Қарқаралы ауданының делегациясы Түркістан облысының Сарыағаш қаласында өткен «Жаңа қоныс – 2026» жәрмеңкесіне қатысып қайтты.

«Жұмыс күшінің мобильділігін арттыру үшін ерікті түрде қоныс аударуға жәрдемдесу» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Жаңа қоныс – 2026» жәрмеңкесі – еліміздің дамуына серпін беретін маңызды бастамалар санатында. Сарыағаш қаласының Мәдениет үйінде өткен конференцияда елдің орталығы мен солтүстігіндегі алты облысынан барған делегациялардың өкілдері баяндама жасады. Одан кейін үш күн бойы өткен ауқымды шаралар барысында өз өңірлерінің еңбек күшін қабылдау мүмкіндіктерімен жан-жақты таныстырды. Жәрмеңкенің негізгі мақсаты осы – халық тығыз орналасқан өңірлердің тұрғындарын жұмыс күші тапшы аймақтарға тарту, ерікті түрде қоныс аударуға ынталандыру, азаматтардың тұрақты жұмыспен қамтылуына жағдай жасау және өңірлер арасындағы теңгерімді дамытуды қамтамасыз ету. Сонымен қатар, бұл бастама халықтың өмір сүру сапасын арттырып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға бағытталған.
Қарқаралының өкілдері – аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Айдын Жұмажанұлы Қасымов, Жаңатоған, Абай, Балқантау, Тәттімбет ауылдық округтарының әкімдері Қарағанды облысы делегациясы құрамындағы арнайы топ болып, оңтүстіктегі ағайындарға мұндағы жұмыс орындары, көшіп келетін азаматтарды әлеуметтік қолдау шаралары, тұрғын үймен қамту мүмкіндіктері туралы кеңінен мағлұмат берді.
Жалпы, бұл тың бастама осыдан үш ғасыр бұрын Қаздауысты Қазыбек бастап, оңтүстіктен Сарыарқаға қоныс аударған көштің жалғасы десек те болады. Ақын Олжас Сүлейменов айтқандай, қазақ арбасының дөңгелегі ғаламға жарық пен жылу берген Күн мен тіршіліктің талбесігі Жер үлгісінде жасалған.
Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



