Жаңғырту жұмыстары жалғасады
Өткен аптаның соңында, Қазақстан Республикасы Мәжілісінің депутаты, «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» жөніндегі Ұлттық жобаның жетекшісі Дүйсенбай Тұрғанов облысымыздағы осы жобаның негізгі нысандарын аралап көріп, Қоғамдық кеңестің алғашқы отырысын өткізді.

Өздеріңізге белгілі, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылдың 2 қыркүйегіндегі «Әділетті Қазақстан:заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында инфрақұрылымдық проблемаларды басымдық ретінде атап өтіп, Үкіметке жыл соңына дейін «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» жөніндегі Ұлттық жобаны бекітуді тапсырған. Соның нәтижесінде 2024 жылғы 25 желтоқсанда Үкіметіміздің қаулысымен аталған жоба бекітіліп, соның ішінде біздің өңірімізде бірнеше ірі пилоттық жоба жүзеге асырыла бастады. Олар инженерлік желілердің тозуын төмендетуге, жылумен жабдықтау сапасын арттыруға және халықты сумен тұрақты қамтамасыз етуге бағытталған еді.
Дүйсенбай Нұрбайұлы бастаған Қоғамдық кеңес мүшелері және белгілі қоғам қайраткері, еңбегі сіңген энергетик Петр Своик бұл жолғы сапарында әуелі Теміртау қаласындағы жобалық екі нысан басында болып, оларды мұнда атқарылған жұмыстар барысымен Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімов таныстырды.
Мәселен, 3-жылу магистралінің жобалық-сметалық құны 6,2 миллиард болатын 8,27 шақырымының ескірген құбырларының қазірге дейін 6,86 шақырымы жаңартылып, қала тұрғындарын жылумен жабдықтау сапасы артқан. Қалған шақырымдардың құбырларын ауыстыру жыл соңына дейін аяқталатынын мәлімдеді қала әкімі.
Теміртаудағы екінші нысан 2А-жылу магистралінің 3,64 шақырым құбырлары толығымен жаңғыртылған екен. Құны 1,9 миллиард болатын бұл жобаны орындау жұмысында заманауи оқшау материалдар қолданылған.
Келесі кезекте Қоғамдық кеңес мүшелері Қарағанды қаласына бет түзеп, ондағы жобалық тағы екі нысанға ат басын тіреді. Мұның бірі су тазарту құрылыстары болса, олардың 80 пайыз тозығы жетіп, апаттар тұрақты түрде тіркеліп отырғандықтан қазіргі кезде жабдықтар мен желілерді жаңартып, су тазарту блоктарын реконструкциялаудың 15,3 миллиард теңгелік жұмыстары жүргізілуде. Стратегиялық маңызы бар бұл нысан Қарағанды мен Теміртау қалаларын және Ақтас кентін сумен қамтамасыз етеді.
Ал, ендігі төртінші нысан – 2-жылу магистраліндегі құны 10,6 миллиард теңгенің жұмыстарын тындыру 2025-2027 жылдарға жоспарланса, оның желілері кезең-кезеңмен ауыстырылып, өткен жылдың өзінде мұнда жаңадан 800 метр құбыр төселген. Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Кожуховтың айтуынша, бұл екі нысандағы шаруалардың барлығы белгіленген мерзімінде тәмамдалмақ. Бірақ кейбір құбырлар орталық саябақ арқылы өтетіндіктен оларды жер бетіне төсеу кезінде қаншама ағаштардың қырқылып, жойылатыны алаңдатпай қоймайды. Соны болдырмас үшін қала әкімдігі жоба авторларымен және бас мердігермен келіссөздер жүргізуде.
Теміртауда да шетелдік тот баспайтын құбырлардың орнына өзіміздің қара темір құбырларын төсеу мәселесі туындаған. Оны да жоғарыдағыдай рәсім арқылы шешу қажеттігі сезіледі.
Бірақ, соған қарамастан, Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов облысымызда осынау Ұлттық жобаның жүзеге асырылу жайына көңілі толғанын Қоғамдық кеңестің көшпелі отырысында да айтып, онда коммуналдық қызмет тарифтері туралы да сөз қозғады. Ол жөнінде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Анар Байтүкенова мәлімдегендей, биылғы 1 сәуірден бастап Қазақстанда коммуналдық қызмет тарифтерін көтеруге енгізілген мораторий аяқталады. Енді тарифтер қайта қаралуы мүмкін. Табиғи монополияларды реттеу комитеті бағаның күрт өсуі болмайтынына сендіріп отыр. Өзгерістер инфрақұрылымның жай-күйі мен коммуналдық кәсіпорындардың өтінімдеріне байланысты кезең-кезеңімен жүргізілмек. Негізгі міндет – желілердің тозуын азайту және апаттардың алдын алу. Сонымен қатар, электр энергиясының тарифі өзгеріссіз қалып, 2025 жылғы деңгейде сақталады. Энергетика министрлігі де отын тапшылығы жоқтығын және бағаның күнделікті бақылауда екенін атап өтуде. Мораторий өткен жылдың қазан айынан бастап дағдарысқа қарсы шара ретінде қолданылған болатын. Енді билік коммуналдық саланы жаңғырту қажеттілігі мен халыққа түсетін қаржылық жүктеме арасындағы тепе-теңдікті сақтауға тырысуда. Кеңесте облыс қалалары мен аудан әкімдерінің осыларды ескеруі тиістігі де айтылып, жоғарыдағы Ұлттық жобаны жүзеге асырудың алдағы шаралары да талқыланып, белгіленді.
Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Қарағанды-Теміртау-Қарағанды



