Руханият

Кеңейтілген отырыс кең көзқарас

Нұр-Сұлтан қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде «Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл: ғылыми-білім беру, қоғамдық-маңызды және әлеуметтік миссияны дамытудағы Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедралары» тақырыбында Қазақстан халқы Ассамблеясының кафедралары қауымдастығының кеңейтілген отырысы онлайн форматта өтті.

Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ж.Түймебаев, Парламенті Мәжілісінің вице-спикері В.Божко, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі М.Әзілханов, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ректоры Е.Сыдықов пен аталған оқу орнының ҚХА кафедрасы меңгерушісінің міндетін атқарушы Н.Калашникова, ҚХА аймақтық кафедраларының, колледждер мен жалпы білім беру мектептеріндегі бейбітшілік және келісім орталықтарының меңгерушілері, Ассамблея мүшелері, этномәдени және жастар бірлестіктерінің өкілдері қатысты.

ҚХА төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев өз сөзін аталмыш кездесуді ұйымдастыруға мұрындық болған Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Бәтташұлына алғысын білдіруден бастады.

– Бүгінде елімізде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін дамытудың жаңа кезеңі басталды. Бұл бағытта Қазақстан халқы Ассамблеясы мен оның құрылымдарының алдында ауқымды мақсаттар мен міндеттер тұр. Қоғамның бірлігі мен тұтастығын нығайтуға үлес қосу, жастарға патриоттық тәрбие беру және мемлекет жүргізіп отырған этносаясат рухында оқыту саласында ҚХА кафедралары қауымдастығының рөлі ерекше екенін атап өту қажет, – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Кеңейтілген отырыс барысында ҚХА кафедралары қауымдастығының есептік кезеңдегі қызметі және білім беру саласындағы даму бағыттары, қауымдастықтың ғылыми әлеуеті және қолданбалы жобаларды іске асыру мәселесі, ҚХА кафедрасының этномәдени бірлестіктермен өзара байланысы, ҚХА кафедрасының жастарды топтастырудағы рөлі талқыланды. Түрлі мазмұндағы баяндамалар оқылды. Атқарылған жұмыстардың нәтижелері мен алға қойылған жоспарлар ортаға салынды.

Сондай-ақ, жиында республиканың жоғары оқу орындарындағы ҚХА кафедралары мен ғылыми орталықтары жанынан құрылып, түрлі өңірлерімен иық тіресе, жемісті жұмыс істеп келе жатқан Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының жетістіктері де аталып өтілді.

Бес жыл бұрын аймағымызда бірқатар жоғары оқу орындарының жанынан ҚХА кафедралары құрылған болатын. Олардың негізгі мақсаты – мемлекеттің ұлттық саясатын жүзеге асыру, жоғары оқу орындарындағы студент жастарға патриоттық тәрбие беру.

Кеңейтілген жиынға осы кафедралардың оқытушылары мен ғалымдардың арнайы қатысып қайтқанын да атап өткен жөн.

Кафедра этносаралық қарым-қатынастардың және қоғамдық келісімнің негізгі мәселелерін ғылыми-теориялық тұрғыдан пайымдап, қазіргі заман талабына сай саралауды өз алдына міндет етіп қойған. Ең негізгілері мемлекеттің этносаясатын білім беру арқылы іске асыру, азаматтық келісім мен қазақстандық патриотизм тұрғысында жоғары оқу орындарының студенттерін тәрбиелеу, ұлттық бірлік пен этносаралық толеранттылықтың қазақстандық үлгісін зерттеудегі теориялық және әдістемелік негіздерін жасау, қазақстандық қоғамның шоғырлануындағы ҚХА рөлін насихаттау.

Бүгінде облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедралары Қарағанды облысының этномәдени бірлестіктерімен, Ғылыми-сараптама тобымен, республикадағы басқа да осындай кафедралармен тығыз байланыс орнатқан. Республикамызда 20-дан астам ҚХА кафедралары бар, мұндай форматтағы кафедралар ешбір елде жоқ.

Танымал тарихшылар мен сарапшылардан жасақталған кафедра оқытушылары арнайы әдіснамалар, ғылыми-сараптамалық зерттеулер, мониторинг пен әлеуметтік сауалнама әзірлейді. Олар сонымен қатар, облыстың қоғамдық, мәдени-саяси өміріне белсене араласып жүр.

Биылғы жылға облыстық ҚХА кафедраларының қызметіндегі басым міндеттерге әлемнің екінші ұстазы атанған әлФарабидің 1150 жылдығы, қазақтың бас ақыны Абайдың 175 жылдық мерейтойы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы, Жеңістің 75 жылдығы, ҚР Конституциясының 25 жылдығы, ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы сынды ірі атаулы даталар кіреді.

Жиын соңында бірқатар тапсырма беріліп, елімізде өмір сүріп жатқан түрлі этностар арасында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту бойынша ұсыныстар жасалды. Кеңейтілген отырыс осындай кең көлемдегі көзқарасқа толы болды.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button