«Жұлдыз» жаққан жұлдыздар
Алты құрлық пен алты Алашты әбігерге салған пандемия кезінде тоқтап қалып, арада бірер жыл үзіліс болғаны болмаса, «Жұлдыз» эстрадалық ән орындаушылар конкурсы алғаш басталған сәттен-ақ жанды дауыста ән шырқайтын жас таланттардың ел көлеміндегі елеулі додасына айналғаны анық. Осы орайда жылдан-жылға қанаты кеңге жайылып, Қарағандының өз қолтаңбасымен, Арқа жұртының қошемет-қолпаштауымен талай жас таланттарға жұлдызды жол ашып келе жатқан «Жұлдыз» жобасының авторы және ұйымдастырушысы ретінде бірқатар ойларымды ортаға салсам деймін.

Қарағандыда ежелден дәстүрлі ән мектебі жақсы дамыған ғой, мысалы, Қазақстанда 40-50 дәстүрлі әнші болса, соның 25-і – Қарағандыда. Эстрадалық ән орындаушыларының өзгеше бір конкурсын өткізу туралы алғаш біз әнші Гүлмира Серікқызы, мен және Ержан Найманбаев, Айдос деген азамат «Неге бізде эстрада әншілерінің еш конкурсы жоқ, өзіміз қолға алып, ұйымдастырып көрмейміз бе?» деп ойға келдік. Содан біз ойластыра келе, сол кездегі облыстық мәдениет басқармасының басшысы Рымбала Омарбековаға келіп, ұсыныс айттық.
«Апай, осылай да-осылай, Қарағандыда келесі жылға дайындалып, эстрада әншілерінің бір конкурсын өткізсек» дедік. Сонда апайдың айтқаны «Неге келесі жылы? Дайын болсаңдар биыл өткізіп жіберейік, ережесін, шарттарын, талаптарын дайындап алып келіңдер» деді. «Ұрыста тұрыс жоқ» деп, бастама мен идеямыз қолдау тапқан соң бірден іске кірісіп кеттік. Бұл 2008 жыл болатын.
Бірден республикалық конкурс болатындай етіп, апайдың өзі министрлікке барып, Ережесін бекітіп алып келді. «Жұлдыз» деп атын қойдық. Қазылар алқасында кімдер болуы керек, төрағасы кім болуы керек деген мәселеге біраз ойландық. Әрі-бері ойластыра келе, ҚР еңбек сіңірген артисі, Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының эстрада-вокал кафедрасының меңгерушісі Люция Төлешева апайға бірауыздан тоқталдық. Содан тоғыз жыл қатарынан Люция Қажығалиқызы біздің конкурстың айнымас төрағасы болды. Өкінішке қарай, пандемия кезінде ол кісі өмірден өтіп кетті. Жаны жәннатта болсын дейміз енді.
Бұл конкурстың орны да, рөлі де ерекше. Олай дейтініміз, біздің конкурс басталған кезде Қазақстанда біраз конкурстар болатын және олар дүрілдеп өтіп те жататын. Солардың арасында «Жұлдыз» конкурсы бірден ерекшеленіп шықты. «Жас қанат», «Шабыт», кейбір облыс орталықтарында басқа да үлкен-үлкен байқаулар өтетін. Бірақ «Жұлдызда» Люция Төлешеваның қазылар алқасында төраға болып отырғанының өзі конкурстың маңызын да, деңгейін де арттыратын. Әр жылдары «Жұлдыз» конкурсының қазылар алқасының қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі әнші Сәкен Майғазиев, «Астана жұлдызы» ұлттық сыйлығының лауреаты, әнші Маржан Арапбаева және тағы да басқа танымал өнер жұлдыздары жас дарындардың өнерін бағалап, әділ бағасын беріп отырды.
Біздің еліміздегі халықаралық «Шабыт» фестивалі мен «Жұлдыз» республикалық конкурсының арасында он күн немесе екі аптадай ғана уақыт айырмашылығы болатын. Тіпті, кейбір жылдары, «Шабытта» бас жүлде, бірінші орын алғандар, біздің конкурстан дипломант та бола алмай қалатын жағдайлар болған. Конкурс алғашқы басталған жылдан-ақ өте әділ және кәсіби деңгейде өтетін бағыт алды да, сол биіктен ешқашан төмендеген жоқ. Талап қатал болды, мұнда жай ғана дәстүрлі эстрада емес, джаз, рок бағытындағы таза эстрада керек болды. Ал, ол дегеніңіз өте қиын, әншілердің бірден мұндай бағыттарды игеріп алып кетуінің өзі табиғи дауысқа қоса, талмас еңбек пен білім-білікті қажет етеді. Біздің конкурстан ұтқандардың көбі кейіннен шетелдерге барып, талай халықаралық додаларда жүлделі орындар алып келіп жүрді. Демек, «Жұлдыз» конкурсы олар үшін тәжірибе алу, шыңдалу мектебі болғанының белгісі. Бастысы Қазақстанды сыртқы елдерде таныту үшін жастарды тәрбиелеу деген ойымыздың жүзеге асқаны болды. Себебі біздің «Жұлдыздың» жеңімпаздарының көбісі шетелдердің басты байқауларының жүлделерін қанжығаларына байлай бастады. Мысалы, Әділхан Макин «Жұлдыз» байқауына қатысқанға дейін ешқандай бәйгеге қатыспаған, еш жерде жүлде алмаған әнші, «Жұлдыз-2018» конкурсында Бас жүлдені алғаннан кейін халықаралық «Славян базары» байқауына барып, Гран приді еншілеп келді.
Ербол Тәжібаев деген азамат өзіміздің қарағандылық, бірақ, «Жұлдыз-2016» конкурсына Алматының атынан қатысып, бас жүлдені жеңіп алған соң Батырхан Шүкенов атындағы халықаралық бәйгеде бас жүлдені, одан кейін Лос Анжелесте эстрада әншілерінің байқауында бас жүлдені тағы да жеңіп алды. Алмагүл деген қызымыз біздің конкурстан кейін «Славян базарында» бірінші орын алды, Бексұлтан Кенішқалиев, Бердібек Құлқараев деген ақтаулық әнші бар, міне осылардың бәрі «Жұлдыздан» шыққан жұлдыздар. Өйткені, «Жұлдыз» конкурсының репертуары айрықша талғаммен жасалатын, олардың шетелге шығуларына көп көмек болды. Люция Қажығалиқызы «әу демейтін қазақ жоқ, екінің бірі ән айтады» деп, дәстүрлі эстраданы мүлде өткізбейтін, таза қазіргі эстрадада әлемге шыға алатын, деңгейі бар жастарды тәрбиелеу керек деп талап қоятын.
Қарағандыдан Арайлым Жүкенова тағы екі азаматпен бірге трио болып қатысып, «Жұлдыздың» алғашқы жылдардағы бір конкурсының бас жүлдесін жеңіп алған. Сондай-ақ, Еркебұлан Еріков те «Жұлдыз» конкурсы лауреаттарының бірі.
Көптеген конкурстарда, мысалы Ескендір Хасанғалиев атындағы болса, тек сол композитордың әндерін, Кеңес Дүйсекеев болса, тек соның әндерін немесе Шәмшінің әндері деген шектеулер қойып тастайды. Ал, біз еркіндік береміз. Алдымен қазақша ән. Оны өзі таңдайды. «Халық әні ме, халық композиторының әні ме, бүгінгі әннен бе? Еркі біледі» дейміз. Әлемдік хитті де өзі таңдайды. Оның жанры, тілі де таңдауында.
Бірінші ән не себепті қазақ тіліндегі ән болуы керек? Мұнда біз әншінің қазақ тілін бұрмаламай, «ң» мен «қ», «ғ» дыбыстарын анық айтуы сияқты әшейінде байқала бермейтін жайттарға, қазақы әріптердің дұрыс айтылуына айрықша мән береміз. Демек, ән сөзінің қазақы табиғаты бұзылмауына, ән сөзінде екпінді алдыңғы буын емес, соңғы буынға түсіріп айту тәрізді тіліміздің әуезділігі сақталып, мөлдір бұлақтай төгіліп тұрғанын талап етеміз.
«Жұлдыз» республикалық эстрадалық ән орындаушылары байқауының негізгі талаптарының бірі конкурсқа қатысуға ниет білдіріп, өтініш берген талапкерлерді онлайн іріктеуден өткіземіз.
Жоғарыда айтқанымдай, «Жұлдыз» республикалық байқауына қатысушыларға ән таңдауға қатысты шектеу қойылмайды. Іріктеуден кейінгі екінші турда міндетті түрде қазақ әні болуы керек. Ол халық әні, қазіргі не кешегі өткен замандағы композиторлардың әндері де болуы мүмкін. Екінші әнге әлемдік хит әндерден таңдайды, кез келген шет тіліндегі ән қабылданады.
Биылғы XI «Жұлдыз-2026» республикалық эстрадалық ән орындаушылар конкурсына Астана мен Алматы, Шымкент қалаларынан бастап, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Жетісу, Түркістан, Атырау, Маңғыстау, Ұлытау, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарынан әдеттегідей барлығы 100-ге таяу өтініш қабылданып, 20 үміткер іріктелген болатын. Бір конкурсантымыз ауырып қалғандықтан келе алмады. Сонымен, барлығы 19 үміткер қатысты.
Жан-жақты іріктеуден өтіп, биылғы «Славян базарына» Қазақстан атынан барып қатысатын мықты әншінің «Жүлдызда» жолы болмай қалды. Оған бірнеше себеп болды, бір жағы ауырып, тамағына суық тиіп қалды. Бір сөзбен айтқанда, Қарағандыда бағы жанбады. Мен бұл қызымыздың «Славян базарында» жеңіске жетуіне шын жүректен тілектеспін, солай боларына сенемін де. Өйткені, ол әбден шыңдалған, сахна мәдениетін меңгерген, талай байқауларда жеңіске жетіп, биіктен көрінген, былайша айтқанда шын талант.
Әншілердің кейбірі бәйге аттары сияқты репетицияда барлық қырын, мүмкіндігін жайып салып көрсете бермейді. Мен өзім ат баптап, бәйгеге қосып жүрген жан болғандықтан, бәйге аттарының осындай құпия-сырларын жақсы білемін. Міне, әншілердің де кейбірі дайындық кезінде, алдын ала іріктеу барысында бірден керемет болып көзге түспей, әншілік, орындаушылық қабілетін ашпай, қарапайым болып көрінуі мүмкін. Осы конкурста сондай жайтқа куә болдық. Дайындықта асқан даусымен, орындаушылық мәнерімен таң қалдыра қоймаған үміткер конкурста кәдімгі арқасы бар бәйге аттарындай топтан оза шауып, үздік келді. Сөйтіп, біз мүлде жеңімпаз болады деп ойламаған, шырайлы Шымкент қаласынан келген Фариза Беймаханбет деген қыз бала Гран приді ұтып алды. «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» деген осы болса керек.
Ал, бірінші орын алған астаналық азамат Айдар Жазықбаев алғашқы айтқан «Құсни-Қорлан» әнімен көп ұпай алып кетті. Шынын айту керек, көптеген жақсы әншілер қазақша ән айтудан сүрінеді. Ал, шетелдік хит әндер айтуға келгенде бәрі шабады.
Екінші орынды алматылық Камила Талғатова иеленсе, үшінші орын Жетісу облысынан келген өнерпаз Ақжол Серікхановқа бұйырды.Тағы бір үшінші орынды өзіміздің Қарағанды облысынан Аяла Мұқышева алса, Люция Төлешева атындағы арнайы жүлде Солтүстік Қазақстан облысының өкілі Бүркіт Жанайға берілді.
Биыл негізі 18-ші республикалық конкурс болуы керек еді, пандемияда конкурс өтпей қалды да, бірер жыл үзіліс болды. Бір үзіліп қалған соң қайта орнына келтіру қиын ғой, бюджетін қарастыруымыз керек. Басқарма басшылары ауысып жатады, ол кезде де конкурстың мәні мен мағынасын дәлелдеп, мұндай конкурстың керек екеніне жаңа басшылықтың көзін жеткізуің қажет болады.
Аллаға шүкір, биыл облыс әкімдігі мен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ғалымжан Өтелбайұлы қолдап, қаражат бөлініп, «Жұлдыз-2026» республикалық конкурсын дүркіретіп өткіздік. Жеңімпаздарға берілген жүлде қоры да қомақты болды. Конкурс қатысушыларын бір күн бұрын күтіп алып, қонақ үйлерге жайғастырған соң олардың бір-бірімен танысып, достық рәуіште араласуына бар жағдай жасап, мейрамханада күтеміз. Қаладағы мәдени-рухани орындарды аралатып, аймақтың тарихы мен дәстүр-салтынан сусындатып алған соң ертесіне доданы бастап кетеміз. Жастар жанашырлық, қамқорлық деген қасиеттерді сезініп, киелі сахнаға қанаттанып шығады.
«Жұлдыз» эстрадалық әншілер конкурсының деңгейі жылдан-жылға өсіп келеді, оның ел ішіндегі таланттарды танытатын кәсіби өнер алаңына айналып отыр. «Жұлдыздан» шыққан жұлдыздар шоғырының шабыты шалқып, даңқы арта берері сөзсіз. Сол жолдағы біздің мақсатты жұмысымыз да жалғаса береді. XII «Жұлдыз-2027» республикалық конкурсында төрт көзіміз түгел, амандықта кездескенше, ардақты ағайын!
Саят ӘБДІҒАЛИ,
әнші-композитор,
«Жұлдыз» республикалық конкурсы жобасының авторы



