы әрқашан биік болады.

Соғыс жылдары Қарағанды өңіріндегі мәдениет қайраткерлері мен өнер адамдары да майдан рухын көтеруге белсенді атсалыс­ты. Театр әртістері мен концерттік бригадалар госпитальдарда және өндіріс орындарында өнер көрсетіп, сарбаздар мен еңбеккерлерге рухани қолдау білдірді. Газет редакциялары мен радиохабарлар халықты бірлікке, төзімділікке шақырып отырды. Сол кезеңдегі патриоттық өлеңдер мен мақалалар елдің рухын көтеріп, Жеңіске деген сенімді нығайтты.

Соғыс аяқталғаннан кейін Қарағандыға оралған жауынгерлер елді қалпына келтіру жұмыстарына белсене араласты. Майданнан аман келген азаматтар шахталарда, зауыттарда еңбек етіп, өңірдің дамуына үлес қосты. Алайда, соғыстың жарасы халық жадында ұзақ сақталды. Майданнан оралмаған боздақтардың есімі ескерткіштерге қашалып, олардың ерлігі ұрпаққа өнеге болып қалды. Бүгінде Қарағанды облысындағы көптеген көшелер мен білім ошақтарына батырлардың есімі берілуі – сол ерлікке деген құрметтің белгісі.
Қазіргі бейбіт өмір – сол бір сұрапыл жылдары жанын қиған батырлардың аманаты. Ерлік ешқашан ұмытылмайды. Батырлардың есімі ел жадында мәңгі сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса береді. Өйткені ерлік – елге мұра, ал, сол мұраны сақтау – бүгінгі ұрпақтың қасиетті борышы.

Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button