Ұлт рухының самғауы
Адамзат баласы ежелден көкке көз тігіп, жұлдыздардың сырын ұғуға ұмтылды. Шексіз аспан ғасырлар бойы белгісіздік пен арманның, тазалық пен биіктіктің нышаны болып келді. Кеше ғана ғарышқа жету адам қиялының ең асқақ шыңы, қол жетпес ертегісі саналса, бүгінде ол – адамзат игерген құбылыс. Осы бір ұлы кеңістікпен қай-қайсымыздың да балалық шағымыздағы ең таза арманымыз ұштасып жатыр. Ауыл ауласында немесе қаланың көпқабатты үйінің шатырында тұрып, сансыз жымыңдаған жұлдыздарға қарағанда қиялымызға қанат бітетін. «Кім боласың?» дегенге «Ғарышкермін!» деп көкірек кере жауап қату – сол заманның жазылмаған заңы еді. Жұлдыздар бізге тым жақын әрі жұмбағы мол тылсым әлемдей көрінетін.

Биылғы Ғарышкерлер күнінің қазақ жұртшылығы үшін жөні де, жосығы да, салмағы да айрықша. Өйткені, биыл – барша қазақ баласының көкірегіндегі сол аяулы арманды ақиқатқа айналдырған тұңғыш ғарышкеріміз, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіровтің сексеннің сеңгіріне шығып отырған мерейлі жылы! Оған қоса, ұлтымыздың бақ-жұлдызын жағып, қазақ ұлының ғарыш көгіне алғаш самғағанына биыл – тура 35 жыл.
1991 жылдың 2 қазаны… Бұл күн – тәуелсіздік таңы жаңадан атып келе жатқан тұста бүкіл Алаш баласының рухын асқақтатып, төбесін көкке жеткізген тарихи сәт ретінде шежіреге алтын әріппен жазылды. Тоқтар ағамыз ғарыш кемесімен қоса, ғасырлар бойы аттың жалында, түйенің қомында еркін өскен дала перзенттерінің рухын жұлдыздар биігіне алып шықты. Батырдың өзі: «Мені ғарышқа ұшырған – ұлттық намыс», – деп тектен-тек айтқан жоқ. Совет Одағының соңғы, қазақ елінің тұңғыш ғарышкері ретіндегі бұл сапар ұлтымыздың еңсесін тіктеді. Бүгінде 80 жасқа толып отырған батыр ағамыздың сол бір ерлігі уақыт өткен сайын биіктей беретін, ұрпақтан-ұрпаққа аңыз болып жететін теңдессіз құбылыс. Оның есімі ғарышпен егіз ұғымға айналды.
Дегенмен, уақыт көші алға жылжыған сайын біздің ғарышқа деген көзқарасымыз да, танымымыз да түбегейлі өзгергені хақ. Кеше ғана санаулы алып мемлекеттердің ғана қолы жететін, тек таңдаулылар мен аса мықтылар ғана аттанатын мистикалық мекен қазір жерге айтарлықтай жақындады. Бұрынғыдай қол жетпес арман болып көрінген ғарыш кеңістігі бүгінде күнделікті тіршілігіміздің бір бөлшегіне, коммерциялық алаңға айналды. Илон Масктың жерге қайта қонатын зымырандары, ғарыш туризмінің қарқын алуы, тіпті, Орбитаға ұшып барып-қайту кәдімгі ұшақпен саяхаттағандай қалыпты дүниеге айналуға шақ қалған дәуірде ғұмыр кешіп жүрміз. Ғарыш енді жұмбақ тылсым емес. Зерттелген, игерілген, адамзат игілігіне қызмет етіп жатқан алып жұмыс алаңы іспетті.
Осы тұста адамзаттың аңсар-назарының қалай күрт бұрылғанына қайран қалмасқа шараң жоқ. Цифрлық технологиялар көз ілеспес жылдамдықпен дамыды. Бұрын біз басымызды көтеріп, көк аспанға, жұлдыздарға қарап қиялдайтынбыз. Ал, қазір ше? Қазір біз басымызды иіп, қолымыздағы жарқыраған смартфон экрандарына, виртуалды әлемге үңілеміз. Біздің жаңа ғарышымыз – интернет кеңістігі, жасанды зерде, мета-әлемдер мен толассыз ақпарат ағыны. Адамзат физикалық кеңістікті бағындырудан гөрі, цифрлық шексіздікті игеруге көбірек құштар болып кеткендей.
Десе де, осы жерде үлкен бір қайшылық, әрі тамаша заңдылық жатыр. Біздің экранға үңіліп, цифрлық әлемнің қызығына батуымыздың өзі сол ғарыштың арқасы. Төбемізде айналып жүрген мыңдаған жерсеріктер болмаса, қолымыздағы құдіретті технологиялардың жартысы істен шығар еді. Жер-жаһанды байланыстырып отырған интернет те, бағыт-бағдар беретін GPS-те сол ғарыштық инфрақұрылымның жемісі. Яғни, біз жұлдыздарға қарауды сиретсек те, жұлдыздар бізге қызмет етуін тоқтатқан жоқ. Технология қанша шарықтап дамыса да, ол ғарышсыз өмір сүре алмайды.
Уақыт ғарыш кемесіндей зымырап барады. Алайда, жұлдыздар биігіне бағытталған адамзаттың асқақ арманы мен ұлт рухының самғауы ешқашан толастамақ емес. Бүгінгі Ғарышкерлер күні – осы бір ұлы сабақтастықты түсінетін күн. Тоқтар Әубәкіров сынды батырлар салған даңғыл жолдың бүгінгі цифрлық дәуірдегі бейбіт өмірімізге қалай іргетас болғанын ұғынатын сәт. Заман құбылып, технологиялар қанша түлесе де, көк аспанның құдіреті мен жұлдыздардың жарқыраған сәулесі адамзатты әлі талай ұлы істерге шабыттандыра беретіні сөзсіз. Сексеннің сеңгіріне шыққан дала қыранына зор денсаулық тілей отырып, ізінен ерген жас ұрпақтың да арманы асқақ, қиялы ұшқыр болса екен деп тілек қосамыз.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»



