Үш ақын-жазушы шығармашылығына арналған әдеби кеш
Ғабиден Мұстафин кентінің көпшілік кітапханасында «Қалам мен жүрек үндестігі» тақырыбында өткен әдеби кеш биыл туғанына 80 жыл толатын Шөмішбай Сариев пен 90 жыл болатын Қабдеш Жұмаділов және Күләш Ахметованың 80 жылдығына арналды.

Қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар бұл ақын-жазушылардың әдеби кешіне кенттегі Токаревка тірек мектебінің 9-10 сынып оқушылары қатысып, олардың шығармашылығымен жан-жақты танысты.

Кітапханашылар оқушыларды аталған қаламгерлердің өмір жолы мен әдеби мұрасынан хабардар етіп, олардың ұлттық руханиятқа қосқан үлесін айрықша атап өтті. Сондай-ақ олардың поэзиялық және прозалық туындыларынан үзінділерді мәнерлеп оқып, олардың өлеңдеріне жазылған әндер тыңдалды. Мәселен, Шөмішбай Сариевтің сөзіне жазылған «Айналдым сенен, атамекен-ай» әні Қазақстанның халық артисі Роза Рымбаеваның орындауында интерактивті тақтадан ұсынылды.
Сонымен қатар «Өлеңді жалғастыр» атты интерактивті ойын ұйымдастырылып, оқушыларға оның алғашқы жолдарын әрі қарай айту тапсырылып, тақырыпқа сай кітап көрмесі көрсетіліп, ондағы әдеби туындыларға шолу жасалды.
Ержан ИМАШ
Бұқар жырау ауданы
Суреттер ұйымдастырушылардан



