Көпен келіп кетті
Бұрын «Көпен келе жатыр» деуші едік. Бұл жолы Көпен ағаның келіп кеткенін айтқалы отырмыз.
…Сатира – жауынгер жанр. Сол сатира сарбаздарының қатарында әріптесіміз Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ да бар. Көзіқарақты оқырман есімін де, сатирик екенін де жақсы біледі. Өйткені, газет бетінде «Қарағанды қақпанын» құрып жүр. Сейсенбі күні әріптесіміздің «Мырс-мырс» атты сатиралық жинағының тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты. «Ortalyq Qazaqstan» газетінің 90 жылдық тойындағы игі істердің бірі – «Ortalyq Qazaqstan» кітапханасы» сериясы. Міне, «Мағауия СЕМБАЙ атындағы журналистерді қолдау қоры» қоғамдық қорының демеушілігімен жарық көрген алғашқы қарлығаштың бірі осылай қанат қақты.
Кештің шымылдығы Сәкен театры әртістерінің қойылымымен түрілді. Сәкен саңлақтары «Мырс-мырс» кітабындағы «Икасай» әңгімесін әдемі сахналап берді. Кеш тағы да несімен ұтымды болды десеңіз, қазақ сатирасының бүгінгі генералы, күлкі корифейі Көпен Әмірбектің төрімізден табылуымен. Ақжарма тілегін жаудырып, әзіл-әңгімемен әспеттеп берді. Көпен ағамыз әңгіме ауанын шәкіртінің қалам қуатынан емес, азаматтығынан бастады.
– Менің қатты таң қалғаным, Әдебиет туған жиеніне бір бүйрегін жұлып берді. Донор болды. Осындай қадамға барған қасыңдағы азаматқа қалай бүйрегің бұрмайды? Хо-ош, шабындықтай шабылып, пішендей үйілген, көдедей көп күлкінің ішіндегі Әдебиеттің күлкісі қандай күлкі? Тағы да қайталайын – «мырс-мырс» күлкі. Кімге күледі? Нені келеке етіп, неменені келемеждейді? Тақырыбы тар емес. Бүгінгі бүтін қоғамның жегі құртына айналған жемқорлық пен парақорлық, аярлық пен ашкөздік, ұйымдасқан қылмыс пен ұйыққа батырған сыбайластық. Кей пенденің керенаулығын да кездікпен тілгендей «арам бездерін» алып тастайды. Арамдықтан арылтады. Күледі. Мырс-мырс күледі, – деді күлкі корифейі өзінің сөзінде. Сатираның бүгінгі абызынан осындай бата алудың өзі үлкен баға һәм бақыт қой. Кешке келген құрметті қонақ қатарында ұстазы, белгілі жазушы Кенжебай Ахмет аға да бар.
– Әдебиеттің шығармашылығы маған таңсық емес. Шәкіртім ретінде, әріптесім ретінде құрметім зор. Алғашқы «Қисық шеге» кітабымен де таныспыз. Сатираның көрнекті өкілі ретінде бағалаймыз. Жалпы, «Ortalyq Qazaqstan» газетінің ұжымына үлкен ризамыз. Осындай ілкімді істеріне ерекше қуанып отырамыз. «Мырс-мырстың» соңынан жалғасын тапсын дейміз, – деп тілеулестік танытты қаламгер ұстазы.
Айта кетейік, «Ortalyq Qazaqstan» кітапханасы» сериясы жобасының идея авторы басылымның бас редакторы Ерсін Мұсабек ағамыз.
– Тұсауы жаңа кесілген «Мырс-мырс» кітабы Арқа оқырманы үшін үлкен олжа. Мен Мағауия ағамыздың о дүниеде бауырларына осындай шапағатын тигізіп жатқанына толқып, тебіреніп тұрмын. Қор әрі қарайда жұмыс жасай береді. Жоспарлағанымыздай жылда бір ардагердің, бір қызметкердің кітабын шығарып отырамыз, – деді кітаптың жарық көруіне тікелей ұйытқы болған қор төрағасы Ерсін Кәрібайұлы.
Сонымен қатар, Арқа сатирасының майталманы Сүйіндік Жанысбай ақ тілегін арнады. AMANAT партиясының атқарушы хатшысы, Арқаның атымтай азаматы Бекзат Алтынбек жылы лебізін білдіріп, сыйлығын табыстады. Ал, Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана директоры Дина Базарбайқызы мәдениет басқармасы басшысының ықыласын жеткізді.
Әдебиет ағамыз – Шет өңірінің азаматы. Қаламгерлерін құрметтеп келген жерлестерінің де ықыласы ерекше болды. Шет ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Ақымжанов аудан әкімінің ықылас сәлемін жеткізді. Мәдениет бөлімінің басшысы Самат Ахмедия, Үңірек ауылының әкімі Бектас Танатбай кітаптың тұсаукесер тойымен құттықтап, шапан жауып, астына ат мінгізді.
Білетін шығарсыздар, Әдебиет Белгібайұлы – республикалық «Айқын» газетінің Қарағандыдағы меншікті тілшісі. Бұған дейін Елордада бірнеше басылымда жауапты қызметтер атқарып келді. Кеш өтеді дегенді естіп, Нұр-Сұлтан шәрінен де әріптестері ат арытып жетті. «Айқын» газетінің тілшісі Дәулетқали Асау, «Turkystan.kz» сайтының бас редакторы Еркеғали Бейсен қаламдас досына құрметтерін көрсетіп, жөн-жоралғыларын табыс етті.
Тұсаукесер кешке қазақтың аяулы әншісі Сейіл Аяған, дәстүрлі әннің дүлділі Бекжан Әкей әнмен әр берді. Кеш иесі де өз тарапынан қадірлі қонақтарға сән-салтанатымен жоралғысын табыстады. Сонымен қатар, Әдебиет ағамыздың мектептегі ұстаздары, сыныптастары, ағайын-туыстары да арнайы қатысты кешке.
– Баршаңызға алғыс білдіреміз. Сатира – деген өмір. Біз міндеттіміз, қоғамның бет-бейнесін айқын әрі ашық көрсетуге. Сол бағытта қалам тербеп жүрміз. Міне, «Мырс-мырс» кітабым жарық көріп отыр. Қуанышымда шек жоқ. Кітаптың жарық көруіне себепкер болған Ерсін Мұсабекке және кітабымның алғысөзін жазып беріп, кеш төрінен табылған Көпен ағаға, Астанадан ат арытып келген әріптестер мен «Орталық Қазақстан» газетіндегі әріптестерге шексіз ризашылығымды білдіремін, – деп кешті қорытындылады сықақшының өзі.
Иә, Әдебиет ағамыз күлкіге шекпен жапқан Көпен ағамыздың шекпенінен шықты. Яғни, сатираның өз баласы. Ал, «Мырс-мырс» Әдебиет Белгібайұлының баласы. Соңынан оқырманын «Қарқ-қарқ», «Сылқ-сылқ» күлдіретін тұздықты дүниелері ере келсін деген тілек білдіреміз.
Қасымхан ҒАЛЫМ.
Суретті түсірген Р.ҚАЛИ.