АймақАқтоғай

Ақтоғай ауданында “Дипломмен ауылға” жобасы аясында 483 маман жұмыспен қамтылды

Қазақстанда ауылдық аумақтарды дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында өңірлерді дамыту, кадр тапшылығын жою және жастарды ауылға тарту мәселесіне айрықша назар аударып келеді. Президент тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бүгінде өз тиімділігін дәлелдеп отырған маңызды жобалардың бірі. Мамандардың мәлімдеуінше, Ақтоғай ауданында жоба іске асқалы бері 483 маман жұмыспен қамтылған. Олардың 62.9 пайызы білім беру, 17.2 пайызы денсаулық сақтау,қалған бөлігі өзге салаларда еңбек етуде.

Сурет автордан

Аталған бағдарлама аясында ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге барған жас мамандарға мемлекет тарапынан жан-жақты әлеуметтік қолдау көрсетілген. Атап айтқанда, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, әлеуметтік қамсыздандыру және агроөнеркәсіптік кешен салаларының мамандары көтерме жәрдемақы алған. Тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін жеңілдетілген бюджеттік кредитке қол жеткізген. Бағдарламаның басты мақсаты орындалып, ауылдағы кадр тапшылығы азайған.

Ақтоғай ауданының экономика және қаржыбөлімінің басшысы Перизат Мейрамбекқызының айтуынша, бағдарлама аясында 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде көтерме жәрдемақы төленсе, тұрғын үй алу үшін аудан орталықтарында 2500 АЕК, ал ауылдық округтерде 2000 АЕК көлемінде 15 жыл мерзімге небары 1 пайызбен бюджеттік кредит берілген. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап 1 АЕК мөлшері  4325 теңгені құрады. Осыған сәйкес мамандарға берілетін қолдау көлемі де артып отыр. Жалпы алғанда, осы уақытқа дейін қатысушыларға 97,1 млн теңгеден астам жәрдемақы төленіп, тұрғын үй сатып алуға 798,8 млн теңгеден аса қаржы бағытталған.

Бұл ақпараттар мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған нақты қолдаудың барлығын айқындап отыр. Бағдарламаның тиімділігі тек құрғақ статистикамен шектелмейді. Бүгінде осы бастаманың игілігін көрген жандардың қатары артып отыр. Бағдарлама шарапатын көрген жастардың бірі – Ая Мағауова. Жас маман Ая Мұхтарқызы 2024 жылдың қыркүйек айында Қарағанды облысы Ақтоғай ауданына қарасты Еңбек ауылына «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында арнайы келіп, Жақып Ақбай атындағы мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын жалғастыруда. Бұған дейін Балқаш қаласында қызмет еткен жас маман туған жерге ту тігуді жөн санап, ауылға оралу туралы саналы шешім қабылдаған. Мемлекет ұсынған әлеуметтік қолдаудың, соның ішінде көтерме жәрдемақының көмегімен жаңа ортаға тез бейімделіп, бүгінде шәкірт тәрбиелеу ісіне белсене араласып отыр.

– Ауылға келу – мен үшін үлкен жауапкершілік. Бұл жерде тек ұстаз болып қана қоймай, ауылдың дамуына өз үлесімді қосқым келеді. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау бізге үлкен серпін береді, – дейді жас маман. Бүгінде ол тек өз пәнінің мұғалімі ғана емес, ауыл жастарына бағыт-бағдар беретін тәлімгерге айналып келеді.

Айта кетейік, бүгінде  бағдарлама аясында 246 маман тұрғын үй алу үшін жеңілдетілген несиеге қол жеткізген. Бұл ауылда тұрақтап қалуға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Бағдарламаға қатысушылар үш жыл бойы ауылдық елді мекенде жұмыс істеуге міндеттеме алады. Келісім шарт талаптары орындалмаған жағдайда, берілген әлеуметтік қолдау қаражаты толық көлемде мемлекетке қайтарылады. Құжаттарды рәсімдеу «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы немесе электрондық үкімет порталы негізінде жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, жас мамандардың кәсіби деңгейін арттыру мақсатында түрлі семинарлар мен оқыту курстары ұйымдастырылып келеді.

Нұрдос КӘРІМ
«Ortalyq Qazaqstan»

Ақтоғай ауданы

Басқа материалдар

Back to top button