Руханият

Ән-ғұмыр – мәңгі нұр

Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында «Өнермен өрнектелген өмір» жобасы аясында әнші, Халық әртісі Жамал ОМАРОВАНЫҢ туғанына 110 жыл толуына арналған «Халық әнінің қарлығашы» атты шара өткізілді.

Рухани әрі тағылымды кездесуге Ә.Молдағұлова атындағы спортқа бейімді, дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының 8 «ә» сынып оқушылары және Тәттімбет атындағы өнер колледжініңстуденттері қатысты.

Жалпы, Жамал Омарова туралы аз-кем айтар болсақ, ол кісі 1912 (1912-1976) жылы Ташкент қаласының түбіндегі Жаңажол ауданына қарасты, Қауыншы ауылында дүниеге келген. Бала кезден әнге құштар болғанымен әуелде «әнші болам» деген ой мүлде болмаса керек. Коллективтендіру кезінде қатты қуғындалып, асыраушысы репрессияға ұшыраған бұл отбасының балаларына білім алуға ешқандай мүмкіндік жоқ еді. Әйтсе де, талантты қыз мектеп қабырғасынан-ақ көзге түсе бастайды. Ол 1924 жылы Ташкент қаласындағы ағарту институтының жанындағы қазақ мектебінде, кейін 1929-1932 жылдары орман техникумында, содан соң Орта Азияның тау-кен институтында білім алған. Оқи жүріп, алқалы топ арасында ән салып, елді аузына қаратып, халық арасында «мақпал дауыс» атанған. Жамал Омарованың репертуары өзі туған жерінен алып келген халық композиторларының және халық әндерінің өңделген түрлерінен құралған. Бұлар елге кең жайылып, халық сүйіп тыңдайтын «Кәмила», «Бипыл», «Шынарай», «Ақбөпе», «Секіртпелі-сем-сем», «Ахау айым», «Абай гүлім-ай», «Ой көк» секілді әндер. Сондай-ақ, әнші репертуарының шұрайлы бөлігін оның дауысына арнайы жазылған Қазақстан композиторларының әндері құрады. Олар – Е.Брусиловскийдің атақты «Алтайы» мен «Гүлденген Қазақстан», Ш.Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным», Б.Байқадамовтың «Бөбегім», «Досыма» әндері.

Осы туралы біршама тарихтың басы шалынып, жас өрендер Жамал Омарованың репертуарындағы халық әндерімен кеңінен танысты. Сондай-ақ, оның әнді шырқау шеберлігі, әнге деген махаббаты ерекше аталды. Кездесу соңында оқушылар «Жәдігер» фильмін көріп, ой түйісіп тарқасты.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button