«Орталықтың» даңқ галереясы

Андрей Емельянович ДУДАРЕНКО

Гвардия майоры, Бірінші Украин майданы 3-ші гвардиялық миномет дивизиясының 15 гвардиялық миномет бригадасындағы командирдің сап жөніндегі орынбасары. 1945 жылы қаза болғаннан кейін Совет Одағының Батыры атағы берілген.
Андрей Емельянович Дударенко 1912 жылы Қарағандыда туды. 22 жасында Қызыл Армия қатарына шақырылғаннан кейін, бүкіл өмірі Отан қорғауға арналды. Саптағы офицер ретінде ол соғыстың басынан 1945 жылғы қаңтарда оққа ұшқанға дейін бар ауыртпалықты бастан кешірді.
Жалпыға мәлім фашист командованиесі өздерінің ақтық өкше тірейтін жері Одер өзені бойындағы бекініс деп санап, жан таласа тырмысты. Жау әскері осы жерге шоғырланды. 1945 жылдың қаңтарында біздің бөлімдер өзенді бетке алып ұрыс салды. Әсіресе, Оппельм деген жерде қатты қантөгіс болды. Осындай аса қиын жағдайда командир орынбасары Дударенко үлкен ерлік пен тапқырлық көрсетті. Ол жауынгер топтарын бірімен-бірін байланыстырып, шабуылды үйлестіріп отырды.
Қантардың 26-ында Дударенко соңғы рет өзеннің сол жағалауындағы өз бригадасы әскерлерін аралап шықты. Ер- теңінде майор Дударенко мінген автомашина өткелге таяп қалғанда алдынан фашист барлаушылары шыға келді. Жау оны қолға түсірмекке ұмтылды. Машинадан қарғып жыраға түскен Дударенко жау әскерлерімен атыса отырып, өзінің көмекшісі арқылы әскери қағаздарды жөнелтіп жіберді. Осы кезде оған жаудың бірнеше оғы қатар қадалды. Одердегі ұрыстарда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін СССР Жоғарғы Советінің Президиумы коммунист Андрей Емельянович Дударенкоға қаза болғаннан кейін Совет Одағының Батыры атағын берді. Батыр жерлесіміз Ленин, екі Қызыл Ту, екі Отан соғысы ордендерімен және медальдарымен наградталды. A.Е.Дударенко Польшадағы Тарновске-Гуры қаласының маңында жерленген. Димитров қаласындағы № 19 мектептің және «Красноармейскуголь» бірлестігінің қабырғасына Батырдың есімі жазылған ескерткіш тақта орнатылған.
Иван Михайлович КОЛОДИЙ

Ефрейтор, Қызыл Тулы Сева 69-атқыштар дивизиясының 118 артиллерия полкінің радио телеграфисі, 1943 жылы Совет Одағының Батыры атағын алған.
Иван Михайлович Колодий 1912 жылы Нұра ауданындағы Киевка ауылында шаруа отбасында дүниеге келді. Өсе келе Өзбекстанға қоныс аударды. Ауылда ұста болды, ересектерге арналған мектепте сауатын ашты. Сөйтіп жүргенде соғыс басталып, майданға аттанған Иван Колодий 69-атқыштар дивизиясының 118 артиллерия полкі құрамында радио телеграфист болды.
Қазан айының ортасында біздің әскерлер Днепр өзенінен жаппай өте бастады. Бұл қимылға тосқауыл жасауға өршеленген жау өзінің қыруар күшін шоғырландырып, жан таласа соғысты.
1943 жылғы қазан айының 15-де Чернигов облысының Радуль деген мекен тұсынан Колодий бастаған жаяу әскерлер жау оғы нөсеріне төтеп беріп, Днепрден арғы қабаққа өтті. Жағаға сәл қалғанда қайыққа снаряд түсіп, жаралы жауынгер арқасындағы рациясымен суға кетті.
Жанға батқан жараға қарамастан бар күшін жиып Иван Михайлович жағаға жүзіп шықты да, жандәрмен радиостанциясын іске қосты. Шеберлік танытып, өзіміздің атқыштар жағымен байланысты, оларға нысана нұсқап, дәл көздеп атуына жәрдемдесті. Алайда жау да қарап жатқан жоқ. Радистің жатқан орның байқап қалып, оқ төкті. Байланысшының жан-жағында жарылып жатқан снарядтарда есеп болған жоқ. Сол қалың оқтың арасымен жылжып отырып, Колодий байланысын үзген жоқ. Оның тапқырлығы арқасында жау зеңбіректерінің 16 ошағы бірінен соң бірі талқандалып, үні өшті.
Сол кезде біздің солдаттар да өзеннен жүзіп өте бастады. Олардың көбінің аман қалуына қаһарман байланысшының себі тиді. Осы айқаста шабуылшы отрядтар қарсы жақтың жиырма шабуылына тойтарыс берді. Әрі байланысын үз- бей, әрі жауға оқ атуын тоқтатпаған коммунист Колодийдің ерлігі ерекше танылды. Сол үшін қазанның отызында оған Совет Одағының Батыры, Алтын жұлдызы берілді. Жауынгер сонымен бірге Ленин орденімен, медальдармен наградталды.
ortalyq.kz



