Бұқар жырауЖаңалықтар

Үштөбеде асық ату мен тоғызқұмалақтан республикалық турнир өтті

Бұқар жырау ауданының Үштөбе тірек мектебінде 2 мамырда мұғалімдер мен техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері оқытушылары арасында асық ату мен тоғызқұмалақтан республикалық турнир өтіп, ол осы мектептің алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімі, классикалық күрестен спорт шеберлігінен үміткер Орақ Айғожиннің 65 жасқа толған мерейтойы құрметіне арналды.

Суреттер автордан

Ел көлеміндегі бұл үлкен доданың ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде республикалық “Спорт жұлдыздары” журналының бас редакторы, Қазақ туризм және спорт академиясының құрметті профессоры Мұсағали Тасқалиев:

-Ақтөбе қаласында 19 жылдан бері екі айда бір рет шығып келе жатқан біздің жекеменшік басылым қызметкерлері мақала жазып қана қоймай, кейінгі он жылда спорттың түр-түрі бойынша, соның ішінде қазақтың ұлттық спортынан сан жарыстарды ұйымдастырып келеді. Бұл жолы ардагер ұстаз Орақ Айғожиннің мерейтойына орай өткізіліп отырған додада ер мен әйел мұғалімдер қазақтың алтыатар, бес асық және тоғызқұмалақ ойындарында бәсекеге түсіп, күш сынасады. Сайыс қорытындысында жеңімпаздарымыз біз дайындап әкелген және Бұқар жырау аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің медальдары және дипломдарымен марапатталады,- деді.

Мұсағали Тасқалиев өткен жолы Шымкент қаласында асық атудан ел чемпионы атанған бұқаржыраулық ардагер ұстаз, Ауған соғысының жауынгері Еркін Үмітбаевқа Адай батыры Ер Қосай медалін табыс етті.
Үштөбеде өткен турнирге қатысушылар негізінен Қызылорда және Түркістан облысы, Астана және Павлодар, Қарағанды қалалары мен аудандарынан келіп, 20 жастан 60 және одан да жоғары жасқа дейін топ-топқа бөлініп, өзара айқасты. Тартысты өткен ойындар барысында анықталған жеңімпаздарға жоғарыдағы тиісті марапаттар беріліп, лайықты құрмет көрсетілді. Атап айтқанда, тоғызқұмалақ ойнауда өз топтарында ерлерден Айбол Сатыбалдин, Мұрат Дәулетбай, Қали Рүстемов, ал әйелдерден Айгүл Сүлейменова жеңіс тұғырына көтерілсе, бес асық ойнын әйел мұғалімдер ғана ойнап, әр жас топтарында бірінші орын Назгүл Жандулина, Төлеген Тунгалаг, Әсем Мұқанова, Гүлнара Әлиеваға бұйырды.
Келесі шеңбер ішінде тізілген асықты көздеп атқан алтыатар ойнына отызға тарта ер мұғалім балақ түріп, білек сыбана кірісіп, жас мөлшерлеріне қарай Бақытжан Тілеуғабылов, Мұқағали Жаманбаев, Айдын Тұрсынбаев, Қамбар Кейкенов, Ербол Елешов, Нағашыбек Ақбаев жеңімпаз атанды.


Сондай-ақ марапаттау сәтінде аталған журналдың бас редакторы Мұсағали Тасқалиев өз редакциясы алқасының шешімімен бұқаржыраулық кәсіпкер Ардақ Жүнісовке “Ұлттық спорттың жанашыры”, жоғарыдағы Еркін Үмітбаев және тағы да бірнеше адамға “Дене шынықтыру мен спортты дамытуға қосқан үлесі үшін” медальдарын, ал Бұқар жырау аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Олег Цыганков та өз тарапынан жүлдегерлерге тиісті марапаттарын табыс етіп, екінші, үшінші орын алғандар да құр қалмады.
Бүгін турнир жалғасып, ұстаздар винтовка ату мен автоматты бөлшектеп, жинау жарысында бақ сынасып жатыр.

Ержан ИМАШ
Бұқар жырау ауданы

Басқа материалдар

Back to top button