Бас тақырыпОблыс әкімі

Қарағанды облысында коммуналдық қызметтердің құны арзандайды

Төтенше жағдай жариялануына  байланысты Қарағанды облысында коммуналдық қызметтердің құны 5%-ға арзандайды. Жеңілдік карантин аяқталғанша жалғаспақ. Бұл туралы селекторлық режимде өткен аппарат кеңесінде айтылды. 

– Коммуналдық қызмет тарифтерін 5%-ға төмендету бойынша келісім бар. Бұл – облыс тұрғындары үшін электр, жылумен, сумен қамту және ауыз су қызметтері. Аталмыш мәселені ерекше бақылауда ұстаңыздар. Тарифтер 1 сәуірден бастап карантин аяқталғанға дейін төмендетіледі, – деді аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек.

Сонымен қатар, сұйытылған мұнай газының құны арзандап, 73 теңгені құрайды. 

Қазіргі таңда Қарағанды, Теміртау, Саран, Абай және Шахтинск қалаларындағы коммуналдық кәсіпорындардың барлық абоненттік бөлімдері жабылды. Қызмет ақысын интернет-қосымшалар немесе терминалдар арқылы төлеуге болады. Сонымен қатар, карантин режимі аяқталғанша төлемеуге де рұқсат беріледі. Бұл үшін қосымша төлем немесе айыппұл есептелмейді.

Айта кету керек, өңірде жылыту маусымы аяқталуға жақын. Қаражал және Приозерск қалаларында қазірдің өзінде жылу беру тоқтатылды. Қалған қалалар мен аудандарда жылу кесте бойынша берілуде. Өңір бойынша барлық елді мекендерде жылыту жүйесі бірінші мамырда жұмысын тоқтатады.

Жалпы жылыту маусымы штаттық режимде өтуде. Сәуір айының басында облыстың энергия көздерінде жөндеу науқаны басталды.

Басқа материалдар

Back to top button